Зілтемірші Зульфия қайта оралды
Зілтемірші Зульфия қайта оралды
190
оқылды
Қазақстандық спортшы қатысқан Ха­лық­аралық кубок онлайн режимде өткізілген алғашқы турнирдің бірі болды. Чиншанло 55 келіге дейінгі салмақ дә­режесінде сынға түсті. Қоссайыс қорытын­дысы бойынша ол 200 (85 + 115) келіні басынан асырды. Ал 205 (95 + 110) келі кө­терген турнир қожайыны, Өзбекстан спортшысы Муаттар Нәбиева жарыс жеңімпазы атанды. Польшадан келген ауыр атлет Йонна Лочовска 3-орынды қанағат тұтты. Оның нәтижесі – 185 (80 + 105) келі. Негізі, бұған дейін Чиншанло 2012 жылы­ Олим­пиада чемпионы болған кез­де, қоссайыс қорытындысы бойынша 226 (95 + 131) келіні оңай ырқына бағын­дырған. Алайда көп өтпей спортшы до­пинг қолданғаны үшін алтын медалі­нен айырылып, спорттық шарадан шет­­тетілгенін көпшілігі жақсы біледі. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында алтын алған Илья Ильин, күміспен күп­телген Ирина Некрасова, қолаға қол жет­кізген Мария Грабовецкаяның жүлделерін ХОК 2016 жылы жоққа шығарып, олардан жүлделерін қайтарып алған еді. Лондонда да қарсылас шыдатпаған  Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедованың да допинг пай­даланғандары анықталып, медальдарынан айырылып, әртүрлі мерзімге спорттан шеттетілді. Жоғарыдағы спортшылардан бөлек, Владимир Седов, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев және өзге де атлеттер допингпен ұсталды. Осыдан соң Мая Манеза мен Светлана Подобедова спорттық карьерасын аяқтауды жөн көрді. Артынша Илья Ильин де ауыр атлетикадан кетті. Бұл даудан кейін ауыр атлеттердің Олим­пиадаға барар жолы да біраз қиындады. Нақ­тырақ айтқанда, допингпен ұсталған ел­дер жазаланды. Мәселен, допинг көп қолданған ел ретінде айыпталған Ресей Федерациясының ауыр атлеттері Рио Олим­пиадасынан шеттетілді. Өкінішке қа­рай, қазақстандық ауыр атлеттердің де жағдайы мәз емес. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен 2017 жылғы әлем чемпионатына біз­дің құрамамыз қатысқан жоқ. Оған до­пингпен ұсталушылардың көптігі себеп болды. Сондай-ақ Қазақстанға Токио Олимпиадасына екі-ақ жолдама берілді (бір ер және бір әйел). Содан бері үлкен спортқа Зульфия 2018 жылы ғана оралды. Кейін 2019 жылы зілтемірші Беларусьте өткен халықаралық турнирде қоссайыс қорытындысы бойынша 200 келіні еркін бағындырып, 3-орынға ие болды. Ол 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Атлет жұлқа көтеруде 85 келіні, ал серпе көтеруде 115 келіні еңсерген болатын. Енді міне, 2020 жылы да Ташкентте өткен жарыста да ол үздіктер қатарынан көрінді. Келер жылы Зульфия Токио Олимпиадасына баруды, жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтып отыр. Өзге де зілтеміршілер қызу дайындық үстінде. Өйткені лицензия саны шектеулі. Ал басты додаға тек мықтылар баратыны аян. 23 тамыздан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының ауыр атлеттері  жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті. Команда Алматы облысындағы «Ақ бұлақ» олимпиадалық орта­лығына орналасты. Айтпақшы, елі­міздегі карантин талаптарына сай жаттығу жиынына жаттықтырушылар құрамы мен қызмет көрсететін персоналды қоса алғанда, 30-дан аспайтын адам қатыса алады. Сондықтан кей спортшылар өз бетінше жаттығуды жалғастыруда. Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Бақыт Ахметов жаттығу жұмыстары қалай жүргізіліп жат­қаны туралы айта келе, құрамадағы ат­леттердің жаңарғанын, жасарғанын атап өтті. – Ең жақын жарыс – қараша айында өтетін Азия чемпионаты. Бірақ ол өте ме, жоқ па, нақты белгілі емес. Қалай бол­ғанда да, біз командамен жаттығып, алдағы жарысқа дайындаламыз. Құраманың құрамы айтарлықтай жасады,  70 па­йызы – жасөспірімдер. Сондықтан ал­дағы уақытта біздің балалар тәжірибелі спортшылармен бірдей деңгейде өнер көр­сете алуы үшін бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Жергілікті жа­рыстардың ішінен биылғы жылы Тал­дықорғанда Қазақстан чемпионатын өт­кізуді жоспарлап отырмыз.  Жарыстың нақты қай уақытта өтетіні анықталған жоқ. Бір анығы, жарыстан кейін құраманың не­гізгі құрамында кім қалатыны белгілі болады, – деді бас жаттықтырушы. Біз осы ретте ауыр атлетикадан То­кио Олимпиадасына баратын спорт­шылардың нақты тізімін және допингпен ұсталған спортшылар туралы Ауыр ат­летика федерациясынан сұраған бола­тынбыз. Сауалымызға Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы Анна Ермакова жауап берді. – Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортшылар кем дегенде алты жарысқа қатысуы қажет. Осы алты жарыстың 4 нә­тижесі есепке алынады. Бірақ қазіргі кезде әлемдік пандемияға байланысты көптеген жарыстар әзірге тоқтап тұр. Федерация жарыстар циклі аяқталғаннан кейін және барлық спортшылардың нәтижелері бел­гілі болғаннан кейін Олимпиадаға ба­­ратындардың атын атай алады. Ал спорт­тық мансабын аяқтаған атлеттердің бәрімен тығыз байланыстамыз. Светлана Подобедова қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Майя Манеза Алматы қаласында, жуырда шығыс медицина орталығын ашты. Жасұлан Қадырбаев бүгінде спорттық функционер. Илья Ильин­нің дисквалификациясы аяқталды, қазір оның  Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры бол­ғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер, – деді Ауыр атлетика федерациясының баспасөз хатшысы. Бір кездері ауыр атлетикадан алпауыт­тардың қатарына енген елміз, бүгінде бұл спорт түрінен Қазақстан үлкен тоқырауда тұр десек те болады. Допинг дауына іліккелі бері бапкеріміз де, спортшыларымыздың көпшілігі спортпен қош айтысты. Зіл­теміршілердің арасында қазіогі кезде Зульфияның ғана бағы мен бабы қатар шауып, айы оңынан туып-ақ тұр. Үлкен сынақтан өткен зілтемірші қызымыз үшін алда тағы бір сынақ күтіп тұр. Ол, әрине төрт құрлықтың басты додасы – Токио Олимпиадасы.  Ауыр атлетикада алыптармен күш  сынасып жүрген алтын қызымызға алдағы дүбірлі додада алтын бұйырар ма екен? Бір сенім, бір үміт, бір күдік.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