Пандемия кезіндегі үрейді сейілткендей болды – Данияр Есен
Пандемия кезіндегі үрейді сейілткендей болды – Данияр Есен
Фото: Интернеттен алынды
183
оқылды
Жолдауда ел Президенті 2021 жылы қаңтардан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға өсетінін айтты.  Ал  2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы екі есе жоғары болады. Кез келген өркениетті мемлекеттерде ең көп жалақы алатын – дәрігерлер мен мұғалімдер.  Бізде де осы сала мамандарына көңіл бөліп отырғаны қуантады. Биылғы карантин мемлекеттік қызметте топырлап штат ұстаудың тиімсіз екенін дәлелдеді. Мемлекет Басшысы келесі жылы мемлекеттік қызметкерлердің санын 25 пайызға қысқарту керектігін айтты.  Осы уақытқа дейін әлеуметтік желілерде шетелдіктерге жер сату мәселесі қызу талқыланып келді. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев «Жер шетелдіктерге сатылмайды!» деп нақты нүктесін қойды. Шыны керек, бізде соңғы уақыттары өнер өкілдерін, спорт майталмандарын насихаттау белең алып кетті. Кез келген баланы тоқтатып қойып: «Болашақта кім боласың?» - десе, не әнші, не актер, не спортшы болатынын айтады.  Мұны не үшін айтып отырмын? Елімізде ғылым саласы кенжелеп қалғаны рас. Президент осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Жас ғалым» жобасымен зерттеу жүргізуге 1 мың грант бөлінетінін айтты. Демек, болашақта қазақтан әлемдік жаңалық ашатын жас ғалымдар шығып қалуы әбден мүмкін.  Жолдауда Президент бала сүйе алмай жүрген отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты. 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталады. Президенттің тапсырмасымен ЭКО бағдарламасы арқылы квота саны жеті есе көбейетін болады.  Жолдау пандемия кезінде орын алған үрейді сәл де болса сейілткендей болды. Жолдауда айтылған дүниелердің барлығы орындалып жатса, болашаққа деген ел сенімі нығая түспек.

                                                           ДАНИЯР ЕСЕН, журналист, тележүргізуші