Төрт күн бе, әлде бес күн бе?
Төрт күн бе, әлде бес күн бе?

Әлемді «төрткүндік жұмыс» деген сөз кезіп жүр. Ол дегеніміз – аптасына отыз екі сағат жұмыс істеу. Бұл бүгін ғана басталған жоқ, Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысымен осыдан бес жыл бұрын жаппай етек алған болатын. Дегенмен біреулер бастады, артынан «күресінге» тастады. Жақында қайтадан «тірілді»...

Бұл ой қашан келді деген сұрақ туындайды. Оған жауапты «Дербес компьютерлердің пайда болуы жұ­мыс аптасын қысқартады, тіпті тех­но­логиялардың арқасында аптасына 20 сағат жұмыс істеу тәжірибесі ен­гізіледі. Болашақта жұмыс күші­н­ің 2% ғана адамдар болады. Авто­маттандыру адамның тауар өндіруші, қызмет көрсетуші ретінде жұмыс істеуін азайтады. Автоматтан­дыры­лудың артуынан миллиондаған адам­дар баяу тірлікке бейімделе бас­тайды», – деп жазған Time журна­лының 1965 жылғы сандарының бі­ріндегі мақаладан табамыз.

Осы жазба ықпал еткен болуы ке­рек Халықаралық еңбек ұйымы төрткүндік еңбек күні идеясын 2014 жылы әлемге паш етті. Олар сәр­сенбі немесе жұманы да «еңбек­тен тыс» күн ретінде қабылдауды ұсын­ды. Олардың айтуынша, әлем­дегі ең ауқатты магнаттар Ларри Пейдж бен Карлос Слим де жұмыс аптасын қысқартуға байланысты ұсыныс айтқан. Олар бұл бастаманы «егер төрткүндік жұмыс аптасын енгізетін болсақ, бір орынға екі жұ­мысшы алуға болады. Сол арқылы адам ресурсын үнемдер едік» деп тү­­сіндірген. Міне, осыдан барып са­­рап­­шылар өз зерттеулерінің нәти­жесінде әлемнің барлық елдерінен осы бас­таманы қолдауды сұрап жар салды.

Жер-жерде «игілікті іске кірісу» жөнінде үндеулер тарады. Ұлыбри­тания кәсіподақтары жұмыс аптасын қысқартуға шақырды. Жапония мен Германия және Жаңа Зеландияның бірқатар фирмасы үшкүндік жұмыс аптасы тәжірибесін енгізе бастады.

Дегенмен бәрі құптады деу ар­тық болар. Мысалы, бірнеше компа­нияның инвесторы, жазушы Джейми Уоллер: «Инвестор ретінде 100% өз жұ­мысына берілген, өз істерін жақ­сы көретін қызметкерлері бар ком­паниялармен жұмыс істегім келеді. Олар қосымша демалыс күнін емес, бес күн бойы өз жұмысын жақсы көріп, соны ғана ойлауы керек», – деп өз ойын білдірді.

Дегенмен бұл ұсынысты тәжі­рибеге енгізген мемлекеттер де жет­кілікті. Мысалы, Нидерланды халқы аптасына 29 сағаттай ғана жұмыс істейді, бұл уақыттың өзі аптасына төртке бөлінген. Дания, Норвегия, Швеция, Италия, Гамбияда да апта­сына төрт күннен артық жұмыс іс­те­мейтін қызмет орнын тауып алуға әбден болатыны айтылуда.

Қарекетке кірісіп кеткен кә­сіпо­рын басшыларының айтуынша, қыз­меткерлерінің қалған күндері кең­се­де өткізген уақыттарын тиімді пай­да­­ланып, жұмыс өнімділігі артқан-мыс.

