Алмалықта бау-бақ күні өтті
Алмалықта бау-бақ күні өтті

Табиғаты тамылжыған күйге еніп, күз айларында бау-бағының бе­рекесі тасып, жеміс-жидек төгіліп тұра­тын Тал­ғар ауданы ау­ма­ғындағы атауының өзі біраз нәр­сені аң­ғартатын Алмалық атты ауыл­да «Жетісу – ал­маның отаны» атты бау-бақ күні өтті.

Алматы облысы әкімдігі мен «Қа­зақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғы­­­лыми-зерттеу инстиуты» ЖШС бас­­­тамасына қамқорлық көрсеткен Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қа­зақ Ұлттық аграрлық университеті жә­не «Ұлттық аграрлық ғылыми-бі­лім беру орталығының» қолдауымен ұйым­дастырылған, еліміздегі бағбандар мен бақ саласынан нәпақа тауып жүр­ген ғалымдар жиналған шарапатты ша­ра­ның негізгі мақсаты – қазіргі кезде жан-жақты қолдауды қажетсінетін бау-бақ саласындағы, оның ішінде алма өсі­ру шаруашылығындағы қордаланған мә­се­лелерді шешуге бизнес пен ғылымды бір­лестіре жұмылдыру.

Отандық бау-бақ шаруашылығының ор­талығында – Қазақ жеміс-көкөніс шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының памологиялық бағында өт­­­­кізілген семинар-кеңесті ашқан «Ұлт­тық аграрлық ғылыми-білім бе­ру орталығы» коммерциялық емес ак­­­ционерлік қоғамының басқарма тө­рағасының орынбасары Есенбай Исламов басқосудың негізгі тақырыбы ре­тінде қазіргі кезде жеміс-жидек ша­руашылығы саласындағы аса өзек­ті проблема болып саналатын са­па­лы отандық көшет материалдары еке­нін атап өтті. Бұл мәселе еліміздің эко­номикасы мен отандық көшет ша­руа­шылығын, бақ шаруашылығын да­мытудағы ең жанды жеріміз екенін де еске салды.

– Алма – біздің ұлттық брендіміз. Әлем­нің мүйізі қарағайдай ғалымдары бүгінде әлем жұртшылығын тамсан­ды­рып отырған алманың отаны Қазақстан еке­нін дәлелдеді. Бұл мойындау біздер үшін зор мақтаныш болуға тиісті. Сон­дықтан да мемлекеттік тұрғыда елі­міздегі алма бақтарының санын арт­тыру жөнінде арнайы бағдарлама жа­сап, оның орындалуы жан-жақты қол­дауға ие болуда. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, бүгін осы мәселеге қатысты бағ­бандар мен ғалымдар арасында емен-жарқын әңгіме өрбіді. Соның ар­қасында болашаққа бағытталған жос­парлар талқыланып, өзекті мәсе­ле­лердің шешімі қарастырылады. Елі­міз­дегі бау-бақ шаруашылығының әле­уеті зор, мүмкіндігі де аса мол. Бақ шаруашылығын бірінші кезекте, қол­данысқа қайта енгізіліп жатқан суар­малы жерлерге жаңадан жеміс-жидек бақтарын отырғызу, көшеттер өсіретін отандық тұқымбақтарды да­мыту, дайын өнімдерді сақтайтын за­манауи қоймалар желісін құру, қайта өңдеудің қарқынын арттыру, саланың фитосанитарлық жағдайын жақсарту, зәкірлі кооперацияны қолға алу арқылы дамыту жайлы тиімді ұсыныстар ортаға салынды. Бұлардың барлығын ой еле­гінен өткізіп, тиісті орындарға жет­кіземіз, шешу және жүзеге асыру жол­дарын іздестіреміз, – деді Есенбай Исла­мов өз сөзінде.

Қазақ Ұлттық аграрлық универ­си­тетінің бірінші проректоры, акаде­мик Қанат Тіреуов елімізде алма өсіру­мен айналысатындардың арнайы дайын­дығының болмауы кесірінен отандық же­міс-жидек шаруашылығы әлемдік бә­секеде ұтылып қала береді деген пі­кірін білдірді.

Академиктің айтуына қарағанда, ұлан-байтақ жерімізде бақ өсіруге аса қолайлы аймақтардың жетіп-ар­тылатындығына, құнарлылығына қа­­рамастан, Қазақстан алма өсіру бойын­ша әлемде 42-ші орынды қанағат етіп келеді. Соңғы бес жылда елімізге сырт­тан миллион тоннаға жуық жеміс-кө­көніс өнімдері әкелінген. Соған қа­рағанда, қолда бар мүмкіндікті дұ­рыс пайдалана алмай, сырт елдердің эко­номикасына ақша салудамыз. Қазіргі кез­де Қазақстанда негізінен бау-бақ шаруа­шылығымен кіші және орта тауар өндірушілер ғана шұғылданады. Қолынан көп іс келетін алпауыт кә­сіп­орындар мен тауар өндірушілер әлі күнге аңысын аңдып, пайданы ғана көз­деуде. Сонымен бірге аталған са­ла­ның өркендеуіне бағбандарға арнайы бі­лімнің жетіспеушілігі де кедергі кел­тіріп отырғаны анық. Осыған бай­ла­нысты айтарымыз, алдағы кезде жаңа технологияларды меңгеретін бі­лікті мамандарды дайындауды қолға алсақ, жоғарыда айтылған проблемалар өздігінен шешілетін еді. Қазақ Ұлттық аграрлық универсиеті аталған бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізуде. АҚШ-тағы Корнель университетімен тығыз байланыс орнатылып жатқан көрінеді.

Семинар-кеңесте айрықша аталып өтіл­гендей, елімізде өсірілетін алманың дені үш өңірге ғана тиесілі екен. Алматы, Жам­был және Түркістан облысының шаруалары ғана осынау пайдалы жемісті жыл сайын бағып-қағып, шамалары жет­к­енше жетілдіріп, көбейтіп отырады. Осы аймақтар арасында Жетісу жерінің үлесі басқаларға қарағанда қомақты бо­лып шықты.    

– Қазіргі кезде Алматы облысында же­міс-жидек бақтарының қатары артып келеді. Жетісудағы алма бақтарының жал­пы аумағы 24,7 мың гектарға жетті. Оның 2,7 мың гектары – интенсивті бақ­тар. Ауыл шаруашылығы кешенін да­мытудың 2017-2022 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы аясында алма бақтарының көлемін 26 мың гек­тарға жеткізу жоспарланған және бұл бағыттағы жұмыстар ретімен жү­зеге асырылуда. Әзірге, барлығы ой­дағыдай, белгіленген межені бағын­дыра­мыз. Бағбандар мемлекеттік қол­даудан кенде емес. Амандық бол­са, енді бірер жылда бір кезде жо­ғалт­­қандарымыздың орнын толық тол­тырмасақ та, Алматы алмасының мәр­тебесін қайта қалпына келтіретін жағ­дайға жетеміз. Шаруалардың алма өсіру­ге деген ынтасы алға жылжыған жыл­дармен бірге артып келеді, – дейді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қойымжан Омаров.

Семинар-кеңесте жоғарыдағы­лар­дан басқа да көптеген ойлар орта­ға салынып, ұсыныстар білдірілді. Пі­кір­лер айтылды. Ең бастысы, бағбандар мен ғалымдар бірлесе, өзара түсінісе біл­генде ғана мәселелер шешіліп, же­тіс­тікке жетуге болатынын сезінді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкі­лі кеңесте айтылған әрбір ұсыныс-пікірдің ескерілетінін, тиісті шешімдер қа­былданып, қолдаулар жасалатынын жеткізді. Алдағы кезде алма шаруашы­лы­ғы мүмкіндігінше дамыған үш об­­лыс­та ғана емес, еліміздегі басқа ай­мақ­тарда да жеміс-жидек өсіруге қо­лайлы жерлердің картасы жасалатын бол­ды. Сонымен бірге еліміздегі дәс­түрлі бағбандықты қолдай отырып, кө­шет­терді өсіру мен күтудің еуропалық тех­нологияларын да қолданысқа батыл түр­де енгізу қажет екені мақұлданды.

 

Болат АБАҒАН
Алматы облысы