Қызылорда – руханият әлемінің бесігі
Қызылорда – руханият әлемінің бесігі
247
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған алғашқы Жолдауында «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламаларын, туризм, спорт, мәдениет және тіл саясаты салаларындағы жобаларды іске асыру жөнінде бірқатар міндет қойған. Сол мәселелердің орындалуы, қандай жұмыстардың атқарылып жатқаны Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқарбек Есжановпен әңгімелесуді жөн көрдік. Себебі Қызылорда өңірі – ғасырлар бойы қалыптасып келген қазақ мәдениетінің көне ошақтарының бірі. Қызылорда ел арасында «Сыр елі – жыр елі» деп аталуы да бекер емес.

– Асқарбек Темірбекұлы, ұлт­­тық құндылықты, салт-дәс­түрі­мізді көздің қара­шы­ғын­дай сақтап, оны байытып, ұмыт бол­ғанын қайта жаңғыртып, жас­тар­ды ұлттық рухта тәрбиелеу – басты мақсат. Дегенмен өсіп ке­ле жатқан талантты жастардың за­ман талабына сай өсуіне қа­ла­лық мәдениет басқармасы қан­шалықты үлес қосуда?

– Абайдың даналығы, Әуе­зов­тің ғұламалығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жет­кен бабалар үні – біздің ру­ха­ни мәдениеттің бір парасы ға­на. Ал ұлттық салт-дәстүріміз, жөн-жоралғымыз, тіліміз бен м­у­зыкамыз, әдебиетіміз, әр қа­зақ­тың бойында мәңгі қалуы тиіс. Осыны сақтап қалу үшін әрбір ұлтын сүйер азаматтың міндеті деп білемін. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты қалалық мәде­­ниет үйі, клубтары және ха­лықтық ұжымдар, қала­лық орта­лықтандырылған кі­тап­ханалар жүйесі және қалалық мә­дени-демалыс паркі бар.

Мамыр айынан бастап сол жағалаудағы Қызылорда қа­ла­сының тарих музейі қалалық мә­дениет бөлімінің теңгеріміне бе­рілген. Бүгінде мекеме жос­пар­ға сәйкес өз жұмысын істеуде. Оған қоса, қала бойынша 35 мә­­де­ни нысан, қалалық клуб, кент­­тік клуб, ауылдық округтерге қа­расты 3 ауылдық мәдениет үйі, 8 ауылдық, 13 қалалық кітап­ха­на, қалалық тарих музейі бар. Биыл­­­дың өзінде 500-ге жуық мә­­­дени іс-шара өткізіліп, бүкіл ауыл-аймақтан жұрт жиналған бо­латын.

– Биыл – Жастар жылы. Осы­ған байланысты қандай шаралар өті­зіліп, қандай көмек көрсетілді?

– Әрине, Тұңғыш Пре­зи­дент­тің Жарлығымен Жастар жы­лы деп жарияланған. Міне, со­ған қатысты креативті шаралар өту­де. Мәселен, «Жастықтың оты жа­лындап» атты республикалық жас ақын­дар айтысы өтті. Айтысқа елі­міздің түкпір-түкпірінен және Сыр өңірінен 10 жас ақын қа­тыс­ты. Ақындар додасын екі дүр­кін «Алтын домбыра» иегері Мұх­тар Ниязов жүргізіп, қазылар алқа­сында айтыстың қара нары Жүр­сін Ерман, Сенат депутаты, қала­мы қарымды журналист Нұртөре Жүсіп болды.

Үлкен шараларымыздың бі­рі – «Сырдағы сұхбат» кездесу ке­ші. Мысалы, алыс-жақын шет ел­­­дерге аты таныс, «Самғау» аяқ­киім шеберханасының негізін қа­лаушы, жас шебер Самғау Нә­сіп­хан және әнші, кәсіпқой боксшы Ескендір Ибрагиммен кез­десті. Сонда жастармен емен-жар­қын әңгімелескен қонақтар өзде­рінің жетістікке жету жолынан тәжірибе бөліскен еді.

– Осы жолғы қалалық актив жиыны Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арналған екен. Осыған қатысты қандай да бір шаралар жүргізіліп жатыр ма?

– Иә, бұл мақалада мәдениетке ерек­ше мән беріп, мәдениет са­ласына көптеген міндет пен мақ­сат жүктелген. Елбасының бұл мақаласын «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының жалғасы ре­тін­де көреміз. Негізгі мақсаты – ұлттық сананы жаңғыртып, ру­­­хани жаңғыру жолында тари­хы­мызды зерделеу. Бір сөзбен айт­қанда, арғы тегімізді түгендеп, тарих­ты жаңғыртып, келер ұрпақ көр­сетерлік жобаларды қолға алу керек. Сол жағынан біз Сыр өңі­рінің ұлттық тарихтағы орнын нақ­тыламақпыз. Мәселен, қазақ да­ласының табиғи көркемдік ерек­шелігіне айналған алма мен қызғалдақты дәріптеу мақ­са­тында «Қызғалдақ пен алма» хо­­реографиялық композициясы, көш­пенділердің атқа міну мә­дениеті мен аңшылық, бүркіт ұс­тау өнерін насихаттауда «Аса­уға тұсау», «Аң стилі» атты би қойылымдары қойылды. Оған қоса, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда қолөнер ше­берлерінің көрмесі, ұлттық ойын түр­лерінен сайыстар Ұлыстың ұлы күні Наурыз да кең көлемде той­ланды.

Елорда күні мен Ұлттық дом­быра күніне орай «Ел тірегі – Елор­да, ұлт мұрасы – домбыра» ат­ты салтанатты шара өтті. Осы­ның барысында қалаға жақын орналасқан елдімекендердегі клуб-кәсіпорындар арасында бай­қау өтіп, жүлдегерлер мара­пат­­талған. Одан басқа қала тұр­ғын­дары мен қонақтардың бос уақытының қызықты өтуі­не «Караоке Баттл», «Бас киім­дер шеруі», «Әнім сенсің – Қы­­­­зылорда», «Қыз – еркем, өнері­мен көркем», «Ең сүйкімді бүл­діршін» секілді шаралар ұйым­­­дастырылды.

– Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қыз­мет­те де, білім беруде де қолдан кел­­­геннің бәрін істеу керек» де­ген сөзі өзегін әлі жоғалтпаған. Сіз­дерде қазақ тіліне қаншалықты көңіл бөлінеді?

– Қазақ тілі – қазақтың жа­ны. Халқымыздың тарихы да, тағ­дыры да –тілінде. Тілдің тұ­ғы­ры да, тағдыры да бесіктен бас­талады. Осы тұрғыда қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік тіл ре­тін­де күшейтіп, оны ұлтаралық тіл­ге айналдыру үшін бәріміз бі­рі­гіп жұмыс істеуіміз керек. Бұдан бөлек, заман талабынан қалмай, кезең-кезеңімен латын графикасына көшуді қолға алу­дамыз. Оған дәлел, Қызылорда қаласындағы мекемелерде іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүр­гізіледі. Олардың құжат ай­налымдарының мемлекеттік тіл­де жүргізілуіне ай сайын мо­ниторинг жасалуда.

Ал қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, қала бойынша қазақ әліпбиін ла­тын графикасына көшіруді на­­сихаттау, түсіндіру мақсатында 15 шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынұлының 146 жылдығы, А.Құнанбаевтың 175 жылдығы және 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің кү­ніне орай «Тіл – татулық тіре­гі» атты мерекелік кеш өтті. Сонымен бірге тілдер күніне «Ті­лім – тірегім, Қызылорда – жүрегім» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өткен. Оған об­лыс пен қала аумағынан 10 ақын қатысқан жыр додасына ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі Толыбай Абылаев, ақын-сазгер, Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Діл­дәхан Торғаева, айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын дом­быра» иегері Мұхтар Ниязов қа­зы­лық етті.

– Жыл басынан бері біршама ауқымды шара өтіпті, енді ал­дағы жоспармен бөліссеңіз...

– Өнер фестивалі, шы­ғар­ма­шылық кештер, концерттік бағ­дарламалар өтпеді емес, өт­ті. Биыл да, қала күнін ұйым­дас­тыру бағытында бірқатар шара өткізілмек. Осы жолы ба­сын­да айтқандай, басымдық жас­тарға беріледі. Шығармашыл жас­тармен кездесу кеші, «Ұлы дала әуені» дәстүрлі ән орын­даушылардың облыстық бай­қауы, «Туған күніңмен, Қы­зыл­орда!» жастар акциясы, «Үш кемеңгер» ескерткіші жа­­нында жергілікті ақын-жазу­шы­лардың қатысуымен «Неге ма­ған жырламасқа, Сырда ту­ған елімді?!» жыр марафоны, Бұқарбай батыр ескерткішінің жанында «Менің көшемнің тари­хы» атты әдеби жыр кеші, Сыр сүлейлері аллеясында ашық аспан астында «Қызылордам, өзіңмен мақтанамын» жыр мүшәйрасы, А.Пушкин атындағы орталық кітапханада «Өлкені өркендеткен есімдер» атты ардагер, қоғам қайраткерлерімен кездесу өткі­зіл­мек. Жол соңында қала әкі­мінің қорытынды шарасында жыл үздіктері, қаланың құрметті аза­маттары марапатталады.

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда қаласы