ҰБТ-да 138 балл жинаған түлек грантынан айырылып қалды
ҰБТ-да 138 балл жинаған түлек грантынан айырылып қалды
© сурет интернеттен алынды
ҰБТ кезінде түсірілген видеолар зерттеліп, оның қорытындысы бойынша 97 түлек грантынан айырылды. Оның ішінде 138 балл жинаған бала бар. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"ҰБТ бейнежазбаларының қорытындысы бойынша 158 тест тапсырушының нәтижесі жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған болатын (соның ішінде 138 балл алған түлек те бар). Соған орай, әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркелетін болады. Толығырақ ҰТО парақшасында жариялайтын боламыз", - деп жазды ол.
Оның айтуынша, тест кезінде тәртіпті қамтамасыз ететін кезекшінің өзі заңбұзушылыққа барған фактілер анықталған.
"Видеодан қандай "батырлықпен" сұрақ кітапшасын фотоға түсіріп отырған баланы денесімен жауып тұрғанын көруге болады. Кем дегенде оның білім беру саласынан жұмыстан босатылуын, ал одан бетер шара ретінде қатал жауапкершілікке тартылуын талап ететін боламыз", - деді ол.