Олардың қатарында көпбалалы аналар, белсенді жастар, көшбасшы әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, тағы басқа да әлеуметтік топтардан үміткерлер бар. Нәзік жанды қыз-келіншектер праймеризде белсенділік танытуда. Партияішілік іріктеуге қатысушылардың 36,4 пайызын әйелдер құрайды. Қазіргі кезде саяси додаға қатысушылар үгіт-насихат жұмыстарына жан-жақты дайындалуда. Насихаттық кезеңде өткізілетін шараларды пысықтап, арнайы штаб құрып, өз өкілдерін сайлап жатыр. 7 қыркүйекте үгіт-насихат кезеңі басталады. Әр кандидат хал-қадірінше өз бағдарламасын түсіндіріп, өзін сайлауға ниеттілердің қатарын толықтыруға қарекет қылады. Бұдан соң, яғни 1-3 қазанда дауыс беру кезеңі басталады. Егер сіз партия мүшесі болсаңыз, үйден шықпай-ақ дауыс бере алатын мүмкіндік жасалды. Кандидаттарға онлайн түрде primaries.kz веб-порталымен және саяси науқанға орай әзірленген мобильді қосымша арқылы дауыс беруге болады. Ал сіз орналасқан аймақта интернет желісі әлсіз немесе мүлдем болмаған жағдайда партия өкілі дауыс беру учаскесіне келіп, бюллетень арқылы дауыс бере алады. Болмаса онлайн кабинканың қызметін қолданады. Кандидаттардың тізімін порталдағы арнайы сілтемеден көре аласыздар. Егер партия құрамында болсаңыз, веб-портал немесе мобильді қосымша арқылы тіркеліп, «Кандидаттар» бөлімшесін басу арқылы олармен танысуға болады. Естеріңізге сала кетейік, елімізде «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі – праймериз жүріп жатыр және ол 3 қазанға дейін жалғаспақ.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы