Полиция қандай болуы керек: қатал ма, қайырымды ма?
Полиция қандай болуы керек: қатал ма, қайырымды ма?

Қазақ полициясы туралы көп айтылады. Көпке топырақ шашу жақсы емес, әрине. Дегенмен көп ретте олардың дөрекі екені, жемқорлыққа бейім, істі ашуға құлық танытпайтыны жиі жазылып жүр. Әлбетте, бұл жаңсақ емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев би­лікке келгелі бері ішкі істер сала­сын реформалау тақыры­бы жиі бой көтере бастады. Президент бұл туралы Жолдауында да мә­се­­­ле көтерді. Президенттің сөзін­ше, алдағы үш жылда Ішкі істер министрлігінің реформасы үшін 173 миллиард теңге бөлінбек.

– Қазіргі таңдағы өзекті мәсе­ленің бірі – құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау. Полиция енді күшін көрсететін емес, азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет ететін органға айналуы тиіс. Бірінші кезеңде 2020 жылдың аяғына дейін әкімшілік полиция комитеті жұмысын қайта ұйымдастыру маңызды. Мұны өте сапалы түрде жүзеге асыру керек, – деді Президент.

Аталған қаражат полицей­лер­дің жалақысына, тұрғын үй арендасына, халыққа қызмет көрсету негізіндегі фронт-офис­тер құруға жұмсалмақ.

– Бұл салада кәсіби кадрлар жұмыс істеу керек. Үкіметке олардың жалақысын көтеруді, бұл мақсатқа 40 млрд теңге бөлуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.

Реформалау қазірдің өзінде басталып кеткен. 106 бөлім мен 1180 басшылық қызметі қысқар­тыл­ған. Бұл экономикаға 16 мил­лиард теңге пайда әкеліпті. Үнемделген осы қаражат және Үкі­мет берген 20 млрд қыз­мет­­кер­лердің жалақысын жоға­ры­ла­туға жұмсалмақ. Мұның бәрі – билік және Үкімет тарапынан айтылған ресми мәлімдемелер. Оның орындаларына күмән­дан­бай-ақ қояйық. Бірақ бір нәрсе көңілді мазалай бере­ді. Ол – біздегі полиция пси­­хологиясы. Тұрғындар қауіп­сіз­д­ігін қорғаудан гөрі оларға қауіп төндіру, алдымен хал сұрамай, құжат сұрау, өз елінің азам­атына емес, ата жауына өшік­кендей қарым-қатынас жа­сау – қазақ полициясына тән ғадет болып барады. Президент ауыз толтырып айтып отырған реформа алдымен осы мәселені реттеу керек. Мұндай ойды әлеу­мет­тік желіде «Требуем ре­форму МВД» тобының өкілдері соңғы кезде жиі айтып жүр.

– Полицейлердің жалақысы – өте маңызды мәселе. Өте көп талқыланды да. Полицейлердің жалақысы және әлеуметтік пакеті өмір сүруі үшін жоғары деңгейде болғанын қолдаймыз. Грузия тәжірибесі бізге әлеумет­тік тұрғыдан қорғалмаған адам­нан әлденені талап етудің өзі мүм­кін емес екенін дәлелдеп берді. Ойлап көріңізші, егер полицей қайтыс болса, оның балаларына кім қамқор болады? Грузияда полицияның өзі мен отбасы мүшелерін қамтамасыз ететін арнаулы медициналық сақтандыру бар. Балаларын тегін оқытады. Мемлекет белгілі бір деңгейде оларға қамқор деген сөз. Сонда ғана ол жемқорлықтан аулақ болады. Бір сәттік пара алу отбасына қатер төндіретінін жақсы түсінеді. Егер полицей әйелі, баласы, ата-анасына арналған әлеуметтік пакет бола тұра пара алса, онда бірінші оған сөгіс беріледі. Сөйтіп, бес жылға керемет игіліктен айы­ры­лады. Ал екінші рет қай­та­ласа – жұмыстан қуылады. Қа­зақ­станда отбасы құндылығы мен пікірінің қаншалықты маңыз­ғ­а ие екенін білесіз. Қанша де­генмен ғасырлардан бері қа­лып­тасқан дәстүр адамның от­басы алдындағы ұяты мен жа­уап­кер­ші­лігіне әсер етеді. Осы мә­се­лені жедел түрде жолға қою ке­рек, – дейді азаматтық бел­сен­ді Ерлан Нұрпейісов.

Бұдан келіп шығатын қо­ры­­тынды – толыққанды мате­риал­дық игілікпен қамтылған по­лиция халыққа адал қызмет көр­сетуі керек. Әлемнің бірқатар елінде ішкі істер қызметі осылай жолға қойылған.

– Полиция бірінші кезекте – сервис орталығы секілді жұмыс істеуі қажет. Шақырасың, ол ке­леді де тұрғындарға өз қыз­ме­тін ұсынады. Екіншіден, біз мониторинг жүйесінің өзгергенін қалаймыз. Қылмыс туралы нақ­ты, тәуелсіз статистика алып оты­руымыз керек. Үшінші мәсе­ле – полицияның халықпен тізе қосып, ақылдасып жұмыс істеуі. Біз де қазір мұның бірі де жоқ, – дейді реформа талап етушілердің бірі Әсет Наурызбаев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидің айтуынша, шұғыл қызмет өкіл­­дері мен тергеу бөлімдері ғана емес, патрулдік полиция, кә­ме­летке толмағандармен жұ­мыс істейтін учаскелік инс­пек­тор­лардың да жалақысы өседі. Бәрін қоса есептегенде – 9 мың адам. Шамамен бір полицейді қаржыландыру бюджет үшін 250-320 мың теңге көлемінде шығынға түспек.


Әлеуметтік желіде полиция реформасын табанды түрде талап етіп жүргендердің бірі – Ирина Ме­дникова. Ирина бастаған топ Ішкі істер министрлігіне ар­нап 16 нақты ұсыныс даярлап қойған.

– Біздің ұсыныстар үш бір­­дей негізден құралады – сер­вис­тік мо­дельге көшіру үшін құры­лым­дық реформа жүргізу, жаңа кадр саясаты және полиция қыз­­метінің ашықтығы һәм жа­уап­­кершілігі. Бұл тұрғыда біз министрлік басшылығына аза­­маттық тұлғаның келгенін қа­лай­­мыз, – дейді Ирина. Олар ұсы­ныстарын жазып, жұптап, ІІМ-ге, Президентке, Үкімет басшысы мен депутаттарға да жолдап қойған. «Қазірдің өзінде кей жобаларымызды орындап жатыр, бірақ өзімізге ешкім хабарласпады» дейді.

