Nur Otan партиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайластыққа қарсы күш біріктіреді. Тараптар бірлесіп, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу үшін ауқымды жұмыс бастамақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – Nur Otan партиясы үшін басым бағыттардың бірі. Партия жанындағы қоғамдық кеңестер сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға жұмылдырылды. Партия бұл індетпен осыған дейін де жүйелі түрде күресіп келді. Дегенмен бұл жолы партия жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс әдісі мен үлгісін жақсарту үшін нақты мақсат қойылып отыр.
Осы орайда Nur Otan партиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы қоғамды жұмылдыру мен осы бағыттағы саясатты жаңғыртудың басым бағыттарын талқылады. Nur Otan партиясының хатшысы Марат Сембековтің айтуынша, ең алдымен қоғамдық кеңестің кадрлық әлеуеті айтарлықтай күшейтіледі. Орталық және өңірлік деңгейдегі кеңесте жұмыс істейтін мамандар мінсіз беделге ие, шешім қабылдағанда ұстанымына берік, адал әрі объективті болуы шарт. Бұл жерде сыбайластықпен күрестің сингапурлық тәсілін мысалға алуға болады. Сингапурда бұл індетпен күресуде нақ осы салада жұмыс істеген мамандардың жауапкершілігі мен өз ұстанымына беріктігінің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткен. Сондықтан жемқорлықпен күресетін кеңестің құрамына кіретін кадрларды іріктеудің тиімді жүйесі енгізіледі.
– Екіншіден, барлық деңгейдегі кеңес жұмыс барысында барынша жариялылық пен есеп беруді негізге алады. Бұл турасында біз тағы да шетелдік тәжірибеге иек арта аламыз. Мәселен, АҚШ, Нидерланд, Германия сияқты әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде жемқорлыққа қатысты материалдар, егер оның ұлттық қауіпсіздікке қатысы болмаса, міндетті түрде жарияланады, – дейді партия хатшысы.
Сондай-ақ Марат Сембеков кеңестің мониторинг және талдау жүргізу жұмыстары күшейтіліп, тұрмыстық сипаттағы жемқорлықпен күресу мен оның алдын алуға басымдық берілетініне тоқталды.
Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлықпен күресуге қоғамды жұмылдыру – осы бағыттағы заманауи саясатты жаңғыртудың басымдықтарының бірі екенін айтты.
– Агенттік өз жұмысын үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз әрекеттестікте жүргізуде. Біз еліміздің жетекші саяси күші – Nur Otan партиясымен тиімді ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлеміз, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кетейік, партияның Jas Otan Жастар қанаты да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске атсалысуда. Мәселен, «Таза сессия» жыл сайынғы акциясы оқу орындарындағы академиялық адалдық қағидаларын нығайтудың жақсы дәстүріне айналды. Акция барысында жүргізілетін сауалнама студенттердің көңіл күйін бағалауға, жоғары оқу орнындағы немесе колледждегі сыбайлас жемқорлықты анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Jas Otan-ның қолдауымен оқу орындарының жатақханаларында бөгде адамдардың заңсыз тұруына мониторинг жүргізіледі. Былтыр осындай 84 жағдай анықталып, тиісті шара қолданылды. Таяуда ғана агенттік пен Jas Otan Жастар қанаты арасында жемқорлықпен күресуде бірлесіп жұмыс істеудің негізгі бағыттары белгіленген меморандумға қол қойылды.
Бүгінде орталық және аймақтардағы мемлекеттік органдарда «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері құрылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелінің картасы жасалып жатыр.
Клара НАҚЫП