Тұрғындардың баспанасы болса да, зейнетақы жинағын басқа тұрғын үй алуға пайдалана алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, бұл бағытта шектеу болмайды, яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі беріледі. Егер бір бөлмелі пәтер тарлау болып, оның орнына екі бөлмелі пәтер алуға шешім жасалса, онда БЖЗҚ-дан ақшаны шешуге немесе қосымша төлеммен пәтерді айырбастауға рұқсат етіледі. Мұнымен қоса, бір бөлмелі пәтерді сатып, одан түскен ақша мен зейнетақы жинағын қосып, екі бөлмелі пәтерді сатып алуға болды.
«Осы мәселелердің барлығы қарастырылған. Сәйкесінше, басқа баспана алуға шешім жасалса, шектеу болмайды», - деп нақтылады министрліктің баспасөз қызметі.Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға болатынын айтқан еді.