«Білімді мыңды жығатынын ұмытпаған абзал» – Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов
«Білімді мыңды жығатынын ұмытпаған абзал» – Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов
– Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған Жолдауында көп маңызды мәселе айтылды.  Мәселен, «Биыл мемлекеттік қызмет­кер­лерді 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартуды жоспарлау керек. Нәтижесінде 2021 жылы 25%-ға қысқартуға қол жеткіземіз», – деді. Осы қысқартудың арқасында өзге қызмет­керлердің жалақысы жоғарылайтын болады. Бұл да жақсы жетістік деп айтуға болады. Сондай-ақ Жолдауда айтылған маңызды  мәселенің бірі ауыл шаруашылығына қатысты. Ауыл шаруашылығын дамыту қажет екенін айтып, Үкіметке тікелей тапсырма берілді. Бізді қуантып отырған нәрсе – ауылды дамыту. Ауылдың деңгейін көтеру үшін, моноқалаларды дамытуға айтарлықтай шаруалар атқарылатын болды. «Ауыл – ел бесігі» дейміз. Ел-жұртпен кездескенде ауылдың жағдайын көзімізбен көріп жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде ауылды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Мемлекет басшысы азаматтарға жауапсыз несие беруді тоқтату керегін айтты. «Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауат­тылығының тиісті деңгейде болмауы – олардың несие алуына кедергі келтірмеуі керек. Биыл менің тап­сырмам бойынша нор­мативтік-құқықтық база өзгертілді. Қарыз алу­шының төлем қабілетіне талап айтарлықтай күшейді», – деді Президент. Бұқаралық спортты дамыту мәселесі қозғалғаны да көңілді көншітті. Енді жергілікті әкімдіктер бұқаралық спорттың дамуына жауапты болады. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Бұқаралық спорт дамыса, жас­тарымыз құр жүрістен тыйылар еді. Мұның да елге берері мол. Мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі де кезек күттірмейтін дүниенің бірі. Сондай-ақ Президент қазіргі қалыптасқан онлайн білім беру жүйесіне қатысты өзінің сыни пікірін білдірді. Ең алдымен біз қалыптасқан дәстүрлі білім беруді жалғастыру мәселесін қарауымыз керек. Менің ойымша, ата-аналардың келісімімен балаларды дәстүрлі білім беруге көшіруге мүмкіндік бар деп есептеймін. Президенттің тапсырмаларының заңдық тұрғыда тұжырым­далуын Парламент  жан-жақты қарайтын болады.