Фракция алдында есеп берді
Фракция алдында есеп берді
256
оқылды

Nur Otan партиясының Алматы облысы Қаратал ау­дандық филиалында де­путаттық фракция отырысы өтті. Онда аудандық филиал тө­рағасы, аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев аудандық мәс­лихат депутаттары мен Nur Otan партиясының депутаттық фракциясы ал­дын­да атқарылған жұ­мыс­тар туралы есеп бер­ді. Нақтырақ айтқанда, «Өңір­лерді дамыту – 2020» бағдарламасы мен мем­ле­кеттік қызмет көрсету сапасына қатысты жағдай­ды жан-жақты әңгімелеп, жетістіктерді саралап, кем­шін тұстарды түгендеді.

Отырысқа Алматы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, депутаттық фракция жетекшісі Ғалиасқар Сарыбаев, аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Жандос Теңелбаев және тағы басқа ресми тұлғалар қатысты.

Есеп беру мен оны талқылау барысында аудандағы ең өзек­ті мәселелер, тұрғын үй салу, қоғамның әлжуаз топтарын­дағыларды баспанамен қамту, елдімекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету және білім беру, денсаулық сақтау сала­сындағы проблемалар ай­тылып, оларды реттеудің жол­да­ры қарастырылды. Осы мәсе­лелерге байланысты аудан басшысына алдағы кезде баса назар аударатын бағыттарға қатысты нақты бағдар берілді. Жиында тоғыз жолдың, оның ішінде ел мен елді, аймақ пен аймақты жалғастырып жатқан шойын жолдың аса маңызды торабында орналасқан Үштөбе қаласын абаттандыру мен та­за­лық сақтау, көшелерді көрік­тендіру, жарықтандыру және мемлекеттік қызмет көрсету­дің сапасын арттыру секілді шешімін таппай жатқан мәсе­лелер де назардан тыс қалмады.

Сондай-ақ осы отырыс ке­зінде аудандық филиал төра­ғасы, аудан әкімі Қайрат Найманбайұлы екі азаматшаны жеке мәселелері бойынша қа­былдап, оларды мұқият тыңдап, мәселелерін шешуге ықпал етуге уәде берді.

– Алдағы уақытта депутаттық фракция алдында есепті облы­сы­мыздың барлық әкімдері, партия төрағалары беретін болады. Жыл соңына дейін әр аудандық филиалда осындай отырыстар ұйымдастырылып, оларда аудандардың жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік қызмет көр­сету сапасы бойынша жүзеге асырған жұмыстары сараланады. Анықталған кемшіліктер ашық айтылып, тиісті шаралар қолда­нылады. Отырыстар барысын­да қойылған сауалдар, көтеріл­ген мәселелер мен басшылық­қа алынатын ұсыныстар толы­ғымен хаттамаға жазылып, облыс­тық филиалда жинақта­латын болады, – деді аудандық партия филиалындағы депутат­тық фракцияның есебін қоры­тын­дылаған облыстық пар­тия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы.

Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы