Конституция – мемлекеттік тіл өміршеңдігінің кепілі
Конституция – мемлекеттік тіл өміршеңдігінің кепілі
267
оқылды
Бұл – бодандық бұғауынан бо­са­ған ел өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға. Содан бергі 25 жыл уақыт аралығында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі бүгінгі таңда өзектілігін жойған жоқ. Оған дәлел – Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2019 жыл­ғы 31 желтоқсандағы №1045 қау­лысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында белгіленген маңызды міндеттер. Шайсұлтан Шаяхметов атын­­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми орталығы осы бағыттағы ас­қаралы міндетті іске асыруда елеулі іс атқарып келеді. Әсіресе, қазақ терминологиясы және ономастикасы бағытында атқарып отырған қызметі ерекше. Оның ішінде Қазақстан Үкіметінің жанындағы Республикалық тер­минологиялық және ономас­тикалық комиссиялардың жұ­мыстарын, қазақ тілі әліпбиін ла­тын графикасына көшіру жөнін­дегі Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, тер­минологиялық, сараптама-тех­нологиялық жұмыс топтарының жұмысын үйлестіру шаралары бар. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде ғылым тілін дамытудың орны ерекше десек, осыған орай терминологиялық дерекқорды же­тілдіру ісі аса маңызды. Осы мақ­сат жолында 2017-2019 жыл­дары бекітілген терминдер сөз­дігінің электрондық жинағы «Тіл-Қазына» орталығында әзір­леніп, электрондық нұсқасы www.termincom.kz сайтында ор­наластырылған. Мазмұны жағынан ескірген ономастикалық атауларды өзгерту, географиялық объектілерге та­рихи атау беру – ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы. Қазақ ономастикасы саласында орталық атқарып отырған қызмет ұшан-теңіз. Тарихи диахрондық әдіс арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу қағидасы бойынша жұ­мыс қолға алынды. Бұл бағыт республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатын көздейді. Биыл сала мамандары мен ономаст ғалымдардан құралған жұмыс тобы Солтүстік Қазақ­стан, Қарағанды облыстары бойынша астионимдерінің өз­геру динамикасы, өңірлердің то­по­нимдерінің этимологиясы, то­понимдерінің диахрониясы бо­йынша жинақтаған зерттеу нәти­желерін ғылыми-практикалық жинақ ретінде жарияламақ. Бұл ал­дағы уақытта Қазақстанның 3D картасын жасауға қажетті дәлелді ғылыми материал болмақ. Ата заңымызда атап көрсетіл­гендей, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өрісін кеңейту – қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіну, Конституцияны құрметтеу, оны ұлық­таудың басты белгісі болып қала бермек. «Тіл-Қазына» орталығының қа­зақ тілін дамытудағы бір ғана тер­минология мен ономастика ба­ғытындағы қызметтері – ана тіліміз­дің беделі мен оның бәсекелестікке қабылеттілігін арттыруға жасалған қарышты қадам. Ғалымдар мен мамандар бұл бағыттағы ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарын жалғастыра беретін болады.  

Ардақ СҰЛТАН