Жаңазеландиялық Prospect Guardian компаниясы қызметкерлер аптасына бір рет қосымша демалыс алғанда күйзеліске ұшырамайтынын, жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансты сақтап тұра алатынын анық­тадық деп төрткүндікті енгізіп жі­берген. «Біздің компания жұмыс ор­нындағы тиімділікті арттыру ар­қылы жұмыс өнімділігін жоғары дең­гейге көтеруді көздейді. Бұл тәр­тіп кемшілік емес», – дейді компа­ния­ның негізін салушы Эндрю Барнс.

2016 жылы UBS швейцариялық банкі ең көп орташа жұмыс уақыты тіркелген қалалардың тізімін жария­лаған. Мәліметке көз салсақ, Гонконг тұрғындарының жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына – 50,1 сағат, Мум­бай – 43,7 сағат, Мехико – 43,5 сағат, Дели – 42,6 сағат және Бангкок тұрғындары 42,1 сағат жұмыс істейді екен. Ең қиыны Мексика тұрғын­да­рының жұмыс уақыты екен. Жы­лы­на 2225 сағат жұмыс істейтін мек­сикалықтарға төленетін еңбек дема­лысының уақыты – небәрі 10 күн.

Бұл ұсыныс Қазақстанды да шар­пып өтті. Сөзіміздін әлқиссасына көшсек елімізде аптасына төрткүн­дік жұмыс тәртібін енгізуді алғашқы болып банктердің бірі 2014 жылы қолға алды. Қаржы ұйымының бас­шы­лығының айтуынша, жұмыс тәр­тібін оңтайландыру тұтынушымен тікелей байланысатын мамандарға тиімді екен. Сол кезде банкте 900 мың­нан астам қызметкер болса, со­ның 15 пайызы жалақысы сақталып, төрткүндік жұмыс кестесіне ауыс­тырылған.

Арада бір жыл салып, 2015 жыл­дың 13 тамызы күні «Қазақстанда теміржол саласының жұмысшылары толық емес жұмыс аптасына ауы­сады», – деп Теміржолшылар кәсіпо­дағының төрағасы Оразғали Ахмет­баев қолдау білдіре кетті. Ол бұл ше­шімді: «Осыған байланысты біз­дің салада бүгінде қиын жағдай ту­ды, жүк айналымы азайды, тасымал­данатын жүк азайды, әрине, өз шы­ғы­нымызды қайта қарау қажет бол­ды, оның ішінде жұмысшы­лары­мыз­дың қажеттілігін де қарадық. Жұмыс орындарының қысқаруын болдыр­мау үшін кәсіподақ пен компания басшылығы бірнеше рет біріккен жиналыс өткізді және кеше ғана келісімге келдік. Енді 1 қыркүйектен бастап толық емес жұмыс аптасын енгізуді шештік, мақсатымыз – жұ­мыс орындарын қысқартпау. Бұл ре­жимді осы жылдың соңына дейін жал­ғасады деп болжап отырмыз», – деп түсіндірді. Сонымен қатар ол то­лық емес жұмыс аптасы режимінің ауысыммен жұмыс істейтіндерге қатысы жоқ болатынын айтты.


Дегенмен 28 тамызда айтқан сөздерін қайтып алған ҚТЖ, төрт­күндік жұмыс аптасына өту туралы шешімді қажетсіз деп тапты. Олар «Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк­тің жаңа ақша-несиелік сая­са­тының енгізілуіне орай, теңгенің еркін айналымға шығарылуына байланысты компания толық емес жұмыс күніне көшуді қажетсіз деп шешім қабылдады. Бұл шешім отан­дық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қабілеттілігінің өсе­тініне және алдағы уақытта экспорт көлемінің, транзиттік тасымалдың болжамды өсуіне байланысты қа­былданып отыр», – деп ақталды.

Елімізде бұл істі қолдаушылар да болды. Атап өтсек, «Нидерландыда адамдар 30,5 сағат жұмыс істесе, Фин­ляндияда – 33 сағат, Ирландияда – 35,3, ал АҚШ-та – 34,5 сағат. Менің­ше, бір аптадағы жұмыс уақытын 35 сағатқа қысқарту біздің экономи­камызға кері әсерін тигізбейді, ке­рісінше, біздің ұйымдар мен кәсіпо­рындар уақытылы демалған қызмет­керлеріміздің арқасында өз жұмыс­та­рын жақсы атқарады», – деген та­нымал құқық қорғаушы Жангелді Сү­лейменов күнді емес күнделікті жұ­мыс сағатын қысқартуды жөн көрді.

Ал дәрігер, академик Жақсылық Дос­қалиев: «Адам демалған кезде, бі­ріншіден, миын тынықтырады. Іс­теріне байыппен қарап, ақылға са­лынады. Осының нәтижесінде, ты­ныққан жұмысшы инновацияға ұм­тылып, жаңашылдықтарды жүзе­ге асыруға тырысар еді. Бұл өз кезе­гінде адамның өмір жасын ұзарта түсуге де керек», – деген пікірде.

Бүгінгі таңда көршіміз Ресейде де төрткүндік жұмыс аптасын енгізу ұсынысы қызу талқыға түсіп жатыр. Ұсынысқа қатысты сауалнама жүргізген Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының мәлі­метінше, тұрғындардың жартысына жуығы – 48 пайызы бескүндік жұ­мыс күні қала бергенін қалайды екен. Себебі олар жұмыс аптасы қыс­қарса, онда жалақы азаяды деп ой­лайды.

«Ресейде кәсіпорындар төрткүн­дік немесе үшкүндік жұмыс апта­сына шарасыздықтан көшуде. Бұл қаржылық қиындықтарға байла­нысты болады және қызметкерлердің еңбекақысын айтарлықтай қысқар­туға әкеп соғады. РТКФ еңбек және демалыс уақытын оңтайландыру құ­ралы ретінде жұмыс аптасын қысқарту туралы идеяны қолдайды, бірақ бұрынғы жалақы мөлшері міндетті түрде сақталуы тиіс. Біз бұл мәселені ресейлік әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияда қарастыруды ұсынамыз», – деп мәлімдеді РТКФ аппа­ратының әлеуметтік-еңбек қа­тынастары және әлеуметтік әріп­тес­тік департаменті басшысының орынбасары Елена Косаковская.

Бұл бастаманы Ресей Феде­ра­циясының премьер-министрі Дмит­рий Медведев Халықаралық еңбек конференциясында мау­сым айында сөйлеген сөзінде: «Бола­шақ – төрт­күн­дік жұмыс аптасы» деп мәлімдеу арқылы қолдаған болатын.

«Табысты болуға үздіксіз тал­пыныс қалжырау мен созылмалы стреске әкеледі, – деді Мед­ведев. – Адамдар кейде жұмыста тау­сылып бітеді. Осының барлығы еңбек өнімділігінің төмендеуіне әке­леді, бұл өз кезегінде экономикалық көр­сеткіштерге әсер етеді». Ресейдің Ең­бек министрлігі бұл идеяны тал­дап, артықшылығы мен кемшілігін анықтап, осы айдың отызында нақты шешімін айтпақ.

Қайтадан көтеріліп жатқан төрт­күндік еңбек аптасын Қазақстанда енгізу жөнінде вице-премьер Берді­бек Сапарбаев: «Мұндай жүйе Қа­зақ­стан үшін қолайлы емес. Менің ойым­ша, бұл бізге сай келмейді. Біз­ге эконо­миканы дамыту қажет, жұ­мыс қолы қажет. Қазірдің өзінде жұмыс күші жетіспейді», – деп кесіп айтты.


ТҮЙІН

«Бір күнде тұрған не бар?» немесе «Мынау жаңа идея, де­малыс күніміз ұлғаяды» деген­дер тұрғанда, сонымен бірге әлем­де тал­қыланып жатса, бізге бұл жоба тағы да талай айналып келе­рі сөзсіз. Қа­лай ойлайсыз, төрт­күн­дік еңбек апта­сы бізге керек пе?


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