Конституция – ұлттық құндылығымыз! –
Конституция – ұлттық құндылығымыз! –
©Сурет интернеттен алынды
365
оқылды
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» - 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Конституциямыз осы сөздермен басталады. «Біз өзіміздің арғы, бергі ата-бабаларымыздың жүздеген буынының қалдырған өсиетін ақтап, мұраларын сақтап, молайта беру жолында топтасуға тиіспіз, – дей келе, –біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол жалпақ Қазақ даласы» деп, қазақ халқына ынтымақты болып, осы ұлы даланың иесі болуға шақырады. Ол үшін жастарымыз ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтаулары қажеттігін, ата-бабаларымыздың елге, жерге деген сүйіспеншілік қасиетін дамытып, егеменді елімізге аянбай еңбек етуге ұмтылу керектігін Тұңғыш Президентіміз Елбасы әрдайым ерекше айтады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2000 жылғы 30 тамызда «Конституция – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөз алғанында: «Біз, Қазақстан халқы…», - осы сөздің өзінде Конституциямызды айқындайтын, мемлекетті жандандыруға ұмтылған, жаңа әділетті мемлекет құру үшін көптеген ұрпақтардың тарихи сабақтастығы тереңде шоғырланғанын білдіреді. Мемлекет –  бұл территория ғана емес, ол  азаматтардың бірлігі, билік институты. Конституциямыз да алдыңғы буындардың тәжірибесін жинақтай отырып, жақсы болашаққа үміт артады ». 27 тамызда 2010 жылы «Конституция – мемлекетіміздің демократиялық дамуының негізі» атты Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы сөзінен: «Қазақстан халқы осыдан 15 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Еліміз 1995 жылы өзінің талғам – талқысынан өткен басты құжатын – төл Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Конституция – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады.» 28 тамызда 2015 жылы Конституциямыздың 20 жылдығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқанында: «30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті.»- делінген.  Сол Конституциямыздың қабылданғанына, міне, ширек ғасыр толып отыр. Бұл үлкен мереке, мәртебелі оқиға! Қазір әлемдік жүйе адамдық құндылықтарға, адам құқықтары мен бостандықтарына, адами өлшемдер бағытына ойысқан уақыт. Сондықтан да дәстүрлі қазақ қоғамындағы адами маңызы жоғары, мүмкіндігі терең ұлттық құндылықтарымызды қайта түлетудің пайдасы орасан. Адам құқықтары мен бостандықтары, адами құндылықтар Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған қолданыстағы Конституциясында көрініс тауып, бекіген болатын. Конституцияда мемлекеттің конституциялық идеялары ата-бабаларымыздың ұлы мұраттарын одан әрі жалғастырып, олар жасаған құқық жүйесінің қағидаттарын бастау етіп алған. Оны біз әділеттік, гуманизм, имандылық, еркіндік идеяларын арқау етіп алғанымен көруге болады. Бұл құқықтық тәртіптің, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының материалдық, ұйымдық-құқықтық, саяси кепілдіктерін нығайтудың пәрменді құралдарының жасалуынан көрініс тапты. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты осы қағиданы басты бағдар етіп алды. Конституция ұлттық құндылықтармен қатар әлемдік адам құқықтары мен бостандықтары бойыншы үздік тәжірибелерге сүйеніп жасалған. «Өткенсiз бүгiн жоқ» дегендей, жарқын болашаққа басар қадамымызда тарих тағылымының ұстанымдарын ескергеніміз жөн. Қазiргi кезеңнiң иесi болып табылатын бүгiнгi ұрпақтың басты мiндетi тарих қойнауына кетiп, ескерусiз-елеусiз қалған рухани-мәдени мұраларымызға баса көңiл аударып, олардың жетiстiктерiн бүгiнгi күн кәдесiне пайдалану, қоғам өмiрiнiң бұлжымас тiректерiне айналдыру болып табылады. Қазақ халқының дәстүрлi құқық жүйесiнде арнайы айтылмағанымен, тәртiптiң нақты ережелерi ретiнде алуан түрлi сипатта кездеседi. Мысалы, «Иiлген басты қылыш кеспейдi», «Алдыңа келсе, әкеңнiң құнын да кеш», «Өлімнен ұят күштi», «Бiр қойдан екi терi iрелмейдi», «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Көшпелі қазақ елінде қазақ қауымының материалдық және рухани даулы мәселелерін, қылмысты істерінің бәрін шешетін ежелгі әдет заңы, ережесі болған. Олар «Қасым ханның қасқа жолы» Қасым хан жаңа мемлекетті басқару аясында «Әдет» пен «Ұлы Жасаққа» негізделген заңдар жинағын жасады. Бұл заң бес бөлімнен тұрды. «Есім ханның ескі жолы» Есім хан халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен танымал өзінің құқықтық ережесін жасады.