Парламенттің жоғарғы палатасының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысындағы көшпелі отырысында сенаторлар әскери оқу орындарын одан ары дамыту мәселелерінің шешілуі барысына қанықты.
Сенаторлар Қорғаныс министрлігінің Щучинск қаласындағы Кадет корпусында болғанда, оқу бағдарламасымен, оқу корпустарымен, сондай-ақ әскери қызметшілердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларымен танысты. Кадет корпусындағы техникалық дайындық және ату-үйрену жаттығулары өтетін сынып бөлмелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы көрсетілді.
Қорғаныс министрлігі басшылығының ақпараты бойынша Кадет корпусында білім беру қызметінің стандарттары жаңартылды, ал оқу бағдарламасы аясында әскери пәндерге қатысты түзетулер енгізілді. Оның ішінде оқу пәндерінде енді Ауғанстандағы, Ирактағы, Сириядағы, Шешенстандағы, басқа да жергілікті қақтығыстардағы ұрыс қимылдарының тәжірибесі ескеріліпті.
Комитет мүшелері сол күні Көкшетау қаласындағы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі ТЖК техникалық институтында болды. 1 жыл бұрын іске қосылған өрт сөндіру бөлімі қаланың солтүстік бөлігінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заманауи өрт техникасымен және жабдықтарымен, жайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлармен жабдықталған екен.
Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, жаңғырту аясында институттың 4 оқу орталығы құрылған. Оқу орнын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жақсарды. Осы мақсатта бюджеттен 2019 жылға 1,087 миллиард теңге бөлінген, ал бұрын бұл шығындар 909 млн теңгені құрайтын. Келесі жылы институттың профессор-оқытушы құрамының жалақысын 25 пайызға арттыру көзделіп отыр. Оның айтуынша, оқу корпусы мен казарманы салу мәселесі кезекте тұр, министрлік тиісті жобаларды мүдделі мемлекеттік органдардың келісуіне жолдапты.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед көшпелі отырысты қорытындылай келе, Дариға Назарбаеваның басшылығымен өткен бұрынғы көшпелі отырыстарда көтерілген маңызды мәселелердің басым бөлігі оң шешімін тапқанын атап өтті. Сенат басшылығы ІІМ жүйесінің алдағы реформасына, оның ішінде төтенше жағдайлар органдарын жетілдіруге қатысты қойылған міндеттер мен ұсыныстардың шешілуіне оң ықпал етеді. М.Құл-Мұхаммед бұл мәселелердің бәрі жоғарғы палата комитетінің тұрақты бақылауында екеніне сендірді.
Ерік ЕРДЕНОВ