Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы бері тамырынан ажырап қалған көптеген жәдігерлер, әсіресе сыртқа кеткен құнды дүниелер елге оралып, жұртты қуанышқа кенелткені белгілі. Соның бірі – сонау Ресейден тарихи Отанына оралған Ясауи кесенесіндегі қасиетті тайқазан. Енді міне, Түркістан түркі әлемінің мәдени және рухани орталығына айналған шақта Тайқазанның құйылғанына 620 жыл және елге әкелінгеніне 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрме ашылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішіне орналастырылған көрме бір ай бойы келушілердің назарына ұсынылады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қасиетті Тайқазанның құйылғанына 620 жыл, тарихи Отанына оралғанына 30 жыл толуына орай «Қайта оралған жәдігер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Айтулы шараның ашылу салтанатына филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, тарих ғылымдарының кандидаты, Тайқазан тарихын зерттеуші Ділдәш Мұстапаева сынды тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, қаланың Құрметті азаматтары, Ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйым мүшелері, студенттер мен жоғары сынып оқушылары, қала тұрғындары және музейге келуші қонақтар қатысты. Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ашты.
Өз сөзінде қорық-музей директоры Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тарихи жәдігерлердің бірегейі қасиетті Тайқазан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» бағыттарының мәнін ашатынын және құнды мұраның жасалу тарихынан бастап, әрбір элементтерінің мән-мағынасын кеңінен насихаттау бүгінгі басты мақсат екендігін жеткізді.
«Қайта оралған жәдігер» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Айталық, олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петерборға алып бара жатқаны мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері мен қорық-музейдің мұрындық болуымен 2009-2014 жылдар аралығында өткен жастар арасындағы қазақ күресінен республикалық «Тайқазан» турнирінің фотосуреттері, медальдары, мұрағаттық құжаттар бар.
Көрменің мақсаты – ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Естеріңізге сала кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық Тайқазан осыдан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елдімекеніндегі Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебердің ұстаханасында құйылған. Тайқазан алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан жасалған.
Қасиетті Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи Отанына қайта оралған. Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор. Жиынға қатысушылар Тайқазан тарихы мен жәдігердің маңыздылығы жөнінде келелі пікір білдірді.
Түркістан облысы