Қызметкерлер мен келушілерге орын 1 адамға 5 шаршы метрден есептелуі тиіс. Ғимараттың толымдығы 50 проценттен аспауы қажет. Ұжымдық дайындыққа 30 адамнан артық қатысуға болмайды. Санитарлық эпидемиологиялық талапты сақтау міндетті. Наурыз айынан бері тек онлайн жұмыс істеген «Астана Опера» театрының ұжымы көрерменге жаңа қойылымдар дайындап жатыр. Көрермен залы алты айға жуық уақыт бос тұрды. Сахнада онлайн көрсетілімдер ғана ұйымдастырылды. Қызметкердің көбі қашықтан жұмыс істеді. Өнер иелері оқшауланып отырған халықтың көңілін серпілтер онлайн концертті жиі өткізді. Енді карантин шаралары жеңілдегеннен кейін, ұжымдық дайындықты бастады. Балет труппасы жаңа қойылым дайындап жатыр. Залда әлеуметтік арақашықтықты сақтау міндетті. Әрі жиі желдетіп, жиі тазалап отырады.
«Астана Опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева: «Сегізінші театр маусымға қызу дайындықты қайта жалғастырдық. Театрға кіреберісте арнайы қызметкерлер қонақтарды күтіп алады. 1,5 метрлік арақашықтық сақталуы тиіс. Санитайзерлер қойылады. Көрермен маска тағып келуі тиіс. Кірген бойда денеқызуы өлшенеді. Дене қызуы жоғары адам анықталса, олар бөлек ескі арқылы шығады. Көрерменге қызмет көрсету департаменті санитарлық талаптың сақталуын қадағалап тұрады», – деді.17 тамыздан бастап ұжымның 30 проценті жұмысқа шыққан болатын. Енді қалған қызметкерлер кезең-кезеңімен жұмысын жалғастырады.