Халықты МӘМС жүйесімен қамту мәселелері талқыланды
Халықты МӘМС жүйесімен қамту мәселелері талқыланды
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаевамен мегаполис халқын МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесімен қамтудың маңызды мәселелері бойынша өңірлік штабтың онлайн-отырысын өткізді. Отырысқа ӘМСҚ Алматы филиалының басшылығы, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау, әлеуметтік әл-ауқат, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармалары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, сонымен бірге, мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты. Басты мақсат – мегаполис халқын әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуды кеңейту бойынша шараларды күшейту, ол өз кезегінде халықтың медициналық қызмет түрлеріне жұмсайтын қаржысын төмендетуге мүмкіндік береді. Ержан Бабақұмаров жұмыс берушілер мен ірі, орта және шағын бизнес субъектілерінің, жоғары оқу орындарының және орта білім беру орындарының, сонымен бірге, халықтың жеңілдік жасалатын санатының мәліметтерін актуализациялау қажеттігіне назар аударды. Өз кезегінде Ләззат Ақтаева медициналық ұйымдардың кепілдендірілген тегін көмек, оларға қолжетімділік, соның ішінде сақтандыру статусына қарамастан жедел қызмет көрсетуді қоса алғанда науқастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жұмыстары мәселесін көтерді. Алматы қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Т.Әбілдаев ағымдағы жылы бюджет 1,6 есе өскенін және 197,6 млрд теңгені құрағанын айтты. Оның ішінде COVID-19-бен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларға 12,5 млрд теңге бөлінді. Наурыздан шілдеге дейінгі аралықта 27 265 медициналық қызметкерге жалпы сомасы 8,9 млрд теңге болатын үстемақы төленді. Бүгінде Алматы қаласында 154 медициналық ұйым МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуде. Оның ішінде 62 пайызы мемлекеттік меншік формасында болса, 38 пайызы жекеменшік иелікте. Көрсетілетін медициналық қызмет сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың бірінші жарты жылында көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша 4 мыңнан астам кемшіліктер анықталған. Медициналық ұйымдарға салынған айыппұлдар 200 млн теңгеден асты. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда ақаулардың (2019 жылдың бірінші жарты жылындағы айыппұлдар сомасы 250 млн теңгеден асқан)  төмендегені байқалған. Отырыс барысында медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің МӘМС аясында халыққа медициналық көмек көрсету туралы баяндамалары тыңдалды. Өңірлік штабтың төрағасы, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров МӘМС аясында халықты қамтуды кеңейту қала тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алу құқығымен қамтамасыз етуге қажет екенін атап өтті және басқармалар және медициналық ұйымдардың басшыларына аталған сұрақты ерекше бақылауға алуды тапсырды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа медициналық қызмет түрлерінің кеңейтілген пакетін, соның ішінде қымбат тұратын процедуралар мен операцияларды кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемімен шектелмей көрсетуге мүмкіндік береді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