Елімізден дәрілік өсімдіктерді Қытайға, АҚШ пен Түркияға тонналап әкетіп жатыр

Елімізден дәрілік өсімдіктерді Қытайға, АҚШ пен Түркияға тонналап әкетіп жатыр

Саланы енді реформа күтіп тұрғандай

Жауапты ведомствоның өзі мұның елге заңды табыс әкелер тұтас өндіріс пен индустрияға ай­на­луын қалайды. Сондықтан Эко­логия, геология және табиғи ре­сурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсім­діктер тізбесіне, сондай-ақ дәрілік өсімдіктер тізбесіне енгізілген өсім­діктерді дайындау, планта­циялық өсіру және сату жөніндегі қызметпен заңды айналысуға» жол ашуға ниеттеніп отыр. Осы мақ­сатта «Кейбір заңнамалық актілерге өсімдіктер дүниесі мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң­ның жобасы әзірленіпті. Бір жағынан алғанда, эко­логияға жауапты меморган қазіргі қатаң заңнаманы табан аудармай қорғап, жер бетінен құрығалы тұр­ған өсімдіктерге ешкімнің қолын сұқ­қызбауы тиіс еді. Алайда мем­орган бизнестің жайына бас қа­тырады. «Себебі жойылу қаупі алдында тұрған не дәрілік қасиеті бар өсім­діктерді өсіріп, сату қыз­метімен заңды түрде айналысу үшін бүгінде ешқандай құқықтық негіз және заңнамалық реттеу болмай тұр. Ал сирек кездесетін өсімдіктер әлемде дәрілік, коллекциялық және басқа мақсаттарда құндылыққа ие. Сал­дарынан табиғатты қорғау заңна­масын бұзу, атап айтқанда жаппай заңсыз жинау фактілері жиі кезде­седі», – дейді комитет.   

Алтын тамырдан айырылып қалмайық

Әзірге Қазақстанда сирек және дәрілік өсімдіктерді тіпті қолдан өсіріп саудалауға да қатаң тыйым салынған: егер құзырлы құры­лымдар азаматты сондай құнды шөппен ұстап алса, аяусыз жаза­лайды. Браконьерлер көбінесе, халық арасында «алтын тамыр» немесе «қызғылт тамыр» аталып кеткен «қыз­­ғылт семізотқа» (ғылыми атауы – Родиола розовая, Rhodiola rosea L.) қырғидай тиеді. Өйткені оның емдік қасиеті керемет. Тибет медицинасы онымен жүрек-қан тамырларының және асқазан-ішек жолдарының небір ауруын емдейді деседі. Әлемдегі халық медицина­­сында ол безгек, бас ауру, діңгене-цинга, белсіздік, тұмау аурулары, қант диабеті, туберкулез, өкпе, бүй­рек, тіс және жүйке жүйесі ауру­лары кезінде – ішірткі, соны­мен қатар жаралар, терінің бөртуі кезін­де жақпа май ретінде қолданылады. Көшпелілер оны зорығудың аз-ақ алдында тұрған жорық және бәйге аттарының суына қосып ішкізетін болған. «Алтын тамырды» ғылыми ме­ди­цина да көп пайдаланады: нев­­роз­дарды, гипотонияны, физика­лық шаршауды, ой ойлаудан қажу­ды, шизофренияны, белсіздікті емдейді. Тиісінше, әлемдегі бұған деген сұраныс та орасан зор. Мысалы, 2018 жылдың қыркүйе­­­­гінде Алматы об­лы­сында полицей­лер Көксу ауда­нының 40 жастағы тұрғынын ұстап алды: оның үй-жайын тінткенде, жойылып бара жатқан өсімдік түрі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген «алтын тамыр­дың» (золотой корень) 70-тен астам қабын тәркіледі! Балпық би кен­тінде ұқсас оқиға болды: поли­ция қызметкерлері жеке үйдің қора­сынан жалпы салмағы 877 келі осындай өсімдік толтырылған қап­­тарды тапты. 2020 жылғы мамырда Черно-Уба орманшылығы аумағында 4 тұрғын ұсталды, олардан жалпы сомасы жарты миллион теңгеге бағаланатын 331 бірлік жабайы «ұсақ жапырақты пияз» (торжуа, аю пиязы, черемша, колба деген атаулары бар) өсімдігі тәркіленді. Бұл фактілер онсыз да тым азайып кеткен өсімдіктердің заң­сыз айналымы сұрапыл жүріп жатқанын дәлелдейді. Экология ми­нистрлігі талдау нысанында «инс­пекторлардың жетіспеушілігі кесірінен табиғат қорғау заңна­масын бұзудың барлық фактісі анықтала бермейтінін» мәлімдеді. Мұның сыртында жыл санап басы көбейген төрт түлік мал осы жа­байы өсімдіктерді жеп, қалғанын тапап кетуде.  

Бүкіл әлем қазақ шөбіне көз тігеді

Салада статистика да ақсап тұр. Қолда барына жүгінсек, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана 14 438 тонна мия тамыры (қызылмия немесе солодковый ко­рень) шикізат түрінде экспортқа кеткен. Ал 2016 жылдың 10 айында өңірден 12 мың 117 тоннасы шыға­рылыпты. Кеден органының статистикасы бойынша қазақстандық мия тамы­рын сатудың негізгі 3 нарығы анықталған. Нақтылай кетсек, Қытай 2014 жылы – 21 404,5 тонна, 2015 жылы – 14 651,9 тонна, 2016 жылы – 9 500,8 тонна; Түркия 2014 жылы – 411,7 тонна, 2015 жылы – 1 мың 46,4 тонна, 2016 жылы – 171,3 тонна, ал Америка Құрама Штаттары 2014 жылы – 182 тонна, 2015 жылы – 764,5 тонна, 2016 жылы – 300 тонна мияны қазақ елінен тасып әкеткен. Енді қараңыз: Қазақстанның ботаника және фитоиндустрия институтының ұсынымына сәйкес, осы өсімдікті қалпына келтіру үшін мия тамырын дайындау көлемі келесі 5 жылда үзіліс жасалған жағ­­дайда бір жылда 1150 тон­надан аспауы тиіс! Дегенмен министрлікті басқа нәрсе алаңдататындай. «Қазақстанда қорғалатын өсім­дік түрлерін жинап сатуға рұқ­сат алудың еш заңды мүмкіндігі жоқ. Өсімдіктер табиғатта жиналды ма, әлде бақшада өсірілді ме немесе басқа адамнан сатып алынып, қайта саудаға қойылды ма, бәрібір оны сатуға тыйым салынады. Себе­бі бұлай жіктеу заңда көрсетілмеген. Нәтижесінде, мұның бәрі құқық­бұзушылық болып есептеледі», – делінген жаңа заң жобасының талдау нысанында. Бұл құжаттың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер тізбесіне, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен дәрілік өсім­діктер тізбесіне енгізілген өсім­­діктерді дайындап, план­та­циялық өсірумен және сатумен шұғылданатын ұйымдарға және 200-ден астам фармкомпанияға бағдарланғаны айтылды.  

Қызыл кітап vs қырғыз үлгісі

Экология министрлігінің Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің байламынша, «Қазақстан дәрілік өсімдіктерді, оның ішінде мия тамырын өсіру, дайындау және өңдеу бойынша әлеуетке ие». Мия тамыры Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыс­тарында өседі. Бұл жерде меморган қырғыз елін үлгіге келтірді. «Көрші Қырғызстанда дәрілік шөптерге сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде қырғыз кәсіпкер­леріне табыс әкеледі. 2017 жылы Ыстықкөл өңірі шетелдік фарма­цев­тикалық компаниялармен жасалған шарттар негізінде 129 мың доллар сомасына 30 тонна дәрі­лік шөпті экспорттады. Ал 2018 жылы экспорт 134 мың долларға жетті», – дейді комитет. Бұл сал­танатты, қымбат 1 жеңіл көлік­тің бағасы.  Әрине, посткеңестік кеңістікте бұдан да табысты елдер бар екен. Мәселен, Украинаның мемлекеттік статистикасының мәліметінше, 2017 жылы жергілікті кәсіпкерлер әртүрлі дәрілік өсімдікті экспорт­таудан 7,5 миллион доллар табыс көріпті. 2018 жылғы сауда қоры­тындысында бұл көрсеткіш 10 мил­­лион доллардан асқан. Осы орайда Қазақстанның эко­логия ведомствосы Кәсіпкерлік кодексіне жаңа норма қосып, «Өсімдіктер дүниесінің объек­тіле­рін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қадағалау жүзеге асырылатын кә­сіп­керлік қызмет саласын» енгіз­бек. Заң жо­ба­сы қабылданса, кә­сіп­керліктің осы түрімен айна­лысқысы келетін­дер мемлекеттен рұқсат алуы керек болады. Сонда дәрілік, құнды өсім­дік­терді теру заңдастырылады, «көлеңкелі», заңсыз схемалары азая­ды, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Егер бұл сала заңдастырылса, оған шетелдік инвесторлар келуі ықтимал. Әлден қызығушылық танытуда. Биыл Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігіне «Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының» директоры Чу Джун Хуа (Chu Junhua) өтінішпен жүгінді. Шың елі­нің институты Қазақстанда ЖШС түрінде өз бөлімін ашыпты. – Біздің компания дәрілік өсім­діктер шикізатын жинау, өңдеу және экспорттау қызметін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол себепті бұл қызметке қандай рұқсат құжаттары топтамасын алу қажет болатынын түсіндіруді сұраймын. ДСҰ-ның Сауда және тарифтер жөніндегі бас келісімінің ХI-бабына сәйкес, ұйымға мүше бірде-бір ел өнімді сыртқа шығаруға, соның ішінде экспорттық лизенция немесе квота түрінде қандай да бір тыйым салуға құқығы жоқ. Білге­німіздей, Қазақстан заңна­масы бойынша дәрілік шөптерді жинау қызметі лицензиялауға жатпайды. Ал халықтан дәрілік шөптерді са­тып алатын пункттер ашу үшін қандай рұқсат қағазы керек? Оған дәрілік шикізат тапсыратын жеке адамдарға талап қойыла ма?» – деп сұрады Чу Джун Хуа. Оған ресми блогы арқылы жауап берген Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жабайы өсетін дәрілік шикізат «Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдерге қатысты тарифтік емес рет­теу шаралары туралы» хатта­ма­сында қарастырылған тауар­лардың бірыңғай тізбесіне кіреті­ніне назар аудартты. Ендеше сол тізбеге сәй­кес дәрілік өсімдіктер шикіза­тының экспортымен айна­лысу үшін лицензия алу міндет.  

Жеміс тергенге жаза бар

Қазақстанда өсімдіктер 12,5 мил­лион гектар аумақта өседі және жазық пен таудағы 10 түрлі эко­жүйеден тұрады. Еліміз бұл жөнінен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 3-орын­да. Рас, қопа-қамыс, мең­дуана, сарғалдақ, арамшөптердің құны жоқ. Ондай­дарды қоспағанда, қазақ жерінде ғылыми тілде «жоғары өсімдіктер» деп дәріптелетін 5 754 құнды түрі бар. Ғалымдардың байла­мынша, қазақ өсімдіктеріне энде­мизмнің жоғары деңгейі тән: қара­пайым тілмен айтқанда, жоғары өсім­дік­тердің 14%-ы елімізде тек белгілі бір орында ғана өседі. Яғни, өзге өңірлер мен жерлерде тарал­маған, кездеспейді, жерсінбейді. Ал Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сай, республикада сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түр­лер­дің тізіміне («Қызыл кітап­қа») өсімдіктердің 387 түрі кіреді. Тұтастай алғанда, ерекше қор­­ғалатын табиғи аумақтарда – қо­рықтар мен ұлттық парктерде жойылу қаупі төнген түрлердің кемінде 60%-ы өседі. «Мемлекет олардың жай-күйін бағалауға бағытталған гранттар бөӨліп, арнайы жобаларға баста­­машы болады. Кейбір жобалар грек жаң­ғағы, пісте-фисташка секілді жаңғақ өсімдіктерінің, сондай-ақ көптеген сәндік-декоративті өсім­діктің ком­­­­мерциялық планта­ция­ларын құру арқылы сирек кез­десетін түрлердің ауқы­мын қал­пына келті­руге және кеңейтуге ба­ғытталған. Мұндай шаралар ор­ман шаруа­шылығы меке­ме­лерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар мен ғылы­ми ұйымдарда, мыса­лы, бо­таникалық бақтар мен ден­дро­парктерде жүр­гізіледі. Әр­алуан са­нат­тағы түрлердің кемінде 10%-ы өсіріледі, арасында Тянь-Шань шыр­шасы, Сиверс алма ағашы, грек жаңғағы, қарапайым пісте, долана түрлері бар», – деді Эколо­гия ми­нистрлігі. Мамандар бұл саланы бір ретке келтіру қажет деген пікірде. Әйт­песе, арнайы рұқсаты болмаса, елде саңырауқұлақ пен жидек жи­науға да рұқсат етілмейді екен: ол үшін «орман билетін» алу керек. Қазақстандықтар елімізде негі­зінен Алтайдың, Бурабайдың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның орманды-таулы жерлерінде өсімдіктер, саңы­рау­құлақтар, жидектер, жаңғақтар жинайды. Бұл халықтың дәстүрлі кәсіпшілігі, дегенмен кейде құ­қықбұзушылық қатарына да кіріп кетеді. Атап айтқанда, 2017 жылы – 7 007 адам осы үшін әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, оларға 105 миллион 268,9 мың теңге айып­пұл салынған. 56 адам жазаланыпты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 671 адамға жетті, олар 102 млн 733 мың теңге айыппұл тө­ле­ді, 77 адам қыл­мыстық жауап­кершілік арқалады. 2019 жылғы 10 ай ішінде 6 074 адамға 70 млн 522,9 мың теңге сомасында айып­пұл салынған. 48 адам таби­ғаттың бергенін теремін деп қыл­мыстық қудалауға ұшы­рады.

 Елдос СЕНБАЙ