Сот елдегі жағдайға байланысты онлайн режимде басталды. «5 тамыз күні Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты қылмыстық іс түскен. Аталған іспен сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-тармағы, 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Қазір сот ісі қаралу барысында», – деді Қызылорда облыстық сотының баспасөз хатшысы Ардақ Ысмағанбетова. Айта кетейік, 53 жастағы бұрынғы әкім алты ай бұрын қамауға алынған. Судья шенеунікті абақтыға емес, үйқамаққа жабу туралы шешім шығарыпты. Алаяқтық жасады деген Ысқақовпен бірге оның екі орынбасары, ең жақын көмекшісі және тағы бір кәсіпкер тұтқындалды деген ақпарат таралған. Десек те, соңғылары туралы ресми мәлімет жоқ. Бейресми мәліметтерге сәйкес, экс-әкім халықтың Арыс тұрғындарына жинап берген ақшасын жеп қойған көрінеді. Сот отырысы тағы бір айға созылды.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы