Алты жүлденің алтыны қайсы?
Алты жүлденің алтыны қайсы?
163
оқылды

Әлем біріншілігіне аттанған сегіздің алтауы – жартылай финалда. Көптен күткен бәсеке аяқталуға жақын. Жартылай финал дегені – қоржынға қола түскені. Демек, бізде алты жүлде бар. Қызығы – алтының ішіндегі алтынның саны.

Алғашқы жүлдені қоржынға салған – Сәкен Бибосынов. 52 ке­лі салмақ дәрежесінде Әлем чем­пионатының қоласына қолы жетті. Қолы жетті дегеннен кү­міс қолдан кетті деген жөн-ау. Көпшіліктің пікірі осыған сая­ды. ½-дегі қарсыласы үндіс­тан­дық Амит Пангхал екенін ес­тігенде, «күміс қолда» дедік. Ерт­е қуаныппыз. Спортшымыз бойы мен қолының ұзындығын пайдалана алмады. 3:2 есебімен қарсыласына жол берді. Осын­дайда психология рөл ойнады дер­сіз. Қарсыласты менсінбеу – спорт­тағы ең үлкен қателік. Бабы ке­ліскеннің бағы шаппай қалуы әбден мүмкін.

Абылайхан Жүсіпов бокс ала­манында шашасына шаң жұқ­тырмай келеді. Құлагерге жар­ты жолдан тұсау тосар Ба­ты­раштар болмаса, көмбеге жа­қын. Жартылай финалдағы қар­сыласы Андрей Замковой да оңай шағылар жаңғақ емес. 32 жастағы тісқаққан бокс­шы. 2009 жылы Миланда өт­кен Әлем чемпионатының кү­­міс жүлдегері. Замковой Лон­­дон олимпиадасында Се­рік Сәпиевтен жеңілді. Сә­пиев­пен жолы жартылай финалда тоғысқан еді. Ендігі қарсыласы Абылайханмен де ½ финалда кездесіп отыр. Әлем чемпионаты Ресейде өтіп жа­тыр. Батыраштарды «мы­сал­ға» келтіргеніміз осыдан. Өз кеңіс­тігіңде бәйгеге түскен жақсы. Ер­кіндік бар. Бірақ демеу дейтін фак­торды да естен шығармаған аб­зал. Бұра тарту болмағанын қа­ласақ, Абылайхан үсті-үстіне соққы жасағаны керек.

Жартылай финалға жетер жолда доминикандық Роан По­лан­коны айқын басымдықпен ұтты. Кемінде қанжығада қола бар. Гамбургте өткен бірін­ші­лікте Жүсіпов қола медаль алды. Зам­ковойды бір­жақты етсе, алтын сал­сам деген тілегі орындаларын жақ­сы түсінеді.

Тұрсынбай Құлахмет армян боксшысы Арман Дарчинянды қоласыз қалдырды. Жартылай финалда Эумир Марсиалмен жұ­ды­рықтасты. Марсиал 2015 жы­лы Азия чемпионатында Елеусізовке жол берді. 75 келідегі фаворит саналатын марокколық Тарик Алалиді жеңді. Биылғы Әлем чемпионатына жаңа леппен келіпті. 1-айналымнан ширақ қи­мылдап, отандасымыз нокдаун алды. Қос солақай тіресіп бақты. Нокдаун алған соң, Құлахмет бар білгенінен жаңылды. Есеңгіреді, ес жоғалт­ты. Күміске бір табан жа­қын жерден кері қайттық. Де­се де, қола да медаль, құр емес. Соңын­да белгілеген межеден кө­рінсек болғаны.

81 келі салмақта ел сені­мін ақ­­тап жүрген Бекзат Нұрдәуле­тов жарады. Алғашқы Әлем бі­рін­шілігінде қолаға қол созды. Қар­­сыласы кім дерсіз. Әйгілі ку­балық Хулио Ла Круз. Әлем чем­пионатының 4 дүркін жеңім­па­зы. Мұнымен тоқта­май, 5-ші мәрте бағын сы­­на­мақ­қа келіпті. Тісқақ­қан кубалық қа­бы­ланмен жас жолбарыстың шай­қасы қызық болғалы тұр. Әлемдік сарапшылар Хулионың шаппай бәйге алатынына сенімді.

Әділбектің «Күмісбек» атануы­на бірден-бір себепші – Ла Круз. Ниязымбетов қатысқан бә­секеде бөрене ұқсап жолға «жа­тып» алатын. 22 жастағы Нұр­дәулетовтің бөренені қозғауға шамасы жетер ме екен? Не деген­мен жастың аты жас. Жарыс бас­талғалы бері нокдауннан шоу жасап, барын салып жүр. Бірақ Ла Круз кез келгеннің тісінде ке­тетін боксшы емес. Қарқыны бә­сеңдемесе, Бекзаттың жолы бо­лар. Афинада топ жарған Бекзат ағасының жолын берсін дейміз.

Сенім жайлы сөз болса, Левит ес­ке түседі. «Василий алтыннан ал­қа тағар деп» тосқандар көп. Қола үшін тайталаста иор­да­ния­лық Хусейн Яшаишты ұтты. Жартылай финалда эквадорлық Кастилло Торреспен шықты. Кас­тилло ½ финалға жай шық­па­ғанын дәлелдеп бақты. Ле­вит те осал қарсылас емеспін де­гендей, жойқын соққы жұм­сады. Дегенмен 2:3 есебімен қар­сы­ласына жол берді. Шаршы алаң­да не болғанын біз де, Левит те түсінбедік. Тосын жағдайды то­сып алу қиын. Мүмкіндік қол­да тұрғанда жіберіп алу қиын со­ғады. Доллисекундтың қадірін сон­да білесіз. Алайда боксты та­ма­шалағандар Левиттің кезекті жарыста құрбандыққа айналып отырғанына көзі жетті. 91 келідегі кезекті жартылай финалдық жұп­тың кім екені белгілі. Ондағы боксшының біздегі Левитке ша­­масы жетпейтіні анық еді. Сон­дықтан «қиындықтан» қиналмай өтейін деген болар.



Боксшыларымыздың жарыс жолын қарасақ, Қоңқабаев жүрген соқ­пақ жеңілдеу. Топтық кезеңде де, басқасы да жөнімен өтті. 91 келіден жоғары салмақтағы бо­кс­шымыздың қарқыны көз қуан­тады. Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда қарсыласын бұйым құрлы көрмеді. Неміс боксшысы Нелфи Тиафаканы 5:0 есебімен жеңді. Жартылай фи­налда австралиялық Джастис Ху­нимен жұдырықтасады. 2016 жы­лы жастар арасындағы әлем чем­пионатында топ жарған Қоң­қабаевтың қауқары бар. Құра­мадағы үміт те, сенім де – 20 жас­тағы боксшыда.

Гамбургте өткен Әлем чем­пионатында да 6 боксшымыз жар­тылай финалға шықты. Нәти­жесі – 1 алтын, 2 күміс, 3 қола. Екатеринбургте алған 3 қоламыз бар. Ендігісі алтынның жайы. Ес­теріңізде болса, Куба 2017 жыл­ғы әлем чемпионатында 5 алтын алды. Әзірге бұл – Әлем чем­пионатындағы ең жоғары көр­сеткіш. Басында жартылай финалдың буымен 6 алтын алсақ қалай екен дедік. Психология мен қорғаныс таяқ боп тиіп, бокстың не екенін еске салды. Қалған сал­мақтағы боксшылар ел күткен ме­дальдің түсін білетін болар.


P.S.

Абылайхан Жүсіпов шығады дегенде демді ішке тарттық. Төртінші қоланы алты көш алдын сездік. Екатеринбургте Андрей Замковойға 5:0 есебімен жеңілді. Жоғарыда Бекзатқа Саттархановтың жолын берсін дестік. Қалауымыз орындалып, финалға шықты. Левит пен Абылайханның кездесуіне айтар дат пен төрешілердің қылығы қанын қоздырды ма екен, Бекзат барын салды. «4 дүркін Әлем чемпионы сен бе едің?» деген көзқараспен Ла Крузды соққының астына алды. Екі кезеңде айқын басымдық көрсеткен ол 81 келіге дейінгі салмақта жарыс жолын жалғастыра­ды. Нұрдәулетовтің қарқынын көріп, Қоңқабаевтың қарсыласы алаңға «шықпаған» тәрізді. Австралиялық Джустис Хони келме­ген­діктен, Қамшыбек келесі кезеңге өтті. Сонымен, Қоңқабаев кем дегенде, шаппай күміс алып отыр.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