Неге ұсақталып кеттік?
Неге ұсақталып кеттік?
228
оқылды

Ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезов: «Әр газеттің өзі­нің бет-бейнесі болуы керек» деп еді. Сондай өз қолтаңбасы, өз бет-бей­несі бар газеттердің көшін бү­гінгі «Егемен Қазақстан», «Ай­қын» сын­ды бас басылымдар бас­тап тұр

Өзіміз көзін көріп, дәрісін тың­­дау, ол – ол ма, сұхбат алу бақы­ты мен жауапкершілігі пешене­міз­­ге бұйырған ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезов: «Әр газеттің өзі­нің бет-бейнесі болуы керек» деп еді. Сондай өз қолтаңбасы, өз бет-бей­несі бар газеттердің көшін бү­гінгі «Егемен Қазақстан», «Ай­қын» сын­ды бас басылымдар бас­тап тұр. Осы газеттердің сан жылдардан бергі тұрақты оқыр­мандары бұл ба­сылымдардың аты жазылған бірінші беті жұлынып қалса да қалған беттеріндегі материалдарға қарап-ақ сүйікті газетін бірден таныр еді. Өйткені бұл басылым­дардың М.Әуезов айтқан өз бет-бейнесі, өзіне тән өзгеше қол­таң­басы бар. Бұл ба­сылымдардың ажа­рын ашып, абыройын асқақ­татып тұрған тағы бір жағымды жағы елдің көңілінде жүрген өте өзекті, өткір мәселелерді көтере бі­летіні. Оған мысал келтіріп, көзі­қарақты оқырманның уақытын алмай-ақ, күні кеше ғана, 11.09.2019 жыл «Айқынның» 139 са­нында «Ірілік қайда, ұлылық қайда?» деген ат­пен жарияланған, Гүлзина Бек­тастың аса көрнекті суреткер Дулат Исабековпен сұх­батын айтар едік. Мұнда көтерілген мә­селенің аса маңыздылығын та­ратып айтпай-ақ оны жіберіп алғандар болса, міндетті түрде оқуын өтінер едім. Оқып қана қоймай газет дер кезінде көтерген мәселеге үн қосса, нұр үстіне нұр!

Классиктің аты – классик! Ду­лат досым айтар ойын жалпылама баяндамай, өз көзімен көрген, өзі куә болған «оқиғалар» арқылы қорғасын құйылып, алшы түсер асықтай көкейге қона кететін ой, сезімдермен шебер, өрелі өріпті. Содан да жүректен шыққан жа­зушы сөзі қаламынан жыр болып төгіліп, оқушы жүрегіне нұр болып құйылып тұр.

Жазушы айтқан ол «оқиға» атақты ақындар Сырбай Мәу­ленов пен Тоқаш Бердияров арасындағы түсінбеушілік болатын. Өлеңі Сырбай Мәуленов бас редактор болып отырған «Жұлдыз» журна­лына тез жариялана қоймады деп ақын ағасына есіктен ентелей кіріп, айғайға басқан Тоқаш сөзге тоқтамайды. Соған ашуланған Сырағаң Тоқашқа: «Өлеңіңді оқымаймын да, журналға жария­ламаймын да» дейді. Тоқаш бұл­қан-талқан болып, есікті қатты жауып кетіп қалған. Сәлден соң ашуы басылған Сырағаң поэзия бөлімінің меңгерушісі Бекен Әбдіразақовты шақырып алып: «Иттің баласы жақсы поэма жазыпты. Менің көлігіме отырып баспаханаға ұш! Мынаны жылдам бетке салыңдар» депті.


