5,1 миллион тенгенің қызметі жалған болды

5,1 миллион тенгенің қызметі жалған болды

«Жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, сақ­тандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен осы 26 тамызға дейінгі аралықта Ал­маты қаласынан қорға 77,4 мил­лиард теңгеден астам жарна ау­дарылды. Оның 65,6 миллиард теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 11,8 миллиард теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құ­қық­тық келісімшарт бойынша ең­­бек ететіндерге тиесілі», – деді филиал директоры Тілеухан Әбіл­даев.
Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлеушілер (БЖТ) саны да артып келеді. Алматы қаласы бойынша өткен жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 192 мыңнан астам адам 294,7 миллион теңге көлемінде БЖТ төлеген.
«Соңғы кезде көктемгі ка­ран­тин кезінде ақысыз еңбек де­малысына кетуге мәжбүр бол­ған адамдардың да статустан айырылып қалғаны туралы көп айтылып жүр. Үкімет осындай азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС па­кетіндегі қызметтерді толық пай­далануға мүмкіндік алды. Олар: соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар; соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жар­на қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, же­кемен­шік нотариустар, жеке­мен­шік сот орындаушылары, адвокат­тар; мемлекет тарапынан сақтан­дырылған, бірақ 42 500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, әлеуметтік ста­тусы бар тұрғындар тізімінен шы­ғып қалғандар», – деді Тілеу­хан Әбілдаев. Қор аталған санаттардың бәріне автоматты түрде сақтандыру статусын берді.
Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласы коронавирус пен пневмонияға қарсы күреске ба­сым­дық берді. Медицина ұйым­дары провизорлық стационар ретінде қайта жасақталып, мың­даған ма­ман ауруханаларда тәу­лік бойы кезекшілікте тұрды. Жұқ­палы вирусты емдеу мен алдын алу ша­ра­ларын қаржыландыру міндеті Медициналық сақтандыру қорына жүктелді. Брифинг  барысында филиал директоры Алматы қаласы бойынша коронавирусқа қарсы күреске 12,4 миллиард теңге бө­лінгеніне тоқталды. Алғашында біраз шу тудырған дәрігерлерге қосымша ақы төлеу мәселесі де қазір ретке келгендей. Наурыз-шілде аралығында 27 265 медицина қызметкеріне 8,9 миллиард теңге көлемінде қосымша ақы төленді. Атап айтқанда: 1-топ бойынша – 6 733 маманға 4,2 миллиард теңге;  2-топ бойынша – 12 376 маманға 3,6 миллиард теңге; 3-топ бойынша – 8 156  маманға 1,1 мил­лиард теңге төленді. Медициналық сақтандыру қо­рының Алматы қалалық филиалы сарапшылары осы жылдың бірін­ші жартысында көрсетілген қыз­мет сапасы мен көлеміне қатысты 4 мың­нан астам кемшілік анықтады. Аталған кемшіліктер бойынша медицина ұйымдарына 200 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Әйтсе де, Тілеухан Әбілдаев­тың айтуына қарағанда, кемшілік саны мен сомасы жыл өткен сайын азайып келеді. Мысалы, биылғы сома өткен жылдың бірінші жар­тысымен салыстырғанда 50 млн тең­геге кем.
«Бүгінде дәрігер қабылдауында болмаған адамды «болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті болып тұрғаны рас. Әсі­ресе, бұл мәселе әлеуметтік же­лілерде жиі қозғалып жүр. Жарты жылда филиал мамандары ақ­параттық жүйеде «пациенттерге көрсетілді» деп жазылған 5,1 миллион тең­ге болатын 240-қа жуық қызметтің шын мәнінде көрсетілмегенін анықтады. Ем­хана­лық-амбулаторлық көмекке жүргізілген мониторинг кезінде анықталған бұл кемшіліктер қа­ла­дағы 24 медицина ұйымына тиесілі. Дегенмен өткен жыл­дың бірінші жартысымен салыс­тырғанда бұл көрсеткіш 2 есе кемігені байқалады», – деді Тілеу­хан Әбілдаев.
Қор қызмет көрсетуші кли­н­икалар тарапынан жіберілетін мұндай кемшіліктерді анықтап, шара қолданып келеді. Спикер қоғамды осындай келеңсіздіктерді бірге анықтауға шақырды.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