Жаза жемқорлыққа тұсау ма?
Жаза жемқорлыққа тұсау ма?
5,121
оқылды

Қазақстанда жемқорлардың жазасы күшейтілетін болды. Мәселен, биік лауазымды шенеуніктер арасында заңсыз компания құрып алып, мемлекеттік сатып алу­лардың ақшасын соған бағыттау бойынша кесір тәжірибе кең таралған. Енді мұндай шенділерге қарастырылған бас бостандығынан айыру жазасы 1 жылдан 3 жылға, ал айыппұл көлемі 2,5 миллионнан 7,5 миллион теңгеге дейін үш есеге артпақ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Кейбір заңна­малық актілерге сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» жаңа заң жо­басын әзірледі. Жа­сыратыны жоқ, бүгінде респуб­ли­када жемқорларға қатысты жаза жұмсақ болып келді.

«Антикоррупциялық қыз­мет­тің жедел-тергеу тәжірибесі ше­неуніктердің, әсіресе орталық мем­лекеттік органдар мен жергі­лікті атқарушы органдарда басшы лауазымдарды атқаратын тұлға­лардың кәсіпкерлік қызметті ұйым­дастыруы кеңінен тара­л­ға­нын куәландырады. Қылмыстық кодекстің 364-бабының бірінші бөлігі бойынша бұларға жазаның ең жоғарғы түрі тек 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру ғана. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқызылған. Біздің ойымызша, қарастырылған бұл жауапкершілік лауазымды тұлғалардың, ең ал­дымен басшылық топтың әрекет­теріне сайма-сай емес, сондай-ақ мемлекетке де, кәсіпкерлерге де келтірілген залалдың мөлшеріне сәйкес келмейді. Осыған байла­нысты, бұл қылмысты ауырлығы орташа қылмысқа жатқызу ұсы­нылады», – деп түсіндіреді жем­қор­лыққа қарсы агенттік.

Аталған заң өмірге жолдама алса, онда тыйым салынғанына қа­рамастан кәсіпкерлік ұйым ­құ­рып алған, сонымен қатар кәсіп­керлікке жеке өзі не сенім білдірген адамы арқылы қатыс­қан шенеу­ніктің мүлкі тәр­кі­ле­неді. Бұдан бөлек, судьяның қарауына қарай оған мемлекеттік қызметке жұ­мыс­қа орналасу құқығынан өмір бойға айырыла отырып, не 3 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не ол 800 сағатқа дейін­гі мер­зімге қоғамдық жұмыстар­ға тар­тылады, не 3 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығын айы­рылуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін біледі: «Әдетте, лауазымды шенеунік өз меморганы қызметінің саласында сенімді адамдары, көбіне жақын туыстары атына жеке компания құрады және онда өзі басшылық немесе ықпалды лауазымды ие­ленеді. Содан кейін компания мүдделерін меморганда, ведом­стволық бағыныстағы ұйымда­рында, белгілі бір ықпалы жүретін өзге де құрылымдарда белсенді түрде лоббилауға, қолдауға кіріседі. Шенеуніктердің өз өкілеттіктерін пайдаланып, бағынысты ұйым­дардың басшылығына сыбайлас компанияларға көмек көрсету қажеттілігі туралы бұйрық берген немесе «өтінішпен жүгінген» фак­тілері орын алуда. Мемлекет пен кәсіпкерлікке келтіретін зарда­бы­ның ауқымын ескере келе, биз­неске қатысқаны үшін күдікті деп танылған лауазымды тұлға­ларға, бірінші кезекте басшылық буынға қатысты арнайы жедел-іздестіру шараларын өткізу мүм­кіндігін қарастыруды ұсынамыз», – дейді агенттік.

Тағы бір жаңалық: осы құжатқа сәйкес, «Мемлекеттік қызмет­шілерді парасаттылыққа тексеру» (орысша нұсқасында: «проверка госслужащих на добро­поря­доч­ность» деп жазылған, халықаралық тәжірибедегі атауы – integrity check) атты жаңа институт енгі­зілгелі тұр.

Бұл – Молдова, Грузия секілді елдердің тәжірибесі. Олардың ізімен ұлттық заңнаманы түзету арқылы парасаттылыққа тексе­рудің тәртібі де айқындалады. Рас, мұндай тексерісті, соның ішінде қажетті жедел-іздестіру шараларын тек соттың санкциясымен жүргізу қарастырылуда. Оған рұқсатты тергеу судьясы беруі керек: «Тергеу судьясы жүргізілетін парасат­ты­лыққа тексеруді, сондай-ақ осы тексерудің шеңберінде жүзеге асырылуы қажет жедел-іздестіру шараларын санкциялайды».

– Қатарымыздың тазалығы – жұмысымыздың іргелі қағидаты. Біз бұл бағытты күшейте береміз. Былтыр өз құзырымыздағы Агент­тіктің, Ұлттық бюроның және Академияның жеті қызметкеріне қатысты қылмыстық қудалауға бастамашы болдық. Оның бесеуі сотталып кетті. Агенттіктің ішкі қауіпсіздік басқармасының қыз­меткерлері жемқорлыққа бейім­ділікті анықтау үшін арнайы тек­серулерді ұдайы жүргізіп тұратын болады. Келешекте бұл тәжірибені барлық құқық қорғау органдарына таратуды ұсынамыз, – деді ве­дом­ствоның биылғы алқа оты­рысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев.

Бұл ретте құзырлы қызмет­керлер ара-кідік өз әріптестеріне әлдебір мәселені «шешіп беруді» сұрайтын болады. Егер әлгі адам күмәнді өтініш келіп түскені жө­нінде 2 күн ішінде өз басшылығын құлағдар етпесе, бұл тәртіптік өндіріс ашуға негіз болмақ.

Алайда алғаш рет енгізіліп отырғандықтан, әрі бұл тетік жаппай өзара есеп айырысу мен өш алудың және арандатудың құралына айналып кетпеуі үшін «парасаттылықты тексеру аясында пара алған және пара берген тұл­ғаларды қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тартпау» көзделуде.

Тиісінше, Қылмыстық ко­декстің «Пара алу» деп аталатын 366-бабына және «Пара беру» атты 367-ші бабына келесі толықтыру қосылмақ: «Осы баппен көзделген іс-әрекет егер ол «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес өткізілген па­ра­саттылыққа тексерістің шең­берінде жасалған болса, адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырмайды».

Бірақ көзі алайып, араны ашылып, пара алуға құмартқан қарау ниетті шенеуніктерге билікте орын болмауы тиіс. Әйтпесе, ондай тексерістің құны көк тиын. Сол се­­бепті жаңа заң қабылданып, күшіне енгесін, «парасаттылықты тексерудің» теріс нәтижесі мем­лекеттік қызметшіні теріс се­беп­тер­мен қызметінен босатуға негіз болады. Бұл ретте, тиісті тек­серу­ден өтпегені үшін жұмыс­тан шы­ға­рылған адамдар келесі 3 жыл ішін­де мемлекеттік лауазымға не­месе мемлекеттік немесе оған те­ңес­ті­рілген функцияларды орын­даумен байланысты басқа да лауазымдарға қабылданбайды. Яғни, бірнеше жылға ол үшін шенеунік манса­бының есігі тарс жабылады.

Құжат бойынша «парасат­ты­лықты тексеру» кезінде жасалған аудио және бейне жазбалар осы тексерудің нәтижелері тиісті мем­лекеттік органға хабарланған сәттен бастап 1 жыл сақталып, кейін жойылады.

Заң жобасы қазақстандық жем­қорлықпен күрестегі тағы бір қай­шылықты жоюға тиіс. Мы­сал­ға, орасан зор ауқымдағы ақша ұлттық компанияларда айналуда. Қаржы министрлігі мәліметінше, мем­ле­кеттік сатып алулар мен ква­зимем­ле­кеттік сектордың сатып алула­ры­ның жалпы көлемі 9,2 трил­лион тең­гені құрайды. Оның 3,6 трил­лио­ны ғана – мем­лекеттік сатып алу­лар. Ал «Самұ­рық-Қазына» қо­ры өт­кізетін тен­дерлерде 5 трил­лион­дай теңге, басқа ұлттық ком­пания­ларда – шамамен 600 мил­лиард тең­ге тендерде бөліске салынады.

Әйтсе де, қазіргі уақытта Қыл­мыстық кодекске және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, тек мем­лекеттік ұйымдарда немесе квази­мемлекеттік секторда басқарушы функцияларды жүзеге асыратын тұлғалар ғана қылмыстық жауап­кершілік арқалайды. Ал жемқор­лық бұлардан басқалар қолымен де жасалуы ықтимал. Сондықтан жаңа заң жобасы осы санатты ке­ңейтпек: оған мемлекеттік бюд­жет­тің және Ұлттық қордың қара­жатына қаржыландырылатын жобалар бойынша сатып алуды ұйымдастыратын, іске асыратын мемлекеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектордың қыз­меткерлері де кіреді деп күтілуде.

Биік лауазымды тұлғалардың бір қызметтен екіншісіне «өз ко­мандасымен» көшіп жүруі де жем­қорлыққа жол ашатын кесір. Мұ­ның сыртында бір ұйымда тұтас әу­­леттің – туған-туысқанның жұ­мыс істеуі одан да бетер жаман. Өйт­кені ондай «команда» ішке бөтен ешкімді жібермейді, тұрса да сыйғызбайды, мемлекеттік қыз­метті «отбасылық бизнеске» ай­нал­ды­рады. Сондықтан анти­кор­руп­ция­лық заңнамада бастықтың өз ­қо­лас­­тына туысын алуына тыйым са­лынған. Алайда «Құқық қорғау қыз­меті туралы» заңда күш құ­ры­лым­­дары үшін бұл қарасты­рыл­мапты.

«Қолданыстағы заң қызмет­кердің туыстарына оның бағы­ныштылығында болуына жол бе­реді. Салдарынан, «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы шектеулер» ба­бында белгіленген жақын туыста­рының, жұбайларының және жақын туысқандарының бірлескен қызметіне тыйым қамтамасыз етілмейді», – дейді Алик Шпек­баев­тың ведомствосы.

Сондықтан құқық қорғау қыз­метіндегі қызметкердің қолас­тында жұмыс жасай алмайтындар қатары толықтырылды: тыйымға іліккендер қатарында «қызмет­кердің жақын туыстары (ата-ана­сы, балалары, өзін асырап алу­шылар, өзі асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлі­лері, қарындастары, аталары, әже­лері, немерелері), жұбайы және оның жақын туысқандары – аға­лары, әпкелері, ата-анасы» жатқы­зылмақ.

Ресми дерекке жүгінсек, 2019 жыл­дың І тоқсанының қоры­тындысында Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 955 қылмыс тіркеліпті. Оның 76% немесе 725 – сыбайлас жем­қор­лық фактілері.

Тіркелген қылмыстардың ба­сым көпшілігі – 50% (не 366-сы) пара алумен байланысты. Тағы 33% (240) мемлекет мүлкін ұрлау, 18% (133) лауазымдық өкілет­тіктерін теріс пайдалану.

Биыл коррупцияға қатысты 1260 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Бұл қолы арам шенділердің атымен байланысты өндірістегі барлық 1924 қылмыс­тық істің 65%. Жылдың алғашқы үш айында соттарға 686 қылмыстық іс бағытталған.

Қалай болғанда, судьялар па­рақорлардың, мемлекеттің қыруар дүниесін қара басы үшін талан-та­раж еткендердің басым көпшілігін айыппұлмен ғана жазалауға бейім тұратыны аңғарылады. Бірақ айыппұлдың жалпы көлемі сонша көп те емес: өткен жылы қолға түскен коррупционерлер 7 млрд 571 млн теңге айыппұл арқалады.

Мамандар тәркілеу жазасын қолданудың осылайша күрт аза­йып кеткеніне 2017 жылғы жел­тоқсанда Жоғарғы соттың өзінің «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нор­ма­тивтік қаулысына өзгерістер енгізуі себеп болғанын айтады. Соған сәй­кес, бұдан былай судьялар жем­қордың иелігіндегі мүлік қыл­мыс­тық жолмен табылғанын тергеу­ші­лер дәлелдей алса ғана тәркілеу туралы шешім шығаратын болады.