Сауд Арабиясы Иранның шабуылға қатысы барына дәлелдер келтірді
Сауд Арабиясы Иранның шабуылға қатысы барына дәлелдер келтірді
88
оқылды

Сауд Арабиясы Корольдіктің мұнай өндіретін зауыттарына жасалған шабуылдарға Иранның қатысы барын алға тартып, дәлелдер ұсынды.

Араб телеарналарынан көрсетілген тікелей эфирде Қорғаныс министрлігінің өкілі Түрки әл-Малики Иран шабуыл жасаған нысандардағы зымырандардың қалдықтарын көрсетті. Оның сөзінше, шабуылға 18 ұшқышсыз ұшатын авиация мен 7 қанатты зымыран жұмылдырылған. Олардың төртеуі Құрайсадағы зауытқа бағытталған. Үш зымыран мақсатқа жете алмаған.

Әл-Малики аталған зымырандар осы жылы Иранда шығарылуы мүмкін екенін атап өтті. Ол сондай-ақ шабуыл жасағанда қолданылған Delta Wing сынды дрондардың йемендік бүлікші-хуситтерде бар дрондардан қауқары артық екенін алға тартты.

Қорғаныс министрлігінің өкілі зымырандардың ұшып шыққан аумағы солтүстіктен яғни Иранға жақын аймақтан болғанын да айтты.

Өз кезегінде йемендік бүлікші-хуситтер Saudi Aramco-ның мұнай өндіру нысандарына шабуыл жасағанда жаңа типтегі авиация нысандарын қолданғандарын мәлімдеді.

Еске салсақ, 14 қыркүйекте Сауд Арабиясының мұнай өндіретін зауыттарына шабуыл жасалған еді. Салдарынан Корольдік мұнай өндіруді екі есеге дейін қысқартты.

Шабуылға жауапкершілікті йемендік хуситтер алғанымен, Вашингтон мен Эр-Рияд бұған Иранды айыптап отыр. Тегерен бұл айыптауларды жоққа шығарды.