Сөз басында бірден ескертейік, редакция ешбір жақтың сойылын соқпайды. Тек қоғамдағы кезекті мәселені зерттеуге тырысты. Орталықтың дегбірі қашқанын бірден байқауға болады. Олай болмай қайтсін, жеп отырған нанынан айырылып қалайын деп тұр. Өйткені Білім және ғылым министрлігі 35 тест орталығы мен ситуациялық орталықтың іргесін қалайтыны сөзімізге дәлел болады. Ең қызығы, министрлік осы ойын жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 8 млрд 74 млн 880 мың теңге алмақ. Соманы оқу нәтижесіндегі алшақтықты жою үшін ауыл мектептеріне қолдау көрсету мен мультимедиялық жабдықтармен жабдықтауға жұмсамақ. Соның ішінде тест орталықтарын салу жайы бар. Соңғысы UStudy брендімен жұмыс істейтін U-FUTURE компаниясының шамына тиді. Өйткені қарамағында 300 білікті маманды біріктірген ұжым бірнеше жылдан бері мұғалімдердің арасында біліктілік тестін өткізуді қолға алған-ды. Сонымен қатар орталық оқушылар арасында ерекше тестке дайындалу жүйесімен танымал. Себебі компания мектеп оқушыларынан тест алуды 2009 жылы бастаған-ды. Қазір еліміздің 20 өңірінде UStudy орталығы жұмыс істейді. Ал тамыр жайып келе жатқан компания не үшін министрлікке жақпай қалды?
Тартыстан зардап шегетін кім?
Байқасаңыз, министрлік осы арқылы шығынды көбейтіп, артық жұмыс арқалағысы келетін тәрізді. Өйткені аталған компанияның арқасында 2019 жылы мектеп мұғалімдерінің ұлттық біліктілік тестін өткізу бойынша 170 млн теңгеден астам қаражатты бюджетке қайтарылды. Ал 2020 жылы орталық 300 млн теңгеден астам қаржы үнемдейміз деп отыр. Естеріңізде болса, UStudy 2019 жылы Білім министрлігімен бірге 10 жыл бойы мемлекеттік емтиханның 3 түрін тегін өткізуге келіскен-ді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында жүзеге асқан еді. Жоғарыдағы көрсеткіш тек бір емтиханды өткізуде үнемделген қаржыны айқындады. Ал аталған емтиханның 2 жылда бір рет өтетінін ескерсек, компанияның бюджетке салмақ салмайтыны белгілі. Кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің айтуынша, мемлекет 10 жыл ішінде біліктілік тестінен 3 млрд теңге үнемдей алады. Ал компания басшысы Олжас Хайроллаұлының айтуынша, орталыққа 4,3 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Жоба аумағын кеңейту мақсатында өңірлік орталық санын 20-дан 53-ке дейін көбейту жоспарда бар екен. Ол үшін қосымша 1,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Компания аталған 33 өңірлік орталықтың денін моноқалалар мен үлкен аудан орталықтарынан ашуды қалайды. Өйткені бұл ауыл балаларына сынаққа лайықты түрде дайындалуға септігі тиетінін алға тартады. Әрі олар 2030 жылға дейін жобаның географиялық аумағын кеңейтіп, шетелдермен жұмыс істеуді мақсат тұтады. Ал амбициясы зор, жоспары айқын жобаны министрліктің ығыстыруына не себеп? Министрліктің жауабын біздің де білгіміз келді. Жауапты органның баспасөз қызметіне күні бұрын жазып, жауап күттік. Десек те, министрліктің неліктен елде бар жобаға шетелден қаржы алуға бел байлағанын біле алмадық. Хабары жоқ. Есесіне, UStudy орталығының басшысы Олжас Хайроллаұлы жағдайды тәптіштеп түсіндіріп берді.«Егер министрлік Дүниежүзілік банктен қарыз алса, оның пайызы бар екенін ескерген жөн. Негізінен, ақша ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюға жұмсалады. Ал министрлік соны бұрып, Үкімет қарамағында тест орталықтарын салуды көздеп отыр. Бірақ бұл инфрақұрылым бізде бар. Сөйте тұра шығынданса, министрлік бюджетке салмақ салады. Оған операциялық, капиталға қатысты шығындарды қосыңыз. Мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді», – дейді Олжас Хайроллаұлы. Осыдан кейін зардап шегетін кім? Әрине, мұғалім мен оқушыға зияны тиеді. Орталық басшысы мемлекеттік тапсырыстан түскен ақшаны үнемдейміз деп отыр. Айтуынша, компания статистиканың бәрін онлайн көрсетеді. Орталықта оны бұрмалауға мүмкіндік жоқ. Бір сөзінде Олжас Хайроллаұлы биыл өткен ҰБТ-ға да сын айтты. «Кеудесімен камераны жауып көмектескен кезекші, оқушы қалтасындағы телефонға көз жұма қараған қызметкер білім саласындағы жемқорлықтың тыйылмағанын көрсетеді», – дейді ол. Ал UStudy компьютерлік тестілеу орталығында мұндайға қатаң шектеу қойылған. Оқушы мен мұғалімді металл анықтаушы құралдан бастап түрлі тексеріс күтіп тұрады. Осылайша, компания объективті көрсеткіш жасауға құмар. Мәселен, бұрын мұғалімдердің біліктілік тестінен педагогтердің 60-70%-ы өтсе, қазір 44-45%-ы ғана дәрежесін дәлелдеп шығады. Олжас Хайроллаұлы мұны қатаң тексеру мен академиялық адалдыққа ұмтылудың көрсеткіші екенін айтады. Ал цифрлардың өзгеруін бұрын көзбояумен жүргізілген есеп, жүрдім-бардым ұйымдастырылған курстың нәтижесі деп отыр. «Өрлеу» орталығы, НИШ өкілдері мұғалімдерді біліктілік курсынан өткізгенімен, сапа жоқ. Өйткені олар UStudy өткізген тесттен өте алмай жатыр. Мұның бәрі осыған дейінгі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің нәтижесі. Осылай жалғаса берсе, білім саласы дамымайды», – дейді компания басшысы.
Біліктілік тесті неге кейінге қалды?
Айтпақшы, биыл мұғалімдердің біліктілік тесті бірнеше рет кейінге қалды. Оған себеп министрліктің UStudy-ге қырын қарауы. Салдарынан мұғалімдер біліктілік үшін алатын қосымша ақысынан қағылған екен.«Өздеріңізге белгілі, министрлік тест өткізуді тоқтатты. Жаз бойы бірнеше рет ауыстырды. Мұғалімдер біліктілік тестін тапсыра алмай, 1 қыркүйекте үстемеақыларын ала алмай қалды. Ұстаздардың зардап шеккені тағы бар. Компанияның жағдайды жар салып, жанайқайын жеткізуінің бір себебі – осы. Сондықтан Елбасы мен Президенттен қолдау сұрап жатырмыз», – дейді Олжас Хайроллаұлы.Иә, мұны компанияның әлеуметтік желідегі парақшасынан байқауға болады. Мұғалімдер мен елдегі беделді тұлғалар орталықтың жағдайын түсініп, жоғары жақтан араша сұрады. Соның бірі – белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген. Ол бұл жағдай туралы UStudy-дің Facebook парақшасынан білген екен. Кәсіпкер министрліктің бұл әрекетін түсінбеген.
«Елімізде экономикалық дағдарыс болып жатыр. Бір жағынан індетпен күреске барынша күш салып жүрміз. Біз осы тұста 35 тест орталығын салу үшін Дүниежүзілік банктен 8 млрд теңге қарыз алмақпыз. Ал елімізде заманауи үлгідегі тест орталығы бар. Оның үстіне, оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4,3 млрд теңге инвестиция құйдық. Нәтижелі жұмыс істеп отыр. Министрліктің позициясын байқаған басқа да кәсіпкерлер енді МЖӘ жобаларды алуға аяқ тартып қалады. Бұл жағдайда мемлекет нәтижесіз оператордың күйін кешпек. Мұндай жобаның басым бөлігін бизнеске беру керек. Жобаларға кедергі жасамаса игі. Өйткені мемлекет араласқан жерде жемқорлық пайда болуы мүмкін», – дейді Қайрат Құдайберген.Әлеуметтік желіде пікір қалдырған оқырмандар да кәсіпкер пікірімен келіседі. Олар да мемлекеттен еншісін бөліп алған жобаларда ғана даму барын айтады. Осы тұста министр Асхат Аймағамбетов қызметке келгелі бері академиялық адалдық туралы сан рет айтқанын білеміз. Ал тура жолмен жүруді мақсат еткен министрдің сөзден тайқуына не себеп болды? Расымен, білім саласы жемқорлықтан көз ашпағанының белгісі ме? Білуімізше, орталыққа біліктілік тестін қайталап тапсырудан болмашы ақша түседі. Оның үстіне қайталап тапсыру ұстаздардың өз еркінде. Әрі тесттің жыл бойынша белгілі лимиті бар. Байқауымызша, жауапты орган тесттің негізгі жүгін UStudy-ге артқысы келмейді. Неліктен? Қауқарымыз келмей қалады деп ойлайтын сияқты. Жоғарыда айтқандай, саланы бизнеске берсек, жемқорлық дерегі азаяды. Ал бұл фактор кімге тиімсіз? Демек, солар білім саласындағы біраз ақшаны қармап қалғысы келеді. «Уысымда ұстасам, әмір беру оңай болады» дейтін сыңайлы. Министрлік пен UStudy орталығы арасындағы тартыстың қалай аяқталатыны белгісіз. Сондықтан компания Мемлекет басшысына сөзіміз жетсе дейді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет жекеменшік компанияның арызын қарайтын болар. Ал министрлік өкілдері жағдай туралы мәлімдеме жасаса дейміз. Өйткені 4,3 млрд инвестиция мен 8,074 млрд қарыздың арасында айырмашылық бар емес пе?