Халық мұңы Қостанай әкіміне жетпеген
Халық мұңы Қостанай әкіміне жетпеген
291
оқылды
 

Қазақстан уақытты қалай өзгертті?

Жаһан ғалымдарының анық­тауынша, денсаулықтың мық­ты, еңбектің өнімді болуы үшін жергілікті уақыт дұрыс есептелуі керек. Ал дұрыс есеп қалай жа­салады? Мысалы, күн тас төбеге кө­теріліп, ең биікте болатын кезі 11.30 бен 12.30 аралығына сәйкес келуі тиіс. Біздегі бірнеше қаланы мысал ретінде алып, астрономиялық талтүс уақытын анықтап көрелік. Алматыда – 12.52, Қостанайда – 13.45, Қызылордада – 12.37, Нұр-Сұлтанда – 13.13. 2018 жылы Еуропарламент «жазғы уақытты» алып тастау ту­­ралы резолюция қабылдап, Еурокомиссия бас тартқан еді. Бұған түрткі болған зерттеулерді атап өтелік. 2017 жылы америкалық невролог ғалым М.Уолкер әлемде жасалған 17 000 ірі зерттеулердің нәтижесінде «ғаламды ұйқы қан­байтын эпидемия жайлады» деген болатын. Артынша Тилль Роенберг бастаған неміс ғалымдары да, АҚШ-тың биоритм зерттеушілері де, Канада, Нидерланд, АҚШ сомнологтары қауымдастығы да қоштай кетті. Яғни, жазғы уа­қыттың адам денсаулығына зиян екенін айтып, мәлімдеме жасады. Тіпті, биологиялық ритмдер ме­ханизмін ашқан америкалық үш ғалым — Джеффри Холл, Майкл Росбаш, Майкл Янг Нобель сый­лығын иеленді. Қазақстан Үкімет шешімімен 4 сағаттық белдеуде орналасты деп қабылданған. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары — үшінші, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай — төртінші, Өскемен — алтыншы, қалған облыстар — бесінші сағаттық белдеуде. Осыған дейін Қазақстан осы уақыт есептеуге қатысты бірнеше реформаны бастан өткерді. 1930 жылдары КСРО елдеріне белдеулік уақытқа бір сағат қосатын декреттік уақыт енгізілді. Бұл жылжытқан жазғы уақыт еді. Қазіргі таңда әлі күнге де­йін жазғы уақытта өмір сүріп ке­леміз. Сөйтіп, 1981 жылы жазғы уақытқа ауыстырып, бір сағатқа жылжытатын болдық. Осылайша, жазғы уақыт алдыңғымен қосқанда екеу болды. Табиғи уақыттан екі сағат озық жүру адам ағзасына әсер етпей қоймайды. Мұның қа­те қадам болғанын білген Үкімет 2004 жылы жазғы уақыттан бас тартты. Осылай бір алып, бір қосып жүргенде есептен жаңы­лып, төртінші сағаттық белдеуде орналасқан Қызылорда облысы 2018 жылға дейін екі сағат озық айырмамен өмір сүріп келді. Екі жыл бұрын облыс халқы қол жи­нап, қарсылығын білдіріп, мәселе көтерді. Ғалымдар та­ра­пынан жасалған зерттеу нәти­жесі ескеріліп, Үкімет қызыл­ордалықтардың сағатын «қай­тар­ған» болатын. Сол сәт­ті есіне алған Қызылорда облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев былай деді: «Желтоқсанның 21-нен 22-не қараған түні ауысқан еді. Таңертең мектепке баратын балаларды сабаққа алып кеттім. Сөйтіп, олардан «қалай тұрдыңдар, ұйқы қанды ма?» деп сұрағанымда, бетіме күліп «аға, бүгін өзіміз, оңай ояндық» деп жауап берді. Яғни, ол кезге дейін балаларға психологиялық зорлық жасап, оятатынбыз. Әлі таң атпаса да, миы оянбаса да, қысым жасап келіппіз».  

Қостанай әкімдігінің қарсылығы

Бір қызығы, бір белдеуде ор­наласса да, Қызылорданың уақыты ауысқанда Қостанай тысқары қалды. Әкімдік соңғы үш жылда еш­кімнің шағым жасамағанын, халықтың бұл мәселені көтеріп жатпағанын айтып, уақытты өз­гертуден бас тартқан. Сонда ин­тернетте қол жинап жатқанын жер­гілікті атқарушы орган қа­лайша білмейді? Қостанайлық белсенді Далер Исмагулов бастама көтеріп, петиция жинаған. «Об­лыстағы стандарт уақыт бел­деулік уақыттан 1 сағат 46 ми­нут­қа озық. Республиканың бар­­лық облысының ішіндегі мак­симум айырмашылық осы. Бұл тұрғындарға, соның ішінде ба­лаларға кері әсер етеді. Қыста таңертеңгі 9-да әлі қараңғы, түн­гі 23.00-де жарық. Адами био­ритмдер бұзылып жатыр» деп ша­ғымданған Исмагулов. Одан бөлек, қостанайлық депутаттар да бірнеше рет осы мәселені көтерген. Жылдың басында бірнеше БАҚ беттерінде қостанайлық тұр­ғындардың уақытты ауыстыру­ды сұрағаны жайлы материал жарық көрді. 15 жылдан бері табиғи са­ғаттан тыс әлеуметтік уақытпен өмір сүріп келе жатқанына Қос­танай халқы наразы. «Облыс ау­­мағының 95 пайызы UTC +4 белдеуінде жатыр. Ал әкімшілік уақыт болса, UTC +6. Мұндай айыр­ма денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Көз алдыңызға ел­естетіп көріңізші, оянуы керек уақыттан 1-2 сағат бұрын күштеп тұрғызған баланың психикасы қан­дай болады? Баласымен рен­жіскен ата-ана қандай сезімде жұмысқа барады? 15 жылдан бері ай сайын осы мәселені көтеріп келеміз» деген еді белсенді Наталья Фищук. Бел­сенді Ольга Ведлерге ха­бар­ласқанымызда, әлі әкімдік тарапынан еш қи­мыл жоғын айтты. Дегенмен ал­­дағы уақытта тағы бастама кө­теретіндерін жеткізді. Облыстың Денсаулық сақтау басқармасында мұндай мәселені айтып келгендер жоқ дейді. «Клиникалық зерттеулер жасалуы керек. Рұқсатнамасы, лицензиясы бар сарапшылар тобы құрылып, зерттеуі тиіс», – дейді Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова. «Күн мен түннің ауысуын Вячеслав Апрелев есімді ресейлік ғалым «хроноцид» деп айтып кет­­кен. Яғни, ұлттың өзін-өзі баяу жоюы. Қарасаңыз, демо­графияға да әсері бар. Мұндай зерт­теу жасаған ғалым көп. Жал­пы, баланы уақытынан ерте оя­ту­дың салдарынан психикасы бұ­зылады, алғашқы сабақтарды түсінбейді, интеллектісі төмен бо­­лады. Бұл мәселені шешудің жолы оңай. Қазақстанға бірыңғай UTC+4,5 уақытын енгізген жөн», –дейді Болат Нұрқожаев. Жалқау әрі енжар адам көбейді деп жатамыз. Бәлкім, жай ғана өз уақытынан адасқанның салдары емес пе? Көзін тырнап ашып, «енді бір минут ұйықтай тұрайын» деп қиылатын баланың ұйқысы неге қанбайды? Құртылған ден­саулықты қалыпқа келтіруге ке­тетін шығын шаш-етектен. Бүгінде жүйкесі сыр бергендер көбейіп, оған қарсы препараттың да түр-түрі шықты. Қарап тұрсаңыз, мұ­ның бәрі фармацевтиканың дәу­­ренін жүргізіп-ақ тұрғандай. Әйтсе де, «аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» жақсы емес пе? Тағдырды өзгертуге шама келмесі анық, уақыт белдеуін өз­гер­ту қолында тұрғанда Қостанай әкімі Архимед Мұхамбетов неге бейжай қарап отыр?  

Жадыра АҚҚАЙЫР