Ел ертеңі туралы маңызды қадам
Ел ертеңі туралы маңызды қадам
181
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» тақырыбындағы Жолдауы қазіргідей күрделі кезеңде республика халқын елең еткізді. Жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемия зардаптары сейілмей тұрған бүгінгі таңда экономикалық дағдарыс пен халықтың әл-ауқатының төмендеуі әрбір азаматты толғандырып, көкейде мың сан сауал туындатып отырғаны белгілі. Президент өзінің жаңа Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің әр саласына қатысты ой-пікірлері мен тың идеяларын, ұсыныстары мен тиісті органдарға арналған тапсырмаларын ортаға сала келіп, көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға тиянақты әрі көкейге қонымды жауап берді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылар жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет екенін айтады. «Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаға тың серпін беруіміз керек», – деген Президент жаңа реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол, әсіресе, мемлекет басқарудың, жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың, теңгерімді аумақтық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын жақсартудың, қолжетімді әрі сапалы білім берудің, денсаулық сақтау саласын дамытудың, әділетті мемлекет құрудың, азаматтарды мемлекет басқару ісіне қатыстырудың жаңа үлгілерін ұсынды. Мен өзім білім мен ғылым саласының маманы болғандықтан, Жолдаудағы осы мәселеге арнайы тоқталғалы отырмын. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында білім сапасын жақсарту, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау, жоғары білімнің сапасына қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сияқты өзекті мәселелерді көтергені белгілі. Бұл міндеттер бүгінде орындалу үстінде. Ал енді Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында да білім мен ғылым саласындағы жаңа мәселелерге тоқталған. Биылғы пандемия білім саласына да зардабын аз тигізген жоқ. Індет салдарынан мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқытуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұны түбегейлі өзгеруде. Қашықтан оқытуды ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктер көп. Осы арада Президент әлі күнге бізде нақты бір онлайн-платформа болмағандықтан, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін ол қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастарымен араласып оқудың жөні бөлек екенін, бұл үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың дәстүрлі тәсіліне қайта көшу қажеттігін ескертті. «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде жүрсе де, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», – деді Қ.Тоқаев. Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екенін айтқан Президент 2021 жылдың қаңтарынан бастап олардың жалақысы 25 пайызға көбейетінін назарға салды. 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтылатын болады. Мемлекет қарапайым ауыл мектептеріне қолдау көрсету арқылы қала мен ауылдағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартады. Президент азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағытталуға тиіс. Біздің заман – кәсіпкерлердің заманы. Кәсіпкерлік қабілет әр балаға жас кезінен  дарытылуы керек. Президент бұл үшін «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін тегіс оқытылуы керектігін ескертті. Балаларды спорт пен дене тәрбиесіне тарту, «Балалар үйірмелерін» қалпына келтіру назарға алынды. Осы арада Президент балаларға зорлық-зомбылық жасаушылардың жазасы қатайтылатынына да назар аударды. «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын» деген Президент ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты екенін, олар тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отырғанын ескертті. Президент Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ірі бизнес өкілдерін өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алуға шақырған Мемлекет басшысы елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет екенін айтты. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ. Міне, Жолдаудың әр жолы осылайша елге, жас ұрпаққа, жас Қазақстан мемлекетінің болашағына деген қамқорлыққа толы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы өмірлік маңызы зор бұл Жолдауды қызу қуаттай отырып, жаңа жағдайдағы жаңа Қазақстанның білікті педагог кадрларын даярлау үшін тың серпінмен еңбек етуге құлшынулы екенін атап кеткім келеді. Елімізде педагог кадрларын даярлап келе жатқан Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жыл сайын әлемнің ең үздік университеттерінің қатарында өз орнын жоғарылатуда. QS World University Rankings-2021 жаһандық рейтингінің нәтижесі бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ #601-650 орындарын иеленіп, әлемдегі ең үздік педагогикалық университеттердің ТОП-5-іне кірді. Қазақстан бойынша университет аралық рейтингте Абай университеті алтыншы орынға ие болды. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үздік төрттікке енді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының арасында біздің университет 1-ші орынға ие болды. Жоғары оқу орындарының институционалдық рейтингісінде бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының бағыттары бойынша қорытынды көрсеткіштермен ҚР жоғары оқу орындарының арасында бірінші орынды иеленді. Әлемдік пандемияға байланысты туындап отырған қиыншылықтарға қарамай біз кәсіби мамандар даярлау және білім сапасын көтеру жолында табандылықпен еңбек ете береміз.