«Аңсаған сәби»: квотаға кім ілігеді?
«Аңсаған сәби»: квотаға кім ілігеді?
 

Бедеуліктің бірыңғай регистрі не береді?

Осыдан тура 42 жыл бұрын Англияда ЭКҰ әдісімен туған алғашқы сәби тіркелді. Адамзат басында бұл әдіске дайын болмады. Қарсылық білдірушілер «қолдан сәби жасаудың» дұрыс емесін алға тартып, жа­санды ұрықтандыру әдісін қолданған дәрі­гер­лер мен дүниеге келген қыздың отбасына шүйлікті. Бірақ бұл әдісті сәтті қолданған дәрігерлер ұзақ жылдардан кейін медицина саласы бойынша Нобель сыйлы­ғына қол жеткізді. Бүгінде ғылыми әдіспен дүниеге кел­ген ағылшын қызы – екі баланың ана­сы. Бір айта кетерлігі, ба­ланы табиғи жол­мен көтерген. Қазақ­станда алғашқы ЭКҰ әдісімен дүниеге келген бала қазір 24-те, Англияда оқиды. Мамандар бұл қыздың бола­шақта отбасын құрса, табиғи жолмен ана бо­латынын бол­жайды. Әлемде жасанды әдіс­пен дүниеге келген балалар саны 8 млн-нан асса, Қа­зақстанда 16 000-нан асып отыр. «Экомед» клиникалар желісінің же­текшісі, Қазақстандағы ЭКҰ әдісінің негізін қалаушы репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова квота санының артуын қуанышпен қабылдағанын жет­кізеді. Маманның айтуынша, бұл салаға мемлекеттен квота бөлу 2010 жылдан бас­тау алып, алғашында 100 квотадан беріліп, 2020 жылы 1 000 квотаға дейін артқан екен. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында кезекте тұрған отбасылардың 70-80 пайызын қамтуға мүмкіндік туады. Әрбір квотаға мемлекет тарапынан 1 млн теңгедей ақша бөлініп, бір бөлігі техно­логияға, бір бөлігі дәрі-дәрмекке кетеді. Репродуктолог Салтанат Байқошқарова са­лада қордаланған мәселелерді де ашық айтады: – Біздің негізгі мақ­сатымыз – бедеуліктің регистрін, яғни тір­кеуін жасау. Былтыр тап осы мәселені Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің алдында көтерген болатынбыз. Біз еліміздегі бедеу­ліктің шынайы ауқымын әлі күнге дейін білмейтінімізді ашып айттық. Әрі әңгімені бірінші кезекте содан бастау керегін нақты факті ретінде ұсындық. Тарқатып айтсақ, репро­дуктивтік денсаулық мәселесі жайын­­да біз еліміздегі әрбір бедеу жұп­ты цифрландыру арқылы ақ­параттық дерекке енгізіп, солай­ша мемлекеттік регистр, база жа­сақ­тау керек дедік. Тіпті, бедеулікті ем­деудің «Жол карта­сын» жасайық деген мәселе де көтерген бола­тынбыз, – дейді. Бірақ коронавирус індетінің таралуы көптеген баста­маның кейінге шегерілуіне әкеп соққан. Маман 7 000 квотаның мемле­кеттен бөлінетін қаржы болған соң оның нәтижелі жұмсалып, бірінші кезекте ұрығы бар ер мен әйелге арнайы іріктеу арқылы қолданылуы керек деген пікірде. Яғни, бірін­шіден, жүкті болу ықтималдығы 35-40%-дан кем болмауы шарт. Екіншіден, жас мөлшері де еске­рілуі керек. Дәрігердің айтуынша, жасы ұлғайған шамамен 40 жастағы әйел мұндай көрсеткіш бере алмай­ды. Онда олар бала сүю бақытына қа­лай қол жеткізеді? Салтанат Бай­қош­­қарова өз ұсынысын айта­ды: – Соңғы жылдағы біз көріп, естіп жатқан әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесі арқылы ЭКҰ әдісін қолжетімді етуге бо­лады. Себебі ол жүйеге әр адам салық төлейді. Әрине, сондықтан оған үміт те арта алады. Сол сақ­тандыру жүйесі тым болмаса жы­лына бір рет бір перзентке зар бо­лып отырған отбасыларға мүм­­кіндік тудыруы керек. Мысалы, көр­­шілес Ресейде осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ медициналық мін­дет­ті сақтандыру жүйесі арқылы әрбір әйел жылына бір рет ЭКҰ-ға жүгіну мүмкіндігіне ие болған еді. Міне, сіз нәтижелі топқа жатасыз ба, жоқ па, таңдамайтын бірден-бір жол – осы. Жасыңыз 40-та ма, 30-да ма, ұрығыңыздың пайызы аз ба, көп пе, бұл жүйеде оған қарамайды. Өйткені сіз салымшысыз. Құқыңыз бар, – дейді. Қазір Ресей осы сақ­тандыру жүйесі арқылы бір әйелге жылына екі рет экстракор­поральды ұрықтандыру жасатуға және үш рет криоконсервация жасалған эм­брион­дарды жатырға енгізуіне қол жеткізіп отыр екен. Бұл өз кезегінде ел ішінде «осын­шама квота бөлініп, біз неге ілікпей қалдық» деп рен­житін отбасы­лар­дың мәселесін шешуі керек. Себебі мамандар ұры­ғының сапасы мен жасының мөлшерін біле тұра, тәуе­келге бара алмайтындарын алға тартады. Жалпы, ЭКҰ мамандары атал­ған жаңа бағдарлама – мемлеке­тіміздің демографиялық хал-ахуа­лын көтеруге зор мүмкіндік береді деп ойлайды. sabi suiy  

Демография: Орталық Азияда  қарқынды, Қазақстанда баяу...

Отандық демограф ғалымдар Орталық Азия аумағында халық санының артуы бір жағынан жақсы үрдіс болса, екінші жағынан теріс тұстары бар үрдіс деп санайды. Демограф Әзімбай Ғали Өзбек­станда халық санының 34-35 млн-ға дейін артуы жердің шөлейт­тенуіне әкеп соғып, әсіресе Қара­қал­пақ­станның шөлейтті аймаққа айналып бара жатқанына қын­жылады. Ға­лымның айтуынша, туу көрсеткіші 2,2 және 2,5 аралығында болса, халықтың тұрақты өсуіне әсер етеді. Ал Орталық Азияда, әсіресе өзбектер арасында бұл нор­мадан екі жарым есе көп көрсеткіш байқалады. Қа­зақ­станда демо­графия­лық өсім баяу. Себебі қа­зақтың 60 пайызы қалада тұрған соң орташа есеппен әр отбасы екі баладан асырмайды. Демограф Әзімбай Ғали: – Бала болмаудың үлкен қау­пі – ажырасу. Қазір әрбір алтыншы некеде бала болмаса, әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталып жатыр. Әсіресе, жергілікті орыстар жиі ажырасады. Бір бала тауып, бөлек шығып жатқандар көп. Тіпті, ел ішінде екі-үш рет тұрмысқа шық­қан әйелдер мен үйленген ер­кектер  көбейіп кетті. Бұл тен­денция қа­заққа да келетін сияқты. Менің­ше, баланың көп болуы – ажыра­суға тежеуіш күш. Баласын қимай­ды. Екі-үш баласы барларда ажы­расу қарқыны бәсеңдейді. Өкініш­ке қарай, ажырасу баста­масы кө­біне-көп әйелдерден шы­ғады. Әри­не, әйел мен еркектің өзара дербестігі позитивті жағдай. Бірақ ұлт ретінде дамуға ажырасу кері әсер етеді. Сондықтан ЭКҰ әдісі арқылы бір бала дүниеге келсе, онда ерлі-зайып­тылар от­басын сақтау шеші­мін тия­нақ­тайды, – дейді.  Демографтың ойынша, қазақ­тың ендігі өсімін оралмандар көте­ре алады. Себебі қазақтың өсімі орта деңгейде тек өз отбасы мүше­лерінің санын көбейтумен ғана шектеледі. Ал осыншама ұлан-ғайыр территориясы бар елге қа­зіргі халық саны тым аз. Сон­дық­тан Әзімбай Ғали сырттан кел­ген қазақтарға қолдау көр­сетумен қатар, демография беріп отырған оңтүстік пен батыс өңір­леріндегі жұмыс күшін солтүстіктегі ауыл­дарға ғана емес, моноқалаларға да қоныстандыруды ұсынады. Жалпы, дәрігерлер әлемде меди­циналық туризм бойынша ЭКҰ әдісін ұсынатын клиникалар көш бастап тұрғанын тілге тиек етеді. Ашық дерек көздеріне сен­сек, Қазақстанда баға саясаты да тым жұмсақ. Мәселен, елімізде орташа есеппен ЭКҰ әдісіне 1 млн теңгедей қаражат кетсе, Ресейде – 2 млн, Түркияда мен Италияда – 2,5 млн, Германияда  – 3 млн, АҚШ-та 7-8 млн теңгеге дейін барады екен. Елімізде ұсынылатын бұл меди­циналық қызмет түрі шетелдік ту­ристер үшін арзан әрі сапалы болған соң сырттан келетін азаматтар саны артып келеді. Әсіресе, бұл әдіске Германия, Ита­лия, Англия, АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай, Испания, Моңғолия, Қыр­ғызстан азаматтары тарапынан сұ­раныс жоғары. Ал қазақстандықтардың көпші­­лігі ұстанатын ислам діні  жасанды ұрықтандыру әдісіне рұқсат бере ме дегенге келсек, бұған қатысты ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі үкім шығарған. Оған сәйкес, тек өз күйеуінің ғана ұрығын ЭКҰ әдісі арқылы қолдануға шариғи тұрғы­дан рұқсат берілген. Ал жасанды ұрықтандыру кезінде донорлық қызметті пайдалану зина болып саналады. Яғни, донорлардан алын­­­ған аналық жасуша немесе ұрықты қолдану харам саналады. Мұның діни, моральдық жағынан бө­лек, қаржылай тұсы да бар. Дә­рігерлер бұл тұрғыдан отбасы мү­ше­­­леріне психологиялық тре­нинг­тен өтіп, моральдық-этикалық жа­­­ғын ескеруге кеңес береді.  

KamshatКәмшат ТАСБОЛАТ