Зерттеуші Мақсат Имандосов Facebook парақшасында: «Соңғы айлардағы өлім-жітімнің жоғары болуы, әрине қайғылы жағдай. Бірақ жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Өткен маусым айында Қазақстанда 40,4 мың бала дүниеге келді. Соңғы 30 жыл ішінде бізде айына жаңа туған нәрестелер саны мұндай жоғары көрсеткішке ие болған емес» деп жазды. Елімізде туу көрсеткішінің артуы – қуанарлық жағдай.
Әлем ғалымдары көзімен қарасақ...
Ортағасырлық ағылшын экономисі һәм демографы Томас Мальтустың еңбегінде стихиялық өсімді тежейтін үш фактор бар екені айтылады: соғыс, кедейлік және эпидемиялық аурулар. Өкінішке қарай, қазір адамзат эпидемиялық ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ахуал адамзат санының көлемін шектеуге әкелері анық. Мәселен, демограф Илья Кашницкий Италияны зерттеп-зерделеп, пандемияның ықпалы туралы өзінің Facebook парақшасында жазды. Ол: «Зерттеу жұмыстарына Италиядағы мәліметтер алынды. Оның да себебі бар: вирус қарқынды тараған Еуропадағы алғашқы мемлекеттің бірі – Италия. Наурыз айында бұл елде 2003 өлім тіркелді. Италиядағы өлім-жітім көрсеткіші Еуропаның өзге өңірлерінде қайталануы мүмкін деген болжам айтылуда. Жалпы, сырқаттанғандардың қатарын халықтың үштен екісі құруы ықтимал. Сол секілді пандемиядан қайтыс болу тәуекелі жоғары адамдар да есепке алынды. Бірақ бір ескерте кететін жайт, бұл – нақты болжам емес. Адам шығынына көп ұшыраған елдер қатарында Италия, Германия және Испания бар. Өйткені бұл елдерде егде жастағы тұрғындар көп. Назар аудартатын жайт, қазір сырқаттанғандар мен өлім деңгейі үлкен шаһарларда тіркеліп жатқанына қарамастан, індет стихиялық сипат алған жағдайда қарттары басым шалғай өңірлерге таралу қаупі бар. Бұл «кәрі құрлықтағы» карантин науқанын созудың маңызын тағы көрсетеді» деген еді. Ресейде де ғалымдар пандемияның демографияға ықпалы байқалғанын жиі айтып жатыр. «Бұл пандемияның бұрынғы эпидемиялардан бірқатар айырмашылығы бар, сондықтан мұның салдары күрделі болуы мүмкін, бірақ мұны болжауға әлі ерте» деген пікір айтады ғалымдар. Олар пандемияның халықтың көбею процесіне түбегейлі әсер етуі екіталай екенін айтып отыр. Сондай-ақ жағдайы жақсыларға қарағанда кедейлерде бала туу көрсеткіші жоғары екенін де айтып отыр. Өйткені олар «малға жарлы болса да, балаға бай» екенін көрсетіп жүр. Ақшасы бар, қалтасы қалың адамдар кіріс-шығынды бірінші есепке алады, сол үшін бала тууға жауапкершілікпен қарайтын көрінеді. Сол себепті ресейлік ғалымдар туу көрсеткіші коэффициентінің азаюын пандемияға емес, бала туу жасындағы әйелдер санының аздығымен байланыстырады. Осы орайда, Рейват Деонанданның: «Қоғам неғұрлым бай болса, балалар соғұрлым дүниеге аз келеді. Бұл демографияның заңы» деген сөзі еске түсіп отыр.Елдегі ахуал қалай?
Зерттеуші Мақсат Имандосовтың айтуынша, 2020 жылдың сәуір айында қайтыс болғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай азайған. «2020 жылдың 1 жартыжылдығындағы көрсеткіш те 2019 жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда аз. Ал мамыр мен маусым айларында пандемияға байланысты қайтыс болғандар саны бірнеше есе өсті», – дейді зерттеуші. Ал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова адам өлімі, халық денсаулығының нашарлауы демографияға тікелей ықпал еткенін айтып отыр. «Пандемияның елімізге де, әлемге де тигізген әсері зор. Себебі коронавирустан көз жұмғандардың саны елімізде және әлемде өлім көрсеткішінің артуына алып келді. Сондай-ақ пандемия кезеңінде некеге тұру көрсеткіші де азаяды деген болжамдар бар. Дегенмен пандемия біткеннен кейін туылым саны уақытша көбейгенімен, бірақ одан кейін бала туу көрсеткіші азаюы мүмкін» деген пікірді алға тартады. Ол әрі коронавирус халық денсаулығының нашарлауына, иммунитеттің төмендеуіне тікелей әсер етті деп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында халық саны азайғаны рас. Мақсат Имандосовтың айтуынша, халықтың ең азайған кезі – 1999-2000 жылдармен тұспа-тұс келеді. Ол жылдары Қазақстанда шамамен 16,8 млн халық болды. Кейінгі жылдары бұл сан ептеп көбейе бастаған. Соңғы 30 жылда ең көп сәби 2016 жылы дүниеге келген екен. Одан кейін бұл рекордты биыл жаңарттық. 2016 жылы 406 мың сәби дүниеге келіпті. Ал көрші өзбек елінде жылына 800 мыңнан астам бала дүниеге келеді екен. Бұл дегеніңіз – бізден екі есе көп деген сөз. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 2020 жылдың бірінші тоқсанында 92,7 мың бала дүниеге келген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға артық. 2019 жылы Қазақстанда 403,1 мың сәби дүниеге келгені белгілі. Жалпы, туу коэффициенті бойынша Қазақстан көршілес Ресейден алда келеді. Демографтар карантин кезіндегі оқшаулануға байланысты керісінше жақын болашақта туу көрсеткіші өседі деген болжам айтып жатыр. Ал 1 мамырға дейінгі статистика бойынша Қазақстан халқының саны 18,71 млн-ға жетіп отыр. Бұл да болса, қуанарлық жайт. Өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өсіп отыр.Аяулым БЕКТҰР