Атырауда модульді аурухана салынады
Атырауда модульді аурухана салынады
149
оқылды
Ел күнделікті деректерден куә болғандай, коронавирустың әле­гінен 650 мыңнан астам халқы бар Атырау өңірі де орасан зардап шекті. Дәрі жетіспеушілігі мен мамандардың дайын болмауы сал­дарынан жүздеген адам мәң­гілік сапарына атанып кетті. Осы олқылықтардың алдағы болжам­ды қатерде қайталанбауы үшін Үкімет өңірлерде модульді типтегі жұқпалы ауруханалар салуға ше­шім қабылдады. Бүгінде Атырау облысы әкім­дігі күзде болады деп болжанып отырған пандемияның екінші тол­қынына дайындықты күшейт­ті. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралардың бірі – Үкімет тапсыр­масына сай Атырау қаласында салынып жатқан модульді типтегі жұқпалы аурулар ауруханасы. 200 орындық инфекциялық аурухана стандартымен бой түзей­тін медициналық нысанды облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша «Норт Каспиан Оперейтинг Ком­пани Н.В.» компаниясының тап­сырысымен ЖШС BI Industrial BI компаниясы салып жатыр. Аурухана ғимараты жылдам құ­растырылатын құрылыс тех­нологиясын пайдалана отырып, модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қам­­тамасыз ететін заманауи ди­аг­­нос­тикалық және науқастарды емдеуге арналған құралдармен жаб­дықталады. Медициналық нысанда 56 екі орындық палата, 16 үш орындық палата, 6 бір орындық және 7 екі орынды бокстар аулаға шы­ға­тын арнайы есіктерімен жа­салуда. Сондай-ақ интенсивті терапия бөлімінде 20 кереует және қабылдау-диагностикалық бөлімінде 5 бокс жасақталады. Медициналық блокта әкім­шілік, зертхана, КТ мен рентген аппараттары, бронхоскопикалық құрал-жабдықтар, УЗИ, элек­трокардиографтар болады деп жос­парлануда. Жаңа аурухана жұмысына жергілікті медициналық қызмет­керлер қайта оқыту арқылы тар­тылады. Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары қазанда бітеді деп жоспарланып отыр. Жылыой ауданының орталғы Құлсары қаласында да 275 орын­дық аудандық орталық аурухана салынуда.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы