ШОБ кәсіпорындарын қыста санаймыз
ШОБ кәсіпорындарын қыста санаймыз
©А.Ахметқазы
184
оқылды
Осыдан апта бұрын еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері Мемлекет басшысына үндеу жариялап, карантин кезіндегі көмектің бәріне бірдей жетпегенін айтып дабыл қақты. Көмек сұрады. Тығырықтан шығудың жолын ұсынды. Егер ол ұсыныс қабыл болмаса, жыл соңына дейін ШОБ субъектілерінің саны күрт кемитінін жеткізді. Ал кеше Президент өз Жолдауында 700 мыңнан астам кәсіпкерге коронадағдарыс салдарын еңсеруге салық жеңілдігі берілгенін, алайда жағдайдың әлі де күрделі екенін мәлімдеді.   ШОБ-тың мәселесі Жолауда айтылды Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов те шағын және орта бизнеске коронадағдарыстың оңай тимегенін айтады. «Биыл шілде айында «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізді. Зардап шеккен салаларда өз қызметін атқарып отырған 41 мыңнан астам бизнес субъектісіне жүргізілген сауалнамада кәсіпкерлердің 12% бизнесті жабу және қызметкерлерді қысқарту ықтималдығы жоғары екенін атап өтті. Қоғамдық тамақтану (25%), туризм (24%), ойын-сауық және демалыс (22%), білім беру (17%) саласында жабылу қаупі өте жоғары. Әрбір төртінші кәсіпкер мүлде пайда түспегенін айтты. Ойын-сауық және демалыс (53%), туризм (52%), білім (44%), қоғамдық тамақтану (41%), халыққа қызмет көрсету (32%) саласындағы бизнестің жағдайы барынша ауыр екені анықталды», – дейді ол. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкілге әлі күнге дейін кәсіпкерлерден несие жүктемесіне қатысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту туралы өтініштер түсіп жатыр екен. Рустам Жүрсінов Үкіметтің күні кешеге дейін бизнеске қолдау көрсетуге қатысты ұсыныстардың бірқатарын қолдағанымен, кей мәселеде шешім қабылдай алмағанын, ал Жолдауда сол мәселенің барлығы ескерілгенін жеткізді. Ол туралы сәл кейінірек айтамыз.   ШОБ-тың 1 пайызы ғана көмек алған Ал Президентке үндеу жолдаған ШОБ өкілдері не деп еді, еске түсіріп көрейік. Олар отыз жыл ішінде түрлі нарық жағдайында өмір сүріп, өркендеуді үйренгенін, қандай дағдарыс келсе де, несие алып, жұмыс істеп, салығын да төлеп тұрғанын, бірақ қазіргі пандемия ауыр соққы болып тигенін айтқан болатын. «Карантин жағдайында сауда, тамақтану, туризм, білім беру, тұрмыстық қызмет көрсету салалары (сұлулық салоны, химиялық тазалау және т.б.) және ойын-сауық саласындағы бизнес жұмысын тоқтатты. Екінші карантиннен кейін ірі қалалардағы сауда орталықтарында бутиктердің 40 пайыздан астамы ашылған жоқ. Кәсіпкерлерде жалақы мен несиені жоғары пайызбен төлейтін жағдай қалмады. Шағын бизнес үшін қазіргі уақытта ең үлкен мәселе жоғары несиелік жүктеме болып отыр еді. Енді несиені кейінге қалдыру ай сайынғы төлемдердің өсуіне әкеліп жатыр», – делінген үндеуде. Ал қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ШОБ-тың басым бөлігі үшін қолжетімді болмай шықан. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы, соның ішінде Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасын қосқанда ШОБ субъектілері ұсынған 16 мыңға жуық жоба қаржыландырылған. Ал ШОБ өкілдері бұл еліміздегі ШОБ субъектілерінің 1 пайызын ғана құрайды деп отыр. Микро және шағын бизнес субъектілері үшін кепілдеме мен несие алудың күрделі процедураларын талап ететін банктердің шартын орындау қиын. Сондықтан кәсіпкерлердің көпшілігі жеке тұлға ретінде жылдық 20% -дан жоғары мөлшерлемемен тұтынушылық несие алады. Ал мұндай несиелік жүктеме панедмия кезінде оларға ауыр тиіп отыр. Кәсіпкерлер үшін кеңсе жалдау да проблемаға айналғаны есте. Мәселен, астаналық сауда орталықтарындағы сауда алаңын жалдау құны шаршы метрі үшін 40 мың теңгеден басталады. 