Оқиға орнына тергеушілердің жедел тобы аттанған. Оларға шаруа қожалығының 27 жасар басшысы аса қымбат тұратын, ағылшын тұқымына жататын атын түнде әлдекімнің ұрлап кеткенін мәлім етті. Қылмыс орнын, ондағы айғақзаттарды мұқият зерттеген полицейлер бұл қылмысты сол құнды арғымақты бағып-күткен адам жасады деген байламға келіпті. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті, атап айтқанда 33 жасар жылқышы ұсталды. Тәртіп сақшыларының әбжіл қимылы арқасында қылмыскер жүйрік тұлпарды сатып үлгермей қалды. Алақол малшының үстінен Қылмыстық кодекстің «мал ұрлау» деп аталатын 188-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап мүлкін тәркілеуді және 3 мың АЕК-ке (8 млн 334 мың теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды немесе 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі кезде тергеу жүргізілуде. Ал Алматы облысында автожол үстінде көкпар тартқандар жауапкершілікке тартылды. Осының алдында әлеуметтік желіде Қарасай ауданындағы тасжол үстінде бір топ аттының автокөліктерге кедергі келтіріп, олардың алдарынан ойқастап, көкпар ойнаған бейнежазбасы жарияланды. Интернетке тұрақты мониторинг жүргізетін полицейлер сол роликке жолығады. Бейнежазбада 20-30 аттылы адам жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, Алматы – Бішкек автожолы бойында, Қарасай ауданының Бұлақты ауылының маңында рұқсатсыз жарыс ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері оларды анықтау және жазалау үшін шара қабылдады. Қабылданған шаралар нәтижесінде көкпарды бастаған және оған белсенді атсалысқан Бұлақты кентінің 8 жергілікті тұрғыны табылды. Осы тұрғынның бәрі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, айыппұлмен жазаланды.
Елдос СЕНБАЙ