Әлемдік сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан алғашқы жүздікке кірген емес. Көбіне Африка, Азия елдерімен қатарласа 110-120-орындарды бөліседі. Былтыр Непал, Сальвадор, Нигер, Замбия, Сьерра Леонеға жақын жайғасып, 113-орында болды. Бұл шынайы жағдайды көрсетіп тұрған секілді. Себебі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрығына ілінбеген мемлекеттік орган өкілдері кемде-кем. Ал ұсталмағандары пара алмады деген сөз емес. Ұстатпаған болар. Мәселен, биыл жыл басында агенттік жемқорлық шарпыған мемлекеттік органдардың рейтингін анықтады. Әдеттегідей, көш бастаған Ішкі істер министрлігі, кейінгі орындарда Қаржы министрлігі және Қорғаныс министрлігі. Ал өңірлердің арасында Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысының тұрғындары өзгелерге қарағанда жемқорлық бабымен көбірек айыпталған. Қысқасы, бірінен-бірі озады. Карантиндегі жемқорлық. Жұрт коронавирустан көз жұмып, ауа жетпей, демігіп жатқан қысылтаяң кезең де жемқор адамдарға кедергі болмаған. Карантинде 71 адам құрықталған. «71 жемқорлық қылмысы анықталды. Олардың басым бөлігі блок-бекеттер арқылы заңсыз өткізгені және карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік бергені үшін пара алумен байланысты», – деді агенттік. Тарқатсақ, солтүстіктегі шенді полицей ауданда бірнеше адамның еркін жүріп-тұруына рұқсат берем деп 1 млн 300 мың теңге алған. Ал Алматы облысында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары тендерде қамқорлық жасаймын деп 33 млн-ды қалтасына баспақ болған. Тізбектесек, осылай кете береді. Бұдан бөлек, жұрттың сынына қалған «СҚ-Фармация», Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басшыларына қатысты да іс қозғалды. Бір сөзбен айтқанда, төтенше жағдай, ел басына түскен күрделі кезең пара алудан мемлекеттік қызметшілерді қайтара алмаған. Қайта пандемияны «сәтті пайдаланып», бюджет қаражатына сатып алынуы тиіс дәрі-дәрмек, түрлі аппараттарды жоғары бағамен пұлдауға тырысқан әкімдік өкілдері аз болмады. Олардың түрлі қитұрқы әрекеттерін Zertteu Research ұйымы жариялап отырды. Қолына билік тиген кейбір мемлекеттік қызметкерлер, квазисектор өкілдері, погондылар қандай жағдай болса да, құқықтық шектеулерді айналып өтіп, қызметін пайдаланып, заңсыз табыс табуға кет әрі емес екенін талай дәлелдеген. Бірі конвертпен сұраса, басқасы есепшотына жіберуді техникалық сипаттамасын бір компанияға арнап жазады немесе «рақметін» қымбат көлік ретінде алғандары қаншама. Алайда көпшілігі әріптестерінің бірнеше жылды арқалап, түрмеге тоғытылуын ащы сабақ деп қабылдамайды. Тек өзі ешқашан ұсталмайтындай. Сырттай қарасаң, бір басын кессе, екіншісі өсіп шығатын аңыздағы гидра дерсің. Енді не істеуге болады? Өзіміздің әдіс әзірге зор нәтиже көрсете қойған жоқ. Ал шетелде қайткен? Шетелде қалай күрескен? Жалпы, сыбайлас жемқорлық көрініс таппаған ел жоқ. Дамыған елдер де зардап шегеді. 2014 жылы тақтан бас тартқан Испания королі Хуан Карлос І пара алуға қатысы бар деген айыптан әлі арыла қойған жоқ. Осы себепті жақында елін тастап кетті. 2014 жылы Еуроодақ комиссиясы Кәрі Құрлықтағы жемқорлықтың шығыны 120 млрд евро деп ресми жариялаған. Алайда 2016 жылы RAND Europe зерттеу ұйымы шынайы цифр 990 млрд евро деп мәлімдеді. Аз емес. Еуропа елдерінде бұл қылмыспен күресудің жолдары әртүрлі. Мәселен, Нидерландта күрес жария түрде жүреді. Жемқорлық қаупі туындайтын жерлерге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Жемқорлыққа жақын қызметтерге азаматтар ерекше таңдаумен сұрыпталады. Парамен ұсталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылып, барлық әлеуметтік қолдаудан қағылады. Аталған қылмыспен күресетін құзыреті кең арнайы орган бар. Жемқорлыққа қатысты барлық материалдар жарияланады. БАҚ ондай фактілерді зерттеуде ерекше рөл ойнайды. Яғни, ашықтық, тұрақты күрес, бақылау негізгі ұстаным деуге болады. Швеция – «заңсыз табыс табудан» алшақтау елдің бірі. Жыл сайынғы әлемдік рейтингте алғашқы үштікте жүреді. Салыстырмалы түрде «таза ел». ХІХ ғасырға дейін жемқорлыққа белшесінен батқан екен. Алайда 1923 жылдан бастап «Параға қарсы институт» жеке ұйымы жұмыс істейді. Оны қаржыландыратын кәсіпкерлер. Ол жемқорлыққа заңның түсіндірмесін жазады, жүргізеді. Бір қарағанда, түсіндірме жұмысының тиімділігі аздай. Дегенмен Швецияда нәтиже береді. Себебі ұйым жемқорлықты қоғамдық мәдениет, мораль арқылы кемітуге тырысады. Бұл елде жемқорлыққа қарсы күресетін арнайы прокурорлар бар. Бүкіл корольдікте олардың саны – 7 ғана. Арнайы полиция да қызмет етеді. Штат саны – 25. 10 млн халқы бар елге аз емес пе? Жоқ, себебі былтыр пара жайлы 117 хабар түскен. Ал сот 10 іс бойынша ғана үкім шығарған. Яғни, әдеттегі жаза, тыйым салу емес, жоғары жалақы, салық және қоғамдық пікірдің салмағымен елді жегідей жеген жемқорлықты минимум деңгейге түсірген. Мәселен, бизнес полициядан гөрі БАҚ-тан көбірек сескенеді деген ұғым бар. Себебі әлдебір компанияның пара бергені туралы газетте материал жарияланса, жұрт ол компаниядан теріс айналып, оның шығыны сот белгілеген айыппұлдан да көп болуы мүмкін. Азия. Оңтүстік Кореяның соңғы президенттері жемқорлық бабымен айыпталып, қызметінен қуылғанына қарамай, бұл елдің тұрмыстық парамен күрес тәжірибесі кісі қызығарлық. 1999 жылдан бері мұнда OPEN жүйесі қызмет етеді. Бұл азаматтардың өтінішін онлайн режимде қарастыратын жүйе. Сондай-ақ 2002 жылы күшіне енген жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң жағдайды анағұрлым түзеген. Заңға сай, жемқорлық фактісін кәмелетке толған кез келген азамат зерттей алады. Бұдан бөлек, шендінің пара алу туралы азаматтар жазған әрбір арызы бөлек қарастырылады. Ал көпке үлгі болған Сингапурдың тәжірибесіне де назар аударуға болады. Себебі мұнда Жемқорлықпен күрес бюросының саяси мүмкіндігі мол. Орган тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жеке сектордағы параның да жолын кесуге тырысады. Сондай-ақ бюро мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына зерттеу жүргізіп, қай жерлерде заңсыз табыс табу мүмкіндігі бар екенін анықтайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке сектормен те- ңестірілген. Мәселен, қазіргі премьер-министр Ли Сянь Лунның жылдық табысы 2,5 млн долларға жуық, ал министрлер 365 күнде 1,1 млн доллар арасында заңды жалақы алады. Яғни, жалақыны көтеру арқылы шенеуніктерді өзгеге дәмелі болудан, қол жаюдан аулақ еткен. Дегенмен сол мемлекеттік қызметкерлердің барлық есепшоты, мүлкі жыл сайын бақыланады. Сөз соңында. Қысқасы, адам бар жерде заңсыз табу түсінігі қатар жүреді. Тек жазалау және қатал заңды қабылдаумен діттеген нәтижеге жету қиын екен. Себебі пара берсе, әлгі заңның орындалуын қадағалаушылар көз жұмып қалуы әбден мүмкін. Енді не істеу керек? Қоғамның табысы артпаса, әлеуметтік жағдай түзелмесе, кедей кісі пара алуға да, беруге де бір табан жақын тұрады. Яғни, халықтың қаржылық жағдайы ортадан жоғары болуы тиіс. Бірақ мұның өзі аз. Қоғам лауазымды тұлғаларды – президент, әкім, судья, полицейлерді өзі сайлап, өзі бақыламаса, керісінше халық соларға қызмет ететін жүйе қалыптасады. Бұл жемқорлық кең жайылатын жағдайға әкеледі. Швециядағыдай қоғамдық пікір, медиа негізгі саяси, бизнес қатынастарды қадағалап, реттеп отырса, кәсіпкер, шенеунік жемқор атанудан үркіп, беделін бұзудан сескенсе ғана бұл індетті кемітуге болар еді.