Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы ассамблеясы» этнос жастары арасында латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінде ашық диктант өткізді.
Қазақстан халқы ассамблеясының бірыңғай күні аясында өткен іс-шараға қаладағы этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты мен оқу орындарындағы «Достық» клубтарының мүшелері қатысып, жаңарған әліпбиді қаншалықты меңгергенін байқап көрді.
Аталған шараны ұйымдастырған Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі мамандарының айтуынша, этнос өкілдері тарапынан латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиге деген ықылас артып келеді.
– Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастарына қазақ тілін үйрету шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі ашық диктант жастарды латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін сауатты қолдануды үйрету мақсатында өтті. Диктант 2019 jyl – Jastar jyly тақырыбына арналды. Нәтижесінде қатысушылардың басым бөлігі латын графикасын жетік меңгергенін байқатты. Аталған акцияны бұдан кейін де жалғастыру жоспарда бар, – дейді Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Мәди Бесбаев.
Айта кетейік, бүгінде миллионнан астам шымкенттіктердің 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы