Мұғалім қарсыласын атып тастады
Мұғалім қарсыласын атып тастады
«Мойынқұм ауылындағы азық-түлік дүкенінің жанында екі жас жігіттің арасында жанжал болып, соңы олардың біреуінің қайтыс бо­луымен аяқталды. Аталған ауыр қылмыстың  себебі тергеліп жа­тыр. Атылған қарудың даусын ес­тіген жақын маңдағы үйлердің тұрғындары бірден полицияға ха­барласқан. Оқиға орнына дереу жеткен же­дел тергеу тобы ер адамның мәйітін тапты. Анықталғандай, ол Қылышбай ауылының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қажетті сот-медициналық сарап­тамалар тағайындалды. Тергеу барысында полиция қызметкерлері Мойынқұм ауылының 27 жастағы тұрғынын ұстады, одан 20 калибрлі қару тәркіленді. Қазіргі уақытта орын алған жан­жалдың себептері анықталуда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – дейді де­партамент мамандары ресми ақ­паратта. Алайда жанжал неден туды? Кү­діктінің көлігінде қару қайдан жүр? Адам өліміне апаратындай тараптар нені бөлісе алмады? Бұл сауалдарға жауап табу мақ­сатында мойынқұмдықтарға ха­барласып, мән-жайды сұрадық. Білгеніміз, күдікті шын мәнінде аудандық «Өнер» мектебінде мұғалім екен. Қаза тапқан азаматпен Қылыш­бай ауылына барғанда ере­гісіп қалыпты. Содан бері екі жігіт  бір-бірін көріп қалса, соңы төбелеспен аяқталып жүрген кө­рінеді. Осылайша, шырқау шегіне жеткен кикілжіңнің   соңғы нүктесі Мойынқұм ауылында қойылған. Видеоға зер салып қарайтын болсақ, екі жігіттің көлікте отырған біреуді ұрып жатқанын байқау қиын емес. Жұдырықтан сытылып шыққан күдікті көлігімен біраз жерге  жүріп барып, одан кейін мылтықты  алып қайта түседі. Осы сәтте екі баланың бірі қашып үлгерсе, екіншісінің басынан оқ тиіп сұлап түскенін көруге болады. Күдіктінің ішкі кегі қаза тапқан жігітке әбден жиналған секілді. Себебі видеода ұсталған жігіт қаза болған адамды бір емес екі рет атып, тек екінші оғын тигізе алғандай көрінеді. Мойынқұмдықтардың ай­туын­ша, күдікті жігіт қылмыс жа­сағаннан кейін үйіне барып  жуынып-шайынып, киімін ауыс­тырып, аудандық ішкі іс­тер бөліміне өз еркімен барып берілген. Тағы бір бейресми ақ­партқа сүйенсек, сол күні қаза болған жігіттің жақындары ішкі істер бөлімінің алдына жиналып, кек алмақ болған  екен. Алайда тәртіп сақшылары жиналғандарды таратып, тәртіпсіздікті болдыр­маған. Қазір құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатқандықтан, көп нәрсе айтылмауда. Десе де, қарапайым жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталып отырғаны жан­ға батады.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы