Қазақстан халқының пайдаланымындағы автокөліктер санының күннен-күнге көбеюі қуанарлық жағдай. Бірақ автомобиль жолдарындағы күнде орын алып жатқан адам жанын түршіктіретін қанды жол оқиғалары басқаша әсер береді. Ресми статистика бойынша Қазақстанның автокөлік жолдарында жыл сайын 3 000-ға жуық адам қаза тауып, 22 000-нан астам адам әртүрлі дене жарақатын алады екен.
Біздің он сегіз миллионнан астам ғана халқы бар мемлекет үшін ол аз өлім, аз жарақат емес. Жарақат алып төсекке таңылған адамдардың біразының алдағы өмірінен үмітсіздері қаншама?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша Қазақстан – әлем бойынша жол апаты көп болатын бес елдің бірі, жол апатының әсерлік салмағы жөнінен бірінші орында. Жол бойындағы өлім коэффициенті әрбір жүз мың адамға 24,5 адам және жолдағы өлім қаупі Еуропа елдерінен он бір есе жоғары екен.
Статистикадағы жол оқиғасы санының азды-кемді өзгеруі халықты қанағаттандырмайтындығы және ол сандарға күмәнмен қарайтындығы байқалады. Оны қазалы жанұялардың жанайғайынан естіп жүрміз.
Жыл сайын жол апатынан үш мың адам өмірмен қоштасып, 22 000 адам төсекке таңылып жатса, еліміздің автожолдарында жол апатының қазіргі жағдайын қарусыз соғысқа теңеуге толықтай болады.
Әділін айту керек, жол апатының алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар көп. Жол қозғалысын қадағалайтын камералар, арнаулы құралдар қойылып, жол айрықтары салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер мен арнайы автокөліктер іске қосылып жатыр. Елдімекендердің біразында жол қозғалысы техникалық құралдар арқылы қадағалануда. Оны халық көріп те, біліп те отыр.
Бірақ жол бойында адамдардың өмірі қиылуымен жарақат алуы толассыз жалғасуда. Соңғы мезгілде топтап қаза табу дәстүрі күн ара орын алуда. Өмірі қиылғандардың арасында жастары 15-пен 29 жастағылар көп.
Бұл адам өмірімен денсаулығына байланысты туындап тұрған күрделі мәселе жөнінде ағымдағы жылдың сәуір айында ел Президенті Қ.Тоқаев ІІМ жеке құрамымен кездескенде айтып, шұғыл арада шешім шығаруды тапсырған болатын.
Халық ортасында жүрген Атырау облысы ішкі істер органдарының кезінде МАИ, Жол полициясы құрылымдарында еңбек еткен зейнеткер – ардагерлер жол бойындағы толассыз адам өмірінің қиылуын көріп отырып, «шаралар әлі де жеткіліксіз, мемлекеттік деңгейде түбегейлі реформалық шара жасалуы керек» деп есептейміз. Бұл, әрине жергілікті деңгейде шешілмейтін мәселе.
Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауына сай ІІМ-не жасалатын реформалар бірнеше мәселені ескергені жөн. Ең алдымен, жол тәртібіне нақты жауап беретін құзырлы мекемені анықтап, яғни жауапкершілікті қазіргі мезгілдегідей полиция қызметінің бір-біріне бағынбайтын екі құрылымдардың (әкімшілік және жергілікті полиция) құзырына бөлмей, біреуінің немесе жаңа құрылым құрып, толықтай жауапкершілікті міндеттеуі керек. Екіншіден, жол қозғалысына нақты жауапты құрылымға жоғары техникалық немесе арнаулы жоғары кәсіби білімді, «Жол қозғалысы туралы» заңды, жол ережесі және жол қозғалысына қатысты техникалық стандарттарды, жол қозғалысын реттеу әдістерін жақсы меңгерген мамандарды іріктеп тағайындауы тиіс. Үшіншіден, жол қозғалысына қатынасатын әрбір адам өзінің міндетімен құқын нақты біліп есте сақтауына мүмкіндік беру үшін «Жол қозғалысы туралы» заңға және жол ережесіне сараптамалар жасап, мемлекетаралық стандарттармен нақты қажет баптардан басқа жол қозғалысына қатынасымен пайдасы аз, жұмыс істемейтін баптары қысқартылуы керек деп есептейміз. Сондай-ақ автокөлік жүргізушілерін дайындау бағдарламасына, жүргізушінің автокөлікті басқару кезіндегі өзін ұстауы, көлікті, соның ішінде қазіргі жүрдек машиналарды басқару әдісі, кенеттен болатын жағдайларда жасалатын әрекеттер туралы психологтар, тәжірибелі мамандардың қатынасуымен қосымша бағдарлама дайындап енгізіп берсе. Бесіншіден, автокөлікті тоқтатып тексерудегі шектеулерді пайдаланып біраз адамның автокөлікті алкоголдік ішімдік, нашақорлық заттарды шеккендер жүргізу куәлігі жоқ немесе айырылған күйінде жүргізіп жол апатын жасауының, автокөлікті қуып (угон) немесе пайдаланып қылмыс жасаудың жолын кесу үшін қазіргі қолданыстағы шектеулерді кері қараса.
Бүгінде жол қозғалысын реттеуші полиция қызметкерлерінің жұмыс құралы болып есептелетін «жезль» қайтадан қолданысқа енгізілді. Бірақ оны тек жол қозғалысын реттеу кезінде пайдаланып, автокөлікке тоқтау белгісін беруге пайдалана алмайтындығы түсініксіз. Полиция қызметкерлерінің статусын кері қарап, олардың заңды әрекеттерін заңмен қорғауды, яғни олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кесірін тигізген, заңды талаптарына бағынбай қарсылық білдірген, өмірі мен денсаулығына зиян келтірген және ар-намысын таптаған адамдардың жауапкершілігін заңмен қатайту керек-ақ. Бұған қоса, болашақ ұрпаққа жолда жүру мәдениетін мектеп қабырғасынан тұрақты да сапалы қалыптастыруды заңмен нақтылап, Қазақстан Жол қозғалысы қауіпсіздігі ассоциациясын халықты жолда жүру мәдениетіне тәрбиелеу мәселесіне араластыру қажет. Жол бойына жылжымалы үгіт-насихат жүргізу және халықты қабылдау топтарын шығаруды тұрақтандыруды, жол ережесінің жол апатына негізгі себепші болатын түрлерін (олар шамамен 10-нан аспайды) саналы түрде бұзғандардың жазасын қатайтуды және бұзушының тәртібін жұмыс (оқу) орнында талқылауды заңдастыруды, жол ережесін білмейтіндігі байқалған жүргізушілерді автомектептерден ақылы жол ережесін қайталау сабақтарын (лекция) өтуге жолдау әдісін заңдастыру сияқты жол апатының алдын алуға себепші болатын көптеген шараны қамтуды ұсынамыз.
Жол бойында адам өмірінің қиылуына тосқауыл қою туралы осы мемлекеттік деңгейде ғана шешілетін маңызды мәселені құптайтын ел азаматтарымен құзырлы органдар қолдап, тиісті реформалық шара қолға алынар деген үмітіміз мол.
Жол апатын азайту шарасын жүзеге асыру уақыт күтпейді.
Дюсенбек ГАЙСИН,
Атырау облысы
ІІМ Жол полициясы
ардагерлері кеңесінің төрағасы