Шаруаның тасы өрге домалап тұр
Шаруаның тасы өрге домалап тұр
179
оқылды
Герман Николаевичтің ай­туын­ша, киелі Ескелді жерінде Нам әулетінің төртінші ұрпағы еңбек етіп келеді. Қазір көкөністер өсіп жатқан егістіктерде кезін­де оның аталары мен әке-ше­шесі  еңбек етсе,  қазір оның балалары мен немерелері жұмыс істейді. «Ауыл шаруашылығы саласында қалтқысыз еңбек ету тағдырымызға жазылған», – дейді шаруақор азамат. Герман Нам 1964 жылы Ескелді ауданының орталығы  Қарабұлақ кентінде дүниеге келген. Крас­ноярск ауылшаруашылық инсти­тутын «агроном» маман­дығы бо­йынша бітіргеннен кейін ту­ған жерге оралып, колхозда ең­бек жолын бастайды. Кеңес Ода­ғының күйреу кезеңі, пост­кеңестік кезең, тәуелсіз Қазақ­станның аг­ро­өнеркәсіптік ке­шенінің қа­лыптасуы мен алға басуы сияқ­ты ауыл шаруашылығы са­ласының барлық даму кезең­дерін елмен бірге басынан өт­керді. Жан-жақты мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлердің күш-жігерінің арқасында Жетісу жерінің аграрлық аймақ ретінде жанданғанының басы-қасында жүрді.  Жеке шаруа қожалығын 2002 жылы құрды. Қазір фермердің бірнеше жүздеген гектар егістік алқабы бар. Алайда алғашқы жылы дақылдар 37 гектарға ғана себілген еді. «Алғашқы жылы біз қант қы­зыл­шасын, картоп пен пиязды сеуіп көрдік. Ол уақыттағы  жағдай мәз емес еді. Бізде жерден басқа ештеңе болған жоқ. Қазіргідей жоғары сапалы тұқымдар, герби­цидтер мен тыңайтқыштар табыл­майтын. Техниканың бәрі ескі. Тракторлар, комбайндар сатып алу керек болды. Осылайша, тех­никаны тірнектеп жинадық», – дейді фермер. Бес жыл бұрын бірнеше шар­уа қожалығымен «Қарабұлақ» сервистік-дайындау орталығына (СДО) бірікті. СДО «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қаржы лизингі бойынша заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын са­тып алды. Мемлекет көмегімен бе­рілген «ақылды» техника фер­мер­лердің жұмысын едәуір жеңіл­деткен. Мәселен, 12 қатарлы Optima Tandem сепкіші қызылша, соя және жүгері егуге арналған. Тұқымдарды жерге оңтайлы қон­дырып, кез келген ауа райы мен жағдайда жұмыс істейді. Ал егістікті пестицидтермен өңдеу барысында шаруа германиялық SCHMOTZER кәсіпорнынан шыққан «Комби-4» қатараралық өңдеу қопсытқышын қолданады. Культиватор бір уақытта төрт қатар­ға өңдеу жүргізеді. Тәтті түбір RL 200 SF қызылша тазалағыш-тиегіші арқылы жиналады. Ауыл шаруашылығы саласында бұл техниканы Германиядан шық­қан ең жылдам «тышқан» деп атайды екен. Оның себебі санау­лы минуттарда оған 25 тонна қызылша тиеледі. Ал бір сағат ішінде 350 тонна өнім жинауға қауқарлы. Қызылшамен бірге түскен бөгде заттар, топырақ, қиыршық тастар автоматты ревер­сивті құрылғының көмегімен оңай және тез тазаланады. Со­ның арқасында шаруалардың шығындары бірнеше есеге азайып, дақылдардың өнімділігі артқан.  «О баста қант қызылшасын өсіруді шамамен 5-10 гектардан бастадық. Сол тұста әр гектардан 300-400 центнерден алынды. Егістік көлемі ұлғайтылды. «Же­ті­су» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өнімділігі жоғары тұқым алып, соның ар­қасында өнімділік гектарына 500-700 центнерге дейін өсті. Жекелеген учаскелерде қант қы­зыл­шасының өнімділігі гектарына 900 центнерге жетті», – дейді Гер­ман Нам. Қазір «Қарабұлақ» СДО қы­зыл­ша алқаптарында «Жетісу» ӘКК арқылы алынған жоғары өнімді тұқымдарды пайдаланады. Биыл құрғақшылыққа қарамастан, фермерлер жақсы өнім алуға үміт­теніп отыр.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы