Мұғалімдердің құқығын қорғайтын кеңес құрылады
Мұғалімдердің құқығын қорғайтын кеңес құрылады
фото: ашық дереккөз
Қазақстанда педагогикалық этика және мұғалімдердің құқығын қорғау кеңесі құрылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін Facebook-тегі парақшасында  жазды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті», - деп жазды министр. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, министр осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездесетінін айтты. «Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтерді лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының міндетін атқарушы . әкімшілік жауапқа тартылды», - дейді А. Аймағамбетов. «Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті. Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау мәселесін де есте сақтауы қажет. Өйткені жаңа Заңның талаптары да жаңа. Педагогикалық қызметпен айналысатын әрбір жан жас ұрпаққа үлгі болып, өз жұмысында адамгершілік қағидалары мен моральдық құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс. Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі. Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды қарастырудамыз. Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес.