Рысқалиевтер ісі: Мемлекетке 44 млрд теңге қайтарылды
Рысқалиевтер ісі: Мемлекетке 44 млрд теңге қайтарылды
5,133
оқылды

Бас прокуратура Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен ағасының ісіне қатысты мәлімдеді.

«Елден қашқандардың барлығын ұстап, сотқа тапсыру ісі әлі де аяқталған жоқ. Мәселен, Атырау облысының бұрынғы әкімі мен оның ағасына қатысты іс. Ол әкім болған күннен бастап қылмыстық топ құрған. 2006-2012 жылдар аралығында олар арнайы жүйе бойынша мемлекет меншігіндегі нысандарды өз адамдарына арзан бағамен сатып, қоғамдық нысандар құрылысының бағасын негізсіз көтерген. Осы бойынша ірі көлемде пара алып, қылмыстық мақсатта жалған құжаттар жасаған»,– деді Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов.

Прокуратура өкілінің мәліметінше, ұрланған ақша арнайы құрылған жалған фирмалар арқылы заңдастырылып, шетелге шығарылып отырған. «Ұйымдасқан Рысқалиев-Альбакасов қылмыстық тобы газдандыру нысандарындағы бюджет қаражатын, электрмен, сумен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы, көпір құрылысы және басқа да нысандарды салу бойынша қаражатты ұрлаған»,– деді ол.

Бас прокуратураның хабарлауынша, аталған іс бойынша сот үкімімен 185 нысан тәркіленіп, мемлекетке 44 миллиард теңге қаржы өндіріліп алынды.