Бүгінде Қасым хан мен Есім ханның заңдар жинағы Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» орын алған. «Жеті жарғы» Тәуке хан тұсында Билер кеңесі Қазақ хандығының ең маңызды мемлекеттік құрамына айналды. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қазыбек би, Кіші жүзде – Әйтеке би төрелік етті. Тәуке хан (1680 - 1718) билік құрған кезең қазақ тарихында «қой үстіне бозторғай ұялаған заман» атымен белгілі. Үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой дала көркі еді. Кедейлер болған емес. Халық оны Әз-Тәуке, яғни даналардың данасы Тәуке деп атаған. Қазақ даласында XX ғасырдың басына дейін басшылыққа алынған Тәуке ханның тұсында жазылған заңдар жинағы – «Жеті жарғы». «Абай ережесі» 1885 жылы мамыр айында Шар өзені бойында Орта жүз рулары бас қосқан жиын өткізілді. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуан ел бас қосқан бұл жиын 74 баптан тұратын «Ереже» қабылдады. Қазақстан Республикасы бүгiнгi күнде өз тәуелсiздiгiнiң жиырма  жеті жылдық өмiрiн артқа қалдырды. Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Көп ғасырлық тарихы бар ұғым. Алғашқыда Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін және 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйткені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. 1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы. Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съезінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 25 баптан тұрды. 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 173 баптан тұрды. 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда XII шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің IX сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы  30 тамыз  күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Сонымен бірге, мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Егеменді еліміздің дамуы әр кезеңде мемлекеттік басқарудың тиісті үлгісін қажет ететіні белгілі ғой. Бір үлгіден екіншісіне ауысу экономикалық жаңару мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру  қажеттілігінен туындайтын нәрсе. Әкімшілік реформаның жалпы бағытының негізінде Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің дамуын шартты түрде бірнеше  кезеңге бөліп қарастыруды жөн көріп отырмыз. Бірінші кезең 1990-1994жылдар аралығын қамтыды, әрине еліміз үшін ең қиын кезең болғаны белгілі. Ыдырау процестері еңсерілді, Қазақстан мемлекеттілігінің негізі қалыптасты, демократиялық дамудың негіздері құрылды, бір партиялық жүйеден саяси плюрализмге көшу,  тәуелсіздік алған кезеңнен бастап мемлекеттік басқарудың негізгі үлгісі қалыптаса басталды. 1993 жылдың 28 қаңтарында алғашқы егеменді еліміздің  Конституциясының қабылдануына байланысты 1993 жылдан бастап 1995 жылға дейін қоғамның саяси жүйесіне өзгерістер енгізілуімен ерекшеленді. Осылайша, билікті тармақтарға бөлудің негізгі қағидаты заңнамалық негізде бекітілді, мемлекеттің өкілді, яғни заң шығарушы, атқарушы және сот органдары мемлекеттік биліктің өздігімен әрекет ететін тармақтары ретінде айқындалды. Осылайша, ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздіктің негізі қаланып, мемлекеттік-басқарушылық жүйенің құрылымдық реформасы жүзеге асырыла бастады. Қолданыстағы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін қос палаталы парламент құрылды. Президенттік басқару түрі орнатылып, оған сәйкес Президент биліктің барлық үш тармағының әрекеттерін үйлестірудің конституциялық құзіреттілігіне ие болды.  