Атап айтсақ, 17-28 тамыз аралығында облыста праймеризге қатысу үшін 853 үміткер құжат өткізсе, оның 243-і – 35 жасқа дейінгі жастар. Ал әйелдер қауымынан 308 (36.1%) үміткер тіркеуден өтті. Сондай-ақ 42 көпбалалы ана бар. Одан бөлек, 9 мүмкіндігі шектеулі азамат партияішілік сайлауға қатысады. Бір орынға үміткерлердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында 18 адам болса, Жамбылда бір орынға 6 үміткерден келеді. 7 қыркүйектен бастап праймериздің келесі кезеңі – үгіт-насихат басталады. 14-30 қыркүйек аралығында онлайн режимде жария пікірсайыстар өтеді. Партияішілік іріктеудің жеңімпаздары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдерге енгізілетін болады. Ал іріктеуден өтпеген, бірақ елеулі қолдауға ие болған азаматтар партияның жаңа кадрлық резервіне енеді.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы