Мәжілісте қазақстандық парламентаризмнің, көппартиялық жүйенің негізін қалаушылардың бірі, Мәжілістің тұңғыш төрағасы, Парламенттің төрт шақырымының – XII және XIII шақырымдағы ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің, сондай-ақ І және ІІ шақырымдағы Қазақстан Парламентінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы Марат Оспановты (17.09.1949-23.01.2000) еске алу шарасы өтті.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспановтың туғанына 70 жыл толуына орай Мәжілісте сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға палата төрағасы Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс депутаттары және марқұмның отбасы мүшелері қатысты.
Көрмеге Марат Тұрдыбекұлының ғұмыры мен қызметінің жарқын тұстарын бейнелейтін, бала кезінен Мәжіліс төрағалығына дейінгі өмір жолынан сыр шертетін архивтік фотоматериалдар қойылды.
Көрмені ашып, жиналғандар алдында сөз сөйлеген палата спикері Н.Нығматулин Марат Оспановтың Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі бола жүріп, тәуелсіз еліміздің саяси және экономикалық ұстындарын түзуге, Елбасы қойған мемлекетті дамыту міндеттерін жүзеге асыруға, ұлттық парламентаризмді қалыптастыруға қосқан зор үлесін атап өтті.
Сонымен бірге Мәжіліс төрағасы М.Оспановтың қайсарлығы, турашылдығы секілді қасиеттеріне тоқтала келе, оның Елбасы тапсырған әрбір істі сындарлы әрі тиімді орындап, Қазақстанымыздың игілігі жолында аянбай қызмет еткенін айтты.
Нұрлан Зайроллаұлының хабарлауынша, бұл көрме – Марат Оспанов есімін құрметтеуге бағытталған кешенді шаралардың бастауы. Алдағы уақытта көптеген өзге де шаралар жоспарланған. Соның ішінде қараша айында оның туған жерінде – Ақтөбе қаласында ғылыми-теориялық конференция өтеді. Алматыда бірқатар үлкен іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Алдағы жылдың қаңтарына Мәжіліс М.Оспановтың қазақстандық парламентаризмді дамытуға қосқан үлесіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияны жоспарлап отыр.
Көрмеде Мәжіліс депутаттары және Марат Оспановтың жары Бақыт Ахметқалиқызы сөз алып, саяси қайраткердің өмірі, елеулі еңбектері мен ғылыми қызметі, адамдық ізгі қасиеттері туралы жан-жақты әңгімеледі.