Қарап отырсақ, ішкі іс­тер саласын өзгертуге деген Үкі­мет­тің де ықыласы жоғары. Оған азаматтық белсенділер де лайықты үн қосуда. Әрине, мұн­дай күрделі мәселеде пікір­лердің екіұшты өрбуі заңды нәр­се. Қазақ полициясының таби­ғатында кеңестік ішкі істер органдарының мінез-құлқы сақ­талып қалғаны еш жасырын емес. Кеңестік кезеңде полиция билікті халықтан қорғау үшін жан аямады. Олар ел арасында туындаған қандай да бір акциялар мен пикеттердің бетін қайтару үшін жұмыс істеді. Ұшқыны шыққан көтерілісті лезде өшіру үшін барын салады. Ол жолда бейбіт халықты да аямауға бар. Мұндай агрессиялы көзқарас бейбіт уақытта да полицияның санасынан жоғалып кетпек емес. Көшеде келе жатып қара­пайым адамдарды тексеру бары­сын­да да дөрекілік танытып қала­ды. Сен олармен мейлінше сыпайы сөйлесуге тырысқан сайын, олардың саған деген ашуы арындай түседі. Қандай да бір кемшілігіңді тапса, сол арқылы пайда көруді көздейді. Шын мәнінде, полиция – ха­лық­ты қорғаушы күш. Олар бюд­жет, яғни халық жинаған қар­жыға өмір сүреді. Сөйте тұра, халықпен біржола өштескен. Бұл ретте көп сарапшылар Грузияны мысалға келтіреді. Аталған ел би­лігі ішкі істер саласын толық­қан­ды отставкаға жіберіп, оның орнына құқықтық білімі жоқ азаматтарды жинаған еді. Сөй­тіп, елдегі ішкі істер жүйесін – ха­лыққа қызмет көрсетуші, олар­ға көмектесуші, күн-түн де­мей қауіпсіздігін қамтамасыз етуші жүйеге айналдырды. Әри­не, олар мұндай керемет идеяны Еуропа елдерінен, бәлкім, АҚШ-тан көшірді. Бірақ соған тәуе­келі жетті ғой. Әйтпесе, бүгін құ­қық­т­ық саласы адам таны­мас­тай өзгеріп жатқан Грузия да, Ук­раина да бізбен бірге Кеңес шек­пенінен шыққан елдер емес пе еді?! Экономикасы мен бюд­жеті де бізден асып-тасып кет­кен деуге ауыз бармайды. Де­­мек, мұндай іргелі һәм жа­ғым­­ды өзгерісті біз де жасай ала­мыз. Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатында Грузия тәжірибесі жайлы пікір білдірген. «Сіз жемқорлықпен кү­ресудің маңызы туралы ай­тып өттіңіз. Бұл ретте Грузия­ға қолданылған Михаил Саакашвили тәжірибесіне ұқ­сауы мүмкін бе?» деген сұрақ­қа «Мен бұл ту­­ралы естігем. Болашақта біз де пилоттық жоба ретінде жер­гі­лікті муниципалды полиция қызметіне реформа жасауымыз мүмкін. Бұл менің жоспарымда бар. Бірақ пилоттық режимде, жекелеген аймақтарда ғана. Саака­швилиге жеңіл болды – оның елі кішкентай, халық са­ны да 3 миллионнан сәл аса­ды. Сондықтан эксперимент жаса­ған­да өте сақ болған абзал», – дейді Мемлекет басшысы.

Белсенділердің айтуынша, сервистік полиция құрамына тек құқық қорғау органдары қыз­­меткерлері ғана кірмейді. Сер­вистік топ – денсаулық, бі­лім, әлеуметтік қорғау саласы өкілдерімен де толығуы тиіс. Бұл расында ақылға сыйымды. Себебі сан түрлі сала өкілдерінен құралған топ халықтың әлеу­мет­тік проблемаларын бірге зерттейді, зерделейді. Соның ла­йықты, бейбіт шешімін та­бу­ға тырысады. Халықпен жұ­­мыс істеудің дәл осы түрі Ұлы­­британияда Тони Блэр пре­мьер-министр болып тұрған сәт­те енгізіліп, кейін күллі Еуропаға ауадай жайылған. Мамандардың айтуынша, қазір осындай тәжі­рибе біртіндеп Алматыда қол­ға алына бастаған. Медеу ауда­нын­да құрамына полиция, денсаулық саласы, прокуратура, білім, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері кірген топ тұрақты офисте жұмыс істейді. «Олар тұрғындарды не алаңдататынын зерттеп, проблемаларды шешу үшін кешенді түрде жұмысқа кіріседі» деді Ерлан Нұрпейісов.

173 млрд теңгенің бөлінуі – жақсы бастама. Енді бұл қаражат та орта жолдан саудаға түсіп кетпей, діттеген межесіне аман-сау жетсе ғана бір өзгерісті күтуге болатын сияқты. Алаулатып-жалаулатқан реформа жалақы көтерумен, үй алып берумен ғана шектелсе – онда сервистік полицияның елесі ғана қазақ даласы мен қаласын кезіп жү­руі кәдік. Бұл жерде биліктің по­лиция психологиясымен жұмыс істей алуы аса маңызды болып тұр.