Алматыда оба тарап жатыр деген ақпарат әлеуметтік желілерде тараған болатын. Ақпараттың шығуына екі адамның бір-бірін дұрыс түсінбеуі себеп болған. Бұл туралы Денсаулық министрлігі тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау комитеті хабарлады. "Сенбі 29 тамыз күні еден жуушы сол үйдегі (Навои көшесі) құрылыс қоқысын жинауға барған. Алайда әйел екі баласы да ауырып жатқанын айтып үйге кіргізбеді. Оның орысша "оба ребенка болеют" дегенін еден жуушы "обамен ауырып жатыр" деп түсінген", - деді комитеттен. "Оба" орысшадан аударғанда "екеуі де" дегенді білдіреді. Қазіргі уақытта бұл келеңсіздік түсіндірілді. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Айта кетсек, 2020 жылы кейбір елдерде обаға шалдыққандар анықталған болатын. Моңғолия мен Ресейдегі Алтай республикасы солардың қатарында. Қазақстанда оба жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Оба - тез таралатын инфекциялық ауру. Бубонды оба бактерия салдарынан пайда болады, антибиотиктермен емделеді.