Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қаласы филиалындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың жағдайы сөз болды.
Жиында «Нұр-Сұлтан қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Әнуар Қанатұлы баяндама жасады. Тың деректемеге негізделген баяндамада балабақшадағы былықтармен қатар мектеп асханалары жағдайы айтылды. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі толқу мен білім саласындағы жаңалықтар жария болды. Мекеме басшысы мектеп айналасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қолдауға шақырды. Талқылауға Марат Башимов, Жамаладен Ибрагимов, Фарангиз Ахметова, Камалиден Жақпаров және тағы басқалары қатысты.
Баяндамада айтылғандай, 2018 жылдың наурыз айында жүргізілген тексеруде 70 орынды «Нұр Мадияр» балабақшасында 39 есім өтірік тіркеуде тұр. Бір баланың есімін екі-үш балабақшадан көруге болады. Мысалы, Бауыржан Айзада «Ақ тілек-1», «Ақ тілек-2» балабақшасына қатар тіркелген. Осыған ұқсас оқиғалар жиі тіркеледі екен. Сәйкесінше, Нұр-Сұлтан қаласындағы аудандық әкімшіліктердің есеп бөлімі тексеріс жасамай-ақ балабақшаны қаржыландырған. Әнуар Қанатұлы ендігі кезекте бәрі қатаң тексерістен өтетінін мәлімдеді.
«Астана – адалдық алаңы» бағдарламасы осы іске қатысты талдау жүргізеді. Әнуар Қанатұлы бастаған білім бөлімі бағдарламамен иық тіресе жұмыс істейді. Мектеп директорлары мен ата-аналар кеңесі жылына 2 рет арнайы жиналыс өткізеді.
– Ашық бюджет маңызды. Барлық ақпарат шынайы болуы керек. Басқа өңірлерге қарағанда Нұр-Сұлтан қаласында ақпараттың бәрі жария түрде жүреді. Жалпы, білім басқармасы ата-аналар кеңесімен тығыз байланыста. Менің айтарым, қазір – ақпарат дәуірі. Хабарламаның көбі әлеуметтік желіде жазылады. Желіде жарияланған әрбір ақпаратқа мекеменің өзі жауап беру керегін атап өткім келеді. 600 мектепке дейінгі орталық бар. Әр директор есеп беруді өзі қолға алса әрі анық жазылса жақсы болар еді. «Адалдық алаңының» басты мақсаты да – осы. Интерактивті картаның артықшылығы бар. Жүйеде директорға есеп беру оңай болады. Мынанша қаражат жөндеу жұмысына, қалғаны басқа іске жұмсалды деп көрсету – жеңіл. Бәрінің астарында қаражатты дұрыс пайдалану тұр,– дейді Нұр-Сұлтан қалалық ата-аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Омарова.
Айбике ЖАНАСЫЛ