Павлодар облысында демалыс күндері қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылмайтын болды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. Алайда өңірде COVID-19 инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдай ушығып кеткен кезде қайтадан шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев айтты. - Қаулыға енгізілген бірқатар өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, 31 тамыздан бастап қала және ауданға қатынайтын жолаушылар автобусы қызметіне кірісті. Кітапханалар мен музейлердің де жұмысына рұқсат берілді. Бірақ театр, концерт залдары және көрме көрермендерді қабылдай алмайды. Мешіт, шіркеу сынды діни нысандар да ашылды. Мұндай орындарда ұжымдық шараларды өткзуге тыйым салынған. Қызметін қайта жандандырғандары санитарлық талапты қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ қаулыға енгізілген толықтыруларға сәйкес, бассейндердің жұмысына рұқсат берілді. Бірақ адамдар алдын ала жазылуы тиіс. Бір адамға кемінде 5 шаршы метр аумақ берілуі қажет. Жеке және топтық жаттығуларды жасауда спорттық кешендердің қызметі де басталды. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, қорықтардың жұмысына да рұқсат берілді. Бірақ келушілердің саны 15 адамнан аспауы керек, - деді Батырбек Әлиев. Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, мектептерде бастауыш сыныптардың оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша кезекшілік сыныптарға бара алады. Балалар саны 15-тен аспауы керек және барлық санитарлық талаптар сақталуы тиіс. - Әзірге спорттық, бұқаралық, отбасылық, тойлар, мен мерейтойлық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. Үйде адам көп жиналатын шараларды да өткізуге болмайды. Караоке, кальян, компьютер, ойын, боулинг, түнгі клубтарға, қоғамдық моншаларға рұқсат берілмеді. Қалалар мен аудандардың ішінде жолаушыларды тасымалдауға болады. Қаулыдағы талаптарды сақтай отырып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы, мамандандырылған ұйымдардың, арнайы мектеп-интернаттардың, жалпы типтегі мектеп-интернаттардың, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың да жұмысы басталды, - деді Батырбек Әлиев.