Назарбаева Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері өкілдерімен кездесті

Назарбаева Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері өкілдерімен кездесті

19 қыркүйекте Дариға Назарбаева Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVIII отырысы аясында Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева Орыс православ шіркеуі Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафоновпен кездесті. Сенат басшысы Съезд Хатшылығының жұмысына белсенді қатысқаны және көп жылдан бері қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтты.

Д.Сафонов өз кезегінде Қазақстанға православ тұрғындарды қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.

«Ресейдің дінаралық кеңесі Қазақстанға зор құрметпен қарайды, диалог алаңының барлық ұсыныстарын қолдап келеді және бұдан былайғы ынтымақтастыққа үміт артады. Біз дінаралық форумды шақырудағы Қазақстанның тәжірибесін зерделеу үшін алдыңғы съездерге қатысушылардың материалдары мен сөйлеген сөздерін алғымыз келеді», - деп атап өтті Д.Сафонов.

Мәскеу Патриархатының өкілі сондай-ақ Патриарх Кириллдің Қазақстанға сапары 2021 жылға жоспарланғанын айтты.


Дариға Назарбаева «Әл-Азһар» ислам зерттеулері академиясының бас хатшысы Назир Мұхаммед Мұхаммед әл-Назир Аядпен әңгіме барысында бүкіл әлемдегі исламның рөлін нығайтуға, төзімділік пен барлық халықты ынтымаққа шақыратын діннің шынайы, бейбітсүйгіш мән-мағынасын насихаттауға бағытталған әл-Азхардың күш-жігерін жоғары бағалады. «Исламның ірі орталығында қазақстандық студенттер жақсы білім алуда, оларды оқытудағы көмектеріңіз үшін ризамыз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.Съезд Хатшылығының басшысы сондай-ақ Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының өкілі, Көмек көрсету, күтімге алу және даму мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымының Бас хатшысы Әбдулазиз Ахмад Сарханмен кездесті. Тараптар съездің қызметін дамыту, оның жаңа сапалық деңгейге шығуы жөніндегі бірлескен ынтымақтастықты талқылады. Әбдулазиз бен Ахмад Сархан көптеген әлемдік діндер қажет ететін шынайы бейбіт алаң құрғаны үшін Қазақстан басшылығына алғысын білдірді. «Сіз басшылық ететін диалог алаңы ұлтаралық келісім мен ішкі тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп отыр», - деді Дүниежүзілік көмек көрсету және даму мәселелері жөніндегі ұйымның Бас хатшысы.