Осындай бір «оқиға» менің де басымнан өтті. Атақты жазушы, менен жасы да, жолы да, дәрежесі де үлкен (сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы) Сейітжан Омаровтың «Балзия» атты повесін еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстан» газетінде (қазіргі «Егемен Қазақстан») қатты сынадым. Жастығым болар, жай сынап қана қоймай, ащы мыс­қылмен әжуаладым. Арада ай өтпей жатып менің «Қазақстан» баспасына тапсырған қолжаз­бамды баспа басшылары Сейітжан ағаға пікір жазуға беріпті. Сейітжан аға болса мені «талантты, болашағы зор» деп мақтапты. Егер ол кісі қолдамаса қолжазбаны баспа кері қайтарып беретін еді. Нәтижесінде, сол қолжазба 1966 жылы «Қа­зақстан» баспасынан «Қайырлы таң» деген атпен «Сейітжан ағаның «Қайырлы қадам, сәт сапар» деген алғы сөзімен жарық көрді. Бұл менің алғашқы кітабым еді.

Дулат Исабеков пен мен баян­даған осы екі «оқиға» нені көр­се­теді? Бұл сол кездегі адам­дар­дың ірілігін, ұлылығын айтып тұр. «Жақ­­сы адамның ашуы жібек ­ора­мал кепкенше, жаман адам­ның ашуы басы жерге жеткенше» дейді халық даналығы. «Ұлылар ғана ке­шіре алады» депті Махатма Ганди.

Оралып өтуге болмайтын тілші қойған тағы бір орынды сұрақ:

– Демек, бізге талантты қадір­леу, адамды құрметтеу сияқты мінездер жетіспейтін секілді. Өзгеріс неден басталады?

Бұған жазушы былай деп жауап беріпті:

– Ашу-ызаны, өкпені ақылға жеңу жетіспейді. Одан кейін ақша табудың жолына түсіп кеттік. Ал­дап табасың ба, арбайсың ба, өті­рік айтасың ба, ақша жейсің бе, әйтеуір байысаң болғаны. Мәсе­лен, танымал жазушы мен бір бай адам көліктен түсіп жатса, ел кімді қарсы алар еді? Немесе ақшасы көп банкирді алайық. Банкирдің алдынан адам көп шыға ма, жазу­шыны қарсы алатындар көбейе ме? Міне, мәселе осыдан баста­лады. Қазір адамдар сын көтере алмайды. Қалам ұстағандардың да басында бар.

Дұрыс жауап. Келіспеске дә­тіңіз жоқ.

Осыдан бірер жыл бұрын ел газеті «Егемен Қазақстанда» менің «Сағындым, сені алыптар», күні кеше «Алыптар жайлы үш үзік сыр» атты мақалаларым (19.08.2019 жыл) жарияланған еді. Ол ма­қалалардағы ойлардың Дулат до­сымның ойларымен үндес шығып, оқырмандардан жылы сөздер естіген қуанышымды «Егеменнің» ұжымымен бөлісе кетсем айып етпеңіздер.

Сөз түйіні «Айқын» өте ма­ңыз­ды мәселені дер кезінде көте­ріп отыр. Қолдайық! Жұртшылық пі­кірін туғызып, жағымсыз әдет­тер­ден арылып, ірілікке, ұлыққа ұм­ты­луға қасиетті, киелі сөздің қуа­тын тиімді пайдаланайық. Әлем­ді би­лейтін – Сөз, Сөзді билей­тін – Ақын. «Сөз қалаларды да қи­ратады, Сөз күнді де тоқтатады» демеп пе еді Гумилев. Қасиетті кітапта да «Әуелі Сөз болған» деп жазылған.

Кірлеп бара жатқан жан дү­ниеміз бен көңілімізді киелі Сөздің ақ жауыны жусын! Тірі болайық, ірі болайық! «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дейді ғой ғұламалар. Елдің бәрі ұсақ емес, арамызда ірілер де, ұлылар да бар: әттең-ай, әттең сол ал­мас­­ты асылдар алтындай аз.

Алла жар болып, алдымыздан ақ тусын!

Аман болайық!

Сәбит ДОСАНОВ, 
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты