Өз вакцинамыз ем бола ма?
Өз вакцинамыз ем бола ма?
 

Ресейлік вакцинадан біздікі мықты ма?

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басқа елдермен келіссөз жүріп жатқанымен, отандық вакцинаға баса назар аударылатынын жеткізді. «Біз барлық нұсқаны қарастырамыз. Covax Facility бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бәрі клиникалық сына­ма­л­арға байланысты. Басты назарды өзіміздің өндіріске жасаймыз» деген еді. Отандық өнімге акцент қоюдың патриоттықтан бөлек себебі де бар болып шықты. Өйткені Денсаулық сақ­тау министрлігі өкілдері қазақстан­дық вакцинаның әлдеқайда қауіпсіз екенін айтып отыр. «Ресейлік «Спутник V» вак­цинасы – аденовирустық екі сератип негізінде жасалған тірі вирус-вакцина түріндегі препарат. Оны аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адам­дарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге бол­майды», – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов. Яғни, министрлік өкілінің айтуынша, ре­сейлік вакцинаның қазақстандыққа қарағанда тәуекел топтарға егуге болмайтын шектеуі бар екен. Өз вакцинамызға сенім мол бол­са, басқа елден сатып алудың қажеті қан­ша деген сауалдың туындауы заңды. Егер отандық өнім ДДСҰ тексерісінен өтіп, талапқа сай болса, басқа елдерден сатып алудан бас тартамыз ба? Бұл сұрақты Денсаулық сақтау министр­лігінің ресми өкілі Бағдат Қожах­метовке жолдадық. «Әрине, егер отан­дық вакцина бар­лық кезеңнен жақсы нәтиже көрсетіп, рұқсат алып жатса, өзіміз­дікіне басты назар аударамыз. Бұл жерде қай елдің вакцинасы тезірек даяр болатыны маңызды», – дейді ол. Бірақ вакцина саласының маманы Батырбек Айт­жанов қазақ­стандық қана емес, әр елдің вакци­насын салып көрген дұ­рыс деп отыр. «Иммуногендігі жоғары вакцина болса, салдырып көруге болады. Бар­лығын бір жерден алмай, бөліп-бөліп сынаған жөн. Сөйтіп, ең тиім­дісін, жақсысын таңдап алуға болады. Көп­шілігі вакцинаны дәрі деп ой­лайды да, қорқақтайды. Ал негізі, қандай да бір вакцина мақұлданбас бұрын өте көп кезеңнен өтеді. Бір күнде қабыл­дан­байды. Жануарларға сыналып, нәти­жесі көңілден шыққан соң барып адамдарға салынады. Өткенде вирус жұқтырғандар саны күрт өскен кезде қанша жақыны­мыздан айыры­лып қалдық. Артынша шектеу қойы­лып, соның арқасында біршама ба­сыл­ды. Сол себепті рұқсат етілген вак­цина шық­қан жағдайда салдыру керек деп есептеймін». Бағдат Қожах­метов те рұқсат алған вакциналарды алу керек дегенмен келіседі. «Маман­дардың бұл пікірін құптау керек. Неге десеңіз, бұл жерде маңыздысы – халықтың денсау­лығы. Сондықтан вакцинаның сапалы болғанына мән береміз», – дейді.  

Қазақстандық өнім қалай жасалды?

Сонымен, жақсы жаңалық сол – ДДСҰ БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу инсти­туты жасап шығарған екпені ресми түрде клиникалық сынақтарға жібе­рілген вакциналар тізіміне қосты. Оған QazCovid деген атау берілді. Жал­пы, бүгін­де біздің тараптан екі вакцина жасалғанын айта кетейік. Оған жауапты орган – Білім және ғылым министрлігі. Осыған орай, сала министрі Асхат Аймағамбетовтің отандық вакцина жайлы сөзіне сілтеме берейік. «Қазақстанда науқас пайда болғаннан кейін мамандар патоло­гиялық материал алды. Наурыз айы­ның соңында жұмыс басталды, 15 ма­­мыр­да біздің ғалымдар канди­даттық вакцина дайындап, ДДСҰ-ға жіберді, тізімге енгізді. Екі плат­формада кан­дидаттық вакциналар дайын. Кли­никаға дейінгі сынақтар сәтті өтті. Алғашқы болып ғалымдар өздері салдырды. Бір айдан астам уақыт өтті, біз үнемі бақылап отыра­мыз, олар тестілеуден өтіп жатыр. Өзіміздің вакцинаның нәти­жесін, тиімді екенін көріп отырмыз» деген еді министр брифингте. Коронавирусқа шалдыққан ал­ғаш­қы науқастан патологиялық ма­териал алынған соң артынша БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инсти­туты SARS-CoV-2 вирусын бөліп шығарған еді. Сөйтіп, 9 мамырда COVlD-19-ға қарсы кан­ди­тат инактив­телген вакцина әзірлеу бойынша жұ­мыс аяқталып, хаттамасы Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мына жіберілген. 15 мамырда ДДСҰ алдын ала тексеруден кейін оны клиникаға дейінгі сынаққа жіберілген кандиат вакциналар тізіміне қосты. Содан бері зертха­налық сынақтар жасалды. БҒМ-ға қарасты Ғылым комитетінің тө­рағасы Жанна Құр­манғалиеваның айтуынша, вакцина жасау барысында тышқаннан бастап макакаға дейін сынаққа қатыс­ты­рылған. «Вакцинада қауіпсіздігі, иммуногендігі, пи­ро­гендігі және уыттылығына қатысты бас­ты төрт критерий бар. Жануарларға сынап көргенде осы критерийлер бойынша нәтиже жақсы болды. Яғни, қауіпсіз болды, дене қызуын көтермеді, ан­тидене қалыптастыра алатынын көр­­сетті. Дүнижүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының рұқсатын ал­ғаны­мызбен, бізде ресми түрде ден­саулық сақтау министрлігінің рұқ­саты жоқ. Сон­дықтан қазір ерік­тілерді алып жатыр­мыз. Яғни, егу басталды екен деп қате түсініп қал­маған жөн», – дейді ко­митет басшысы.  

Кім батыр?

Қазақстандықтар ерікті түрде әрі тегін вакцина салдыра алады. Ол үшін biosafety.kz сайтына кіріп, сауалнама тол­тыру қажет. «Еріктілер тарту жұ­мыс­тары басталды» дегеннен кейін қанша адамның анкета толтырып, өтінім бергеніне қатысты нақты ақ­парат ала алмадық. Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының сөзіне сүйенсек, еріктілер бар екен, жина­лып жатыр деседі. Министр­ліктен рұқсат алынған соң 20 қыркүйекте Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталады деп күтіліп отыр. Ал қазан айының ортасында ДДСҰ талаптарына сай келетін 200 еріктіге клиникалық сынақ өткізудің ІІ фазасына шығу жоспарланған. Ол желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Бүгінде клиникалық сынақ фаза­сын 4-тен 2-ге қысқарту қарас­тылып жатыр. Оған себеп халықты вакци­намен қам­тамасыз ету қажеттігі бо­лып отыр. Сынақ нәтижелері растал­са, Қазақстан инсти­туты жанындағы құрылыс жұмыс­тары жүргізіліп жатқан Иммуно­био­логиялық пре­параттар өндірісі зауыты вакцина шығаруға дайын. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 млн дозаны құ­райды. Құры­лыс жұмысы 2020 жыл­дың жел­тоқ­­санында аяқталады деп жос­пар­­ланып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық сынаққа жіберілген вакциналар тізіміне Ұлы­британия, Қытай, Ресей, АҚШ, Германия, Жапония, Үндістан, Оң­түстік Корея, Бельгия, Швеция, Син­гапур, Италия, Аустралия, Тайвань, Куба, Франция, Аустрия және Канада секілді елдердің компаниялары неме­се зерттеу институттары жасап шы­ғарған 33 вакцина кірген. Түсін­гені­мізше, ішіндегі ең мықтысын ми­нистрлігіміз іріктеп, келіссөз жүргізеді. Талап бойынша, халықтың кем дегенде 10 пайызы екпе салдыруы керек. 2 миллионға жуық адамға салынатын вакцинаның саны мен оған кететін қаражат әлі нақтыланбады. Белгілі болғанда оны да талқыға саларымыз хақ.  

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР