Көкшетауда жоғалып, мәйіті сегіз күннен кейін табылған 13 жасар жасөспірімнің ішкі ағзалары алынғандығы туралы жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желідегі WhatsApp мессенджерінде тамыздың 21-де жоғалып, 28-күні Красный Яр кентінен 5 шақырым жерден табылған жасөспірім қыздың ішкі ағзалары алынғандығы туралы аудиожазба тарағаны анықталды.
«Аталмыш ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері жалған ақпараттың авторын және оны таратқан адамдарды анықтап жатыр. Ақмола облысының полициясы мен прокуратура қызметкерлері азаматтарға жалған ақпаратты таратқаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді, сондай-ақ, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратпауға және тек ресми мәліметтерге ғана сену керектігін айтады», - делінген хабарламада.Осы ретте, тәртіп сақшылары жалған ақпарат авторымен бірге, оны таратқан тұлға да Қылмыстық кодексің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын өңір тұрғындарының назарына салуда.
«Сонымен бірге, ҚР ҚК 99 бабы «адам өлтіру» бойынша тергеу жүргізілуде. Ал Қылмыстык кодекстің 315 бабы «адам мәйiттің ағзалары мен тiндерiн заңсыз алу» бойынша қосымша эпизод жөнінде мәселе қарастырылған жоқ және қарастырылмайды да», - деп толықтырды ведомстводан.Осы іске байланысты өзге мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды. Тергеу барысы ПД бастығының жеке бақылауында. Еске сала кетейік, 20 тамызда Көкшетауда 13 жастағы жасөспірім із-түзсіз жоғалып кетіп, кейін 8 күн өткен соң жерге көмілген денесі табылды.