70 шаршы метрлік дүңгіршек үшін кәсіпкер айына 2,8 млн теңге төлеуі керек. Осындай мәселелердің алдын алу үшін ШОБ субъектілері билікке бірқатар ұсыныс жасады. Мәселен, қолданыстағы несиелерді, оның ішінде тұтынушылық несиелерді қайта қаржыландыру, яғни жылдық мөлшерлемені 20 пайыздан 5-7 пайызға дейін төмендету. Кеңсені жалға берушілердің қолданыстағы несиелерін аренда ақысын көтермеу шартымен қайта қаржыландыру. Салық ауыртпалығын арттыруға 5 жылға мораторий жариялау. Коронадағдарыстың салдары жойылып, іскерлік белсенділік қалпына келгенге дейін салық көтеруге қатысты кез келген бастама мен талқылауды тоқтата тұру. 2021 жылдың соңына дейін Салық демалысының мерзімін ұзарту және ШОБ субъектілері үшін тексерулердің күшін жою. «Құрметті Президент, сізден бүгінгідей өте қиын кезеңде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуіңізді сұраймыз! Біз өз бизнесімізді, жұмысымызды сақтаймыз, үнемі салық төлейміз немесе өз кәсібімізді жауып, өзімізге, қызметкерлерімізге, сондай-ақ отбасыларымызға әлеуметтік көмек сұрауға мәжбүр боламыз!» делінген үндеу соңында.   Жолдауда қолдау тапты Жоғарыда ШОБ өтініші Жолдауда қолдау тапқанын тілге тиек еттік. Соның ішінде ең маңыздысы шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыру бағдарламасы 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Енді Ұлттық банк экономиканың барынша зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес үшін айналым қаражатын толықтыру жөніндегі арнаулы бағдарламаны іске асырады. Кешеге дейін бағдарлама осы жылы тоқтатылады деп болжанған еді. Президент бүгінгі дағдарыс жағдайында бағдарламаның әрекет ету мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды тапсырды. Бастысы, бағдарламаның жалпы көлемін 800 млрд теңгеге жеткізе отырып, оған қосымша 200 млрд теңге қарастыру жүктелді. «Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ-қа жылдық 6 пайызбен мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен, яғни 12 наурыздан бастап 12 айды қамтиды», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, депутаттық корпусты тарта отырып, Салық Кодексі мен заңға тәуелді актілерге тексеру жүргізуді тапсырды. Шағын бизнеске салық салуды жетілдіру туралы ұсынысты бизнес-омбудсмен Үкіметке 4 маусымда бейнеконференцбайланыс режимінде өткен Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында айтқан болатын. «Қолданыстағы салық салу жүйесі шағын бизнес субъектілері мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тым күрделі және түсініксіз. Кәсіпкер мемлекетке қанша қаржы төлеуі қажет екенін нақты түсінетін және сонымен бірге аз уақыт пен күш жұмсайтын жүйе қажет. Салықты төлеу мүмкіндігінше елеусіз болуы керек. Сервистік платформа құрмайынша, бұл мәселе шешімін таппайды», – дейді Р.Жүнісов. Оның айтуынша, «Үзілісті, яғни берілген салық демалыстарын» пайдалана отырып ШОБ үшін барлық салық режимдерін кешенді түрде қайта жазу қажет. Ілгеріде биыл Бірыңғай төлем құжатын енгізу ұсынылған болатын, яғни барлық салықтар мен жарналар Азаматтарға арналған үкіметке бір төлеммен аударылады, содан кейін ЖСН бойынша бюджет пен қорларға бөлінеді. Содан кейін 2021-2022 жылдары – бірыңғай салық салынатын базаны енгізу (ЖТС, әлеуметтік салық, МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ және ӘМСҚ жарналары бойынша салық салынатын базаны үйлестіру) жүзеге асырылып, 2022 жылы әлеуметтік салықты алып тастау көзделген еді. «Президент берген тағы бір тапсырма – жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша ШОБ үшін жалдау ақысын есептеуді тоқтата тұру. Біз бұған дейін Үкіметке осы мәселені қарау туралы ұсыныс жібергенбіз. Жолдауда мемлекеттік органдар мен квазмемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүліктер бойынша төлем есептеу осы жылдың соңына дейін тоқтатылатыны айтылды. Бизнеске көмек көрсету бойынша ұсыныстар қолдау тапқаны қуантады», – дейді ол. Алдағы жылы шағын және орта бизнес қызметінің жаңа құқықтық базасы әзірленеді. Сонда кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік құрылымның кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендер жұмысына кедергі келтіру жағдайы мемлекетке қарсы жасалған өте ауыр қылмыс ретінде қабылданады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ілгеріде бизнес-қоғамдастық көтерген көптеген проблемалық мәселелерді атап өтті, бұл бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың нығайғандығын тағы да айғақтайды. Ел Президенті бизнестің өтініш-тілегіне құлақ асатыны өте маңызды. Әрине, бұл шешім ШОБ субъектілеріне үлкен қолдау екені даусыз. Десе де, бизнестің қаншасы жабылып, қаншасы қалатыны көптеген факторларға, соның ішінде бірінші кезекте сұраныс пен елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін де ескерген жөн...