Қазақта прозаик қыздар көп емес. Нарық заманында тіптен азайды. Соңғы жылдары әдебиетке қосылған санаулы қыздар бар еді. Оның өзі оқырманнан алыстап кетті. Әлде, оқырман олардан алыстап кетті ме? Мәдина Омар драматургияға бет бұрды. Лира Қоныс мұхит асып кетті. Сағадат Ордашеваны оқырман таппай қалды. Аягүл Мантай білім қуып, Мәскеуге кетті. Аягүлдің ойларын ара-тұра әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқып қоятынымыз бар. Жазушы қыздардың көбі неге елден алыс болғанды қалайды? Әлде, жүректерін мазалайтын өзге дүниелер бар ма? Аягүлге қойған әуелгі сауалымыз да осы болды.
– Аягүл, «Оралуды» әдебиетке оралу секілді қабыл алдық. Дегенмен әдебиетте жүрген жазушы қыздардың көптен саяқ, алыстау жүретіні несі екен? Әлде оңашалықты жаны сүйе ме?
– Алғашқы прозалық кітабым 2009 жылы жарық көрді. Шынымды айтсам, «екінші кітабымды екі-үш жылдан соң шығарамын» деп жүргенмін. «Қаламгер» баспасынан «Сіз оқылымды жазушысыз. Кітабыңызды біздің баспадан шығарсаңыз» деген ұсыныс түсті. Араға он жыл салып, «Жүрекке оралу» атты екінші прозалық кітабым шықты.
...Рас, әдеби ортадан, көпшіліктен саяқ жүргенді ұнатамын. Адамдардан қашып жүремін... Себебі шаршаймын... Бірақ қашқан сайын мені танығысы келетін, араласқысы келетін адамдар бар. Тәкаппарлығым, көкіректігім емес, бар болмысым сол. Мені бір көрген адамдар «мінезің ашық екен» деп жатады. Бірақ адамдармен тез араласып, тез достасып кететін адамның қатарына жатпаймын. Жалғыздықты, өзіммен өзім болғанды жақсы көремін. Себебі жалғыздық – шығармашылық. Жалғыздық – өзіңмен өзің арпалысу, итжығыс түсу. Жалғыздық адамды Құдаймен, не шайтанмен «достастырады». Өзінің жалғыздығын сезінген адам көп нәрсені кешіре алады. Өзіне есеп беретін адам пендәуи әлемнен биік тұрады.
– Әдеби ортаны қалыптастырған, кіл мықтыны тәрбиелеп шығарған Мәскеу мектебінің бүгінгі жайы қалай? Әдебиеттің озық үлгісін қайдан іздеген дұрыс?
– Халық санына шаққанда (оқырман саны десеңіз де болады) Мәскеуде мүшәйралар аз өтеді. Байқағаным, біздегі мүшәйралар секілді жүлденің ақшасы қомақты емес. Оқырман санына шаққанда бізде мүшәйра, жалпы әдеби байқаулар, форумдар көп өтеді. Бірақ бұл әдебиеттің дамып жатқанын, болмаса дамитынын көрсетпейді. Біздегі әдеби байқаулардың қалай өтетіні белгілі ғой. Білесіз бе, қаншама талант әдебиеттегі кейбір аға буынның кесірінен сынып кетті...
Кейде Мәскеу туралы ештеңе айтқым келмейді. «Ойбай, мынау Мәскеуді, орысты мақтап жатыр» дейді шектеулі біреулер. Бірақ Мәскеуде, ондағы әдеби байқаулар бізбен салыстырғанда, әлдеқайда әділ өтеді.
2015 жыл Ресейде «Әдебиет жылы» деп аталды. Бейберекет ақша шашпай, әдебиет үшін нақты жұмыстар істелді деген пікірдемін. Ал әдебиеттің озық үлгісін әлемге Толстойды, Достоевскийді берген орыс әдебиетінен, Золяны, Бальзакты, Бодлерді берген француз әдебиетінен, болмаса Драйзерді, Джек Лондонды берген американ әдебиетінен, Шекспирді, Байронды берген ағылшын әдебиетінен, болмаса Лорканы берген испан әдебиетінен іздеудің қажеті жоқ. әдебиеттің озық үлгісі әлемнің тұтас әдебиетінде бар.
–Көркем өнерді қабылдамайтын, ғаламтор тәрбиелеп жатқан жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға Аягүл Мантайдың шығармалары өте ме?
– Өтеді деп ойлаймын. Егер өтпесе, баспа ұсыныс жасамас еді. Егер өтпесе, оқырман кітабымды алып, оқымас еді. Оқырмандарымнан жиі хат аламын. Осының өзі дәлел деп ойлаймын.
– Бүгінгі жас қаламгердің тауары қандай? Қайтсек, насихатты күшейте аламыз?
– Насихаты мықты, бірақ ортанқол ғана ақындар бар. Бірақ сұмдық өлермен, сұмдық пысық. Насихаты мықты болғаны сол: оқырман оларды мықты деп ойлайды. Шын таланттар өмірге бейім болмайды. Олар сол табиғатымен, сол болмысымен, сол ерекшелігімен ақын-жазушы. Оқырманның кітап оқу мәдениеті қалыптаспаса қиын... Біздің қоғамда мәдени-рухани құндылыққа сұраныс аз. Шын талантты, харизмасы мықты, терең білімді жастарға стипендия берілуі керек. Олар әдебиетпен, таза шығармашылықпен айналысуы керек.
– Әлеуметтік желіде тағдырлар туралы жиі әңгіме қозғайсыз. Неге?
– Себебі өзім тағдырлы адаммын... Бала кезімде екі ағам, бір інім көз жұмды. Былтыр әкемнің қырқы өткесін жалғыз інім, отбасымыздағы жалғыз ұл дүние салды. Түркияның беделді Егей университетінің докторанты еді. Екі аптадан соң докторлық диссертациясын қорғауға тиіс еді. Бала кезімнен адамдардың жүзінен жазу оқып үйрендім...
– Оқырмандарыңмен жүздескенде нені әңгіме қылар едіңіз?
– Университетке кездесуге көп шақырады. әртүрлі себептермен бас тарттым. Сосын Мәскеуден елге аз уақытқа келетінмін. 20 қыркүйекте Алматыда оқырмандарыммен жүздесемін. Кітапхана қызметкері Ғазиза Құдайберген ұсыныс жасағанда бас тарта алмадым. Себебі кәсібін жақсы көретін және өз саласына жанашыр адамдарды жақсы көремін. Оқырмандарыммен кездескенде әдебиет және өмір туралы айтатын шығармын.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС