Қазақстан жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ІІІ Дүниежүзілік министрлер конференциясына қатысуға шақырту алды. Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі арнаулы уәкілі Жан Тодтпен кездесті.
Тараптар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі жан-жақты ынтымақтастықты талқылады. Парламенттің Жоғарғы палатасы басшысының орынбасары А.Шәкіров халықаралық сарапшылардың ұсыныстары ұлттық заңнаманы жетілдіруге, құқық қолдану тәжірибелерін жақсартуға және Қазақстанның институттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Жан Тодт өз кезегінде БҰҰ-ның жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі барлық конвенцияларын қолдағаны және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы алаңындағы жұмыс топтарының қызметіне белсенді қатысқаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Ол өткен жылдармен салыстырғанда республикамыздағы жол қауіпсіздігін дамытудағы елеулі өзгерістерге назар аудартты.
БҰҰ-ның арнаулы уәкілі ынтымақтастық туралы айта келе, әлемдегі жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесін қозғады. Ол қазіргі кезде тәртіп бұзушылықтар жүргізушілердің жол үстіндегі кішігірім қателіктерінен құралатынын жеткізді. Бұларға: жол қозғалысын тиісті деңгейде бақыламау; қауіпсіздік белдігі сияқты маңызды құрылғыларды пайдалану қажетін ескермеу; мас күйде көлік жүргізу; жүру кезінде SMS жазу және тағы басқа түйткілдер жатады. Мұндай жағдайларды болдырмау және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жол-көлік оқиғаларының санын кем дегенде екі есеге қысқартады екен.
Кездесу барысында Сенат төрағасының орынбасары Қазақстанның жүк транзиттік әлеуетін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, көлік жолдарын кеңейту мен сапасын жақсарту, сондай-ақ жол қозғалысы саласына тартылған барлық құрылымдардың және адамдардың құқықтары мен міндеттерінің нақты жүйесін реттейтін «Жол жүрісі туралы» заңын іске асыру туралы айтып берді.
БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі арнаулы уәкілі Жан Тодт 2020 жылғы 19-20 ақпанда Стокгольмде өтетін жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі үшінші Дүниежүзілік министрлер конференциясына қатысуға Қазақстанды да шақырды.