Мемлекеттік қызметті реттеуге бағытталған Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Заң күші бар Жарлығы қабылданды. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің кадрлық өзегін қалыптастыруға мүмкіндік берді және мемлекеттік қызметті елдің маңызды институты ретінде дамытудың негізін қалады. 1995-2000 жылдар екінші кезеңі  мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңі ретінде қалыптасты. Заманауи демократиялық институттар құрылып нығайтылды, жаңа саяси мәдениет қалыптасты, 1995 жылы Конституция қабылданып,  1998 жылы бірінші конституциялық реформа жасалды, «Қазақстан - 2030» стратегиясының іске асырылуы орын алды. Сол кезде Мемлекет Басшысы, Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұл кезеңнің дамуын ерекше айқындап көрсетіп, мынадай тезис айтқан болатын «әуелі экономика, содан кейін саясат». Бұл кезең «жалпыға ортақ әл-ауқат мемлекеті» немесе «жалпыға ортақ игіліктер мемлекеті» болып тарихқа енді. Мемлекетіміз өз азаматтарының экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қорғау және дамытуда негізгі рөлді атқарумен қатар, оның нығаюына едәуір әсер ете білді. 2001-2007 жылдар үшінші кезеңінде 2007 жылы екінші конституциялық реформа орын алды. Әлеуметтік-экономикалық серпіліс қамтамасыз етілді, мемлекеттілік қалыптасты, көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекеттің демократиялық дәстүрлері орнады, қоғамдық мақсаттар мен міндеттер жоғары орынға ие болды.  Мемлекеттік басқару жүйесі жаңа үлгіге ауысуымен қатар, мемлекеттік қызметтің ұлттық үлгісі қалыптасты және мемлекеттік органдар барынша нығайтылып, мемлекет функцияларын деорталықтандыру жүргізілді, жаңа бағыттағы даму институттары құрылып, нәтижелі жұмыстар атқарыла бастады. Бұл кезең тағы да Батыс елдерінде  сонау 80-шы жылдары қалыптасқан корпоративтік басқару қағидаттарын енгізуге қатысты реформаларды жүргізумен ерекшеленді. Реформалардың өзге бір маңызды бөлігі мемлекеттік басқарудың түпнегізгі жүйелеріне қатысты жүргізілді. Олардың ортақ міндеті нәтижеге негізделген мемлекеттік басқаруды жолға қою еді. Нәтижеге бағытталған стратегиялық жоспарлау, бюджетті қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тиімділігін бағалау, мемлекеттік қызмет көрсетудегі  реформалар осы кезеңнің негізгі жаңашылдықтары  десек те болады. 2008-2018 жылдар төртінші кезеңде алға қойылған еліміздің әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуына бағытталған «Қазақстан - 2030» стратегиясының негізгі міндеттері орындалып, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты анықталды, «Қазақстан - 2050» стратегиясы қабылданды, «100 нақты қадам» ұлт жоспары нақтыланып, 2025 жылға Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспары құрылды. 2017 жылы үшінші конституциялық реформа орын алды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттік органдардың бесжылдық стратегиялық жоспарлары, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайын бағалау жүйесі, мемлекеттік аудит жүйесі, «А» корпусындағы кәсіби басқарушылар мен жауапты хатшылардың институты енгізілді. Аталмыш кезеңнің маңызды тұстарының бірі мемлекеттік қызмет көрсету реформасы болды. «Бір терезе» қағидаты бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарының желісі ашылды, бұл тәжірибе мемлекеттік әкімшілік қызмет көрсету саласынан өзге салаларға (автокөлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары, салық төлеушілерге арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары және көші-қон мәселелері бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары) табысты таратылды. Осы күнге дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысында кейбір олқылықтар орын алғанымен, жалпы алғанда қызмет көрсетуде сервистік тәсілдеменің (қызмет көрсетудің кедергісіз және жайлы ортасы, қажетті құжаттар тізімін оңтайландыру және «бір құжат» саясаты, экстерриториалдылық және «бір терезе» қағидаты) жүйелі оң әсері бергені сөзсіз. Осы аталған қызметтерді бір жүйеге келтіру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы да дүниеге келді. 2015 жылы еліміздегі мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын бекіткен бес институционалдық реформа жарияланды. Бірінші және бесінші институционалдық реформа кәсіби мемлекеттік аппаратты, сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыруға бағытталған болатын. Соның нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың саны азайтылып,  аталған реформаның 94 және 96 қадамдарына сәйкес «Ашық үкімет» қағидасы енгізіле бастады. Негізгі мәселелердің бірі ретінде алға қойылған қағидат - азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне мейлінше қатыстыруды  кеңейту, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру  және олардың рөлдерін арттыру.  Сол кезде қолға алынған «шағын және кәсіби үкімет» құру саясаты бүгінде де жалғасын тауып отыр, алайда бұл кезеңде осы мәселелерді зерттеп жүрген сарапшылар мен саясаткерлерді министрліктердің міндеттері мен құрылымына ғана емес, оларға қарасты ұйымдар мен мемлекеттік компаниялардың бүкіл корпусына қатысты мәселелер де алаңдатуда. Аталмыш кезеңнің аясында мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісіне ауысу бойынша қадамдар да жасалды, сондай-ақ еңбекақыны нәтижеге қарап берудің жаңа үлгісін (ФБШ) енгізудің бірінші ұмтылыстары жүзеге асты. ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауына сәйкес, бұл кезеңде Қазақстанда стратегиялық элементтері бар кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптасқан деген көзқарастар жиі айтыла бастады, негізінде де солай еді. Осы кезең аралығында  елімізде шынайы кәсіби мемлекеттік аппарат құрылған болатын. Басқаруды деорталықтандыру бойынша жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік органдардың кейбір функциялары мен қызметтерінің бір бөлігі төменгі сатыға және бәсекелес ортаға берілді. 2017 жылы кезекті конституциялық реформа/ кезеңдерді қосу/ нәтижесінде билік тармақтарының арасында құзіреттіліктерді қайта бөлу жүзеге асырылып, Парламенттің рөлі күшейтілді, оның Үкіметті бақылауы мүмкіншілігі артты. 2018-2019 жылдары қазақ ауылдарының даму мүкіншіліктерін арттыруға бағытталған  маңызды реформа жүзеге асты – жергілікті өзін-өзі басқарудың жеке бюджеті (4-деңгейлі бюджет) енгізілді. Қазақстан үшін бұл реформаның ауқымы мен маңызы зор. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап реформаға 2353 әкімшілік бірлік (облыстық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық аудандар) тартылды. Қаржылық жағынан бөлек, реформа мемлекеттегі күштердің орналасуына маңызды институционалдық өзгерістер енгізуде – ол билік пен халықтың арасындағы қашықтықты шұғыл қысқартты. Бүгінгі таңда бұл азаматтардың Қазақстандағы барлық басқару жүйелерінде шешім қабылдау үрдісіне  қатысуының ең бір тікелей формасы болып табылады. Бұл жүргізілген реформалар заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне айтарлықтар жаңалықтар әкелгенімен, мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік аппараттың нәтижелі қызмет атқаруы және оның жалпы тиімділігін арттыру әруақытта да басым мәселелердің бірі болып қалу тиіс. Оған қоса, бүгінгі таңдағы азаматтық белсенділіктің артуы біздің қоғамның кемелденуін және оныазаматтарды мемлекетті басқаруға тарту қажеттілігінің туындатып отырғаны бізді қуантатын жағдай. Бүгінде заң қабылдау және мемлекеттік басқарудағы ұйымдастырушылық жұмыстардың жоғары қарқынына көшті. "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" түбегейлі жаңа Заң қабылданды. "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға оппозициялық қызметке арналған нормалар енгізілді. Бұдан басқа заңнамалық новеллалардың қатарында саяси партия құру үшін азаматтардың санын екі есе қысқарту, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 % квотаны қарастыру, жала жабуды декриминализациялау және басқалар бар. Аталған қызмет Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесінің уақыт талаптарына сәйкес біртіндеп трансформациялануы үшін аса мәнді болып табылады.   Жүзеге асыру мерзімі 2015 жыл және 2020 жыл деп белгіленген стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген бірқатар міндеттер әлі күтілген нәтижені бермей отыр. Оның үстіне мемлекеттік аппараттың жеткілікті дәрежеде тиімді болмауының анағұрлым айқын көріністері, әсіресе дүние жүзінде орын алып отырған коронавирус індеті кезінде  тайға таңба басқандай сезілді. Ол жайында Президент Қ.К. Тоқаев  пандемия кезінде қоғамның дамуы үшін өзінің маңыздылығын дәлелдеген цифрлық инфрақұрылымның сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етудің қажеттігін айта отырып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізуді қатаң тапсырған болатын. Ал бұл бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты қанша жұмыстар іске асырылғанымен, нәтиже көзге көрінбей тұрғаны бізді де, әсіресе халықты да қынжылтады. Мемлекеттік органдардың арасында осы уақытқа дейін горизантальды деңгейдегі коммуникациялар дұрыс қалыптаспай отыр. Сонымен қатар, мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеуге бағытталған шаралар осы мезгілге дейін тиісті нәтиже бермей отыр. Бұл мәселенің көтерілгеніне де біраз уақыттың көлемі болды.Нақтырақ айтқанда, мемлекет қызметі жүзеге асатын салалардың санын азайтуға, яғни «жекешелендірудің екінші толқынына»  қарамастан, экономикадағы мемлекеттің үлесі жоғары деңгейде қалуда және ол 50%-дан артық көрсеткішті құрап отыр. Мемлекеттік басқару мәселесіне біраз зер салып зерттеу нәтижесінде кейбір ой-толғаныстарды ортаға салуға болады. Сонау 2012 жылы қабылданған «Қазақстан-2050»  стратегиясының түпкі мақсаты нақты көрсетіп тұрғандай, біз  қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізуге бағдарланған мемлекетті басқару үрдісін қалыптастыруымыз қажет. Бүгінгі таңда 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын да білеміз. Ол жайында әлеуметтік желіде, баспасөз беттерінде де айтылып та жүр. Оның жобасының негізгі қағидаттары мемлекеттік басқаруға қатысты қалыптасқан көзқарас пен жылдар бойы орын алып келген тұжырымдаманы трансформациялау, азаматтар мен қоғамның жедел және тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету. Өткен кезең қазақстандық конституциялық бірегейлікті нығайту үшін тарихи таңбалы оқиғаларымен ерекшеленді. Қазақстанда жоғарғы биліктің ауысуы орын алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты. Ол өкілеттілік Парламент Сенатының Төрағасына өтті. 2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің бастамасы бойынша Республика Конституциясының 2-бабына өзгерістер енгізілді. Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Президенті болып Қ.К. Тоқаев сайланды және ол 12 маусымда қызметіне кірісті. «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады»,-деп басып айтқан болатын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің 2019 жылдың 2  -қырқүйектегі Халыққа арнаған Жолдауында. Үкіметтің негізгі мақсаты азаматтар мен қоғамды басқару емес, керісінше олармен бірлесе отырып басқаруды жүзеге асыру, қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару үкіметтің қызмет аясына ғана тиесілі болмауы тиіс. Халықты мейлінше басқару үрдісіне  қатыстыра отырып, Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру және одан әрі дамыту. Аталған мәселені шешуде бірден-бір алдыға қоятын мәселе- мемлекеттік саясат тиімділігін арттыруға қатысты туындайтын мәселелер. Ең негізгі қағидат «барлығы да адамдар үшін». Мемлекет басшысы бұл мәселені әруақытта да бірінші орынға қоятыны белгілі. Өзінің халыққа арнаған Жолдауында да айтқан болатын. «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз.«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет». Ұрпақтан-ұрпаққа рухани-мәдени құндылықтарды жеткізу ұлттық құндылықтардың  тұрақты жүйесін жасайды. Сол үшін де зиялы этностар өткенімен сабақтастығын үзбейді. Осының нәтижесінде сыртқы дүниедегі өзіне сай келетін ұқсас қоғамдық өлшемдерді ішкі қажеттеліктеріне жаратып, ұлттық құқық жүйесін, ділін, сенімін қалыптастырады